Тынық мұхитынан адам аяғы баспаған аралдар табылды

Тынық мұхитынан адам аяғы баспаған аралдар табылды
Фото: UVL/Shutterstock/FOTODOM

Тынық мұхитының төрінде орналасқан Бикар мен Бокак атты екі маржан атолл әлемдегі адам аяғы баспаған табиғи экожүйелердің соңғы үлгілерінің бірі саналады.

Гавай университетінің теңіз экологы Алан Фридлендер бастаған халықаралық зерттеушілер тобы осындай қорытындыға келді. Ғалымдардың зерттеу нәтижелері Frontiers in Marine Science ғылыми журналында жарияланған.

Бикар мен Бокак атоллдары Тынық мұхитының батыс бөлігіндегі Маршалл аралдарына қарайды. Ең жақын қоныстанған атоллдан біріншісі 116 шақырым, екіншісі 385 шақырым қашықтықта орналасқан. Адамдардан алыс жатқан бұл мекендер табиғи қалпын бүгінге дейін жақсы сақтап қалған.

2023 жылы Pristine Seas бағдарламасының экспедициясы аталған атоллдардың экологиялық жағдайын жан-жақты зерттеді. Ғалымдар тек теңіз түбін ғана емес, құрлықтағы тіршілік пен әуе кеңістігінен бастап, мұхиттың терең қабаттарына дейінгі табиғи ортаны кешенді түрде бағалады.

Зерттеу нәтижелері бұл аймақтардың табиғи байлығы ерекше екенін көрсетті. Арада екі жыл өткен соң, Маршалл аралдарының билігі атоллдарды қоршап жатқан шамамен 48 мың шаршы шақырым теңіз аумағын елдегі қорғалатын алғашқы ұлттық теңіз аймағы деп жариялады.

Ғалымдар қандай жаңалық ашты?

Зерттеу барысында екі атоллдың аумағынан рифтерді мекендейтін балықтардың 266 тобы, орташа тереңдікте тіршілік ететін балықтардың 138 тобы, тереңсу түрлерінің 79 тобы және ашық мұхитта өмір сүретін жыртқыштардың 15 тобы анықталған. Соңғыларының қатарына акулалар, каранкстар мен ваху балықтары жатады.

Тіркелген топтардың 14-і Маршалл аралдарында бұған дейін кездеспеген. Ал екеуі ғылымға әзірге белгісіз жаңа түр болуы мүмкін деген болжам бар.

Бикар атоллында ғалымдар жасыл теңіз тасбақаларының 132 ұясын санаған. Ал Бокакта күрделі құрылымды, жақсы сақталған маржан рифтері мен балықтардың жалпы биомассасы көбірек екені анықталған.

Зерттеу жетекшісі Алан Фридлендер бұл екі атоллдың маңызы тек Маршалл аралдарымен шектелмейтінін атап өтті.

Бикар мен Бокак – Маршалл аралдарының ғана емес, бүкіл планетаның байлығы. Бұл – Утирук атоллы қауымдастығының сыйы. Олар ондаған жыл бойы осал экожүйелерді көздің қарашығындай сақтап келді, – деді ғалым.

Мұндай табиғи мекендерді сақтау не үшін маңызды?

Маршалл аралдары – Тынық мұхитының батысында орналасқан архипелаг. Бұл аймақ өткен ғасырдың ортасында АҚШ жүргізген ядролық қару сынақтарымен де белгілі. Содан бері өңірдегі жағалау экожүйелерінің едәуір бөлігі шамадан тыс балық аулау, пластик қалдықтарымен ластану және климаттың өзгеруі салдарынан зардап шеккен.

Зерттеу авторларының айтуынша, Бикар мен Бокак секілді табиғи қалпын сақтаған аумақтар мұхиттың басқа бөліктерінде қандай байлықтан айырылғанымызды түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай мекендер зақымданған экожүйелерді қалпына келтіру бағдарламалары үшін табиғи үлгі бола алады.

Мамандардың бағалауынша, Дүниежүзілік мұхиттың тропикалық бөлігінде адам әрекетінен айтарлықтай зардап шекпеген мұндай табиғи бұрыштар санаулы ғана қалған. Сондықтан Бикар мен Бокак атоллдарын қорғау – бір ғана елдің табиғи мұрасын сақтау емес, бүкіл адамзатқа ортақ теңіз байлығын келер ұрпаққа аман жеткізу жолындағы маңызды қадам.

Оқи отырыңыз