Үй алу үшін жеткілікті қаражат жинау көпшілікке оңай емес. Осындай жағдайда Отбасы банк жүйесіндегі депозитті біріктіру тәсілі тиімді шешімдердің біріне айналды. Бұл әдіс арқылы туыстардың жинағын қосып, ипотека алу мүмкіндігін арттыруға болады. Ендеше, депозитті біріктіру қалай жүзеге асатынын бірге қарастырып көрейік.
Депозитті қалай біріктіруге болады?
Отбасы банкінде депозитті басқа адамның атына беру немесе бірнеше депозитті біріктіру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл – үй алуға жетпейтін қаражатты толықтырудың заңды жолы. Егер сіздің жинағыңыз жеткіліксіз болса немесе бағалау көрсеткіші төмен болса, туыстарыңыз өз депозитін сіздің депозитіңізге қосып бере алады. Нәтижесінде бірнеше шағын жинақ бірігіп, ірі әрі тиімді депозитке айналады.
Бұл ипотекаға қалай әсер етеді?
Депозиттер біріктірілген кезде тек жинақ қана емес, оған қосылатын мемлекеттік сыйақы мен банктің есептелген сыйақысы да бірге қосылады. Соның нәтижесінде бағалау көрсеткіші жоғарылайды.
Бағалау көрсеткіші неғұрлым жоғары болса, соғұрлым сіз ала алатын ипотека сомасы да артады. Мысалы, есептелген сыйақысы 30 мың теңге болатын депозит шамамен 6 млн теңге несие алуға мүмкіндік берсе, оны 50 мың теңгелік депозитпен біріктіргенде жалпы көрсеткіш өсіп, 16 млн теңгеге дейін ипотека рәсімдеуге болады.
Депозитті кімдерге беруге болады?
Депозитті тек туыстар арасында ғана беруге рұқсат етіледі. Олардың қатарына жұбайы, ата-анасы, балалары, аға-әпкелері, ата-әжесі, немере туыстары, жиендері мен бөлелері кіреді.
Ең басты талап – туыстық байланысты ресми құжаттармен растау. Яғни туу туралы немесе неке туралы куәлік міндетті түрде қажет.
Біріктіруге қандай талаптар қойылады?
Депозитті қабылдайтын адамның Отбасы банкінде жеке депозиті болуы керек. Оның қашан ашылғаны немесе ішінде қанша қаражат бары маңызды емес.
Ал берілетін депозитте кемінде 50 АЕК болуы тиіс. 2026 жылғы есеп бойынша бұл – 216 250 теңге.
Бірден бірнеше адамның депозитін алуға бола ма?
Иә, бір адам бірден бірнеше туысының депозитін қабылдай алады. Сонымен қатар депозитті тізбектей беру мүмкіндігі де бар.
Мысалы, ата-анасы ұлына береді, ұлы – жұбайына, ал жұбайы басқа туысына бере алады. Бірақ әр кезеңде адамдар бір-біріне туыс болуы міндетті. Осылайша депозит туыстар тізбегі арқылы алыс адамға да жетуі мүмкін.
Зейнетақы қаражаты бар депозитті беруге бола ма?
Мұндай депозитті де беруге болады, бірақ шектеулер бар. Ол тек ең жақын туыстарға – жұбайына, ата-анасына, балаларына және туған бауырларына ғана беріледі.
Тағы бір маңызды шарт – бұл әрекетті тек бір рет қана жасауға болады. Яғни ары қарай тізбек арқылы басқа адамға өткізуге болмайды.
Кәмелетке толмаған баланың депозиті қалай беріледі?
Баланың атына ашылған депозитті беру кезінде қосымша талаптар қарастырылған. Егер бала 14 жасқа толмаса, кез келген операция үшін қамқоршылық органдарының рұқсаты қажет.
Ал 14 пен 16 жас аралығында болса, баланың жазбаша келісімі керек.
Сонымен қатар заң бойынша ата-ана баласының депозитін өз атына тікелей аудара алмайды. Бұл – баланың мүлкін қорғауға бағытталған норма.
Қамқоршылық және қорғаншылық органдарының рұқсатын қалай алады?
Рұқсатты онлайн түрде eGov.kz порталы арқылы алуға болады.
Ол үшін «Отбасы – Қамқорлық, қорғаншылық, қолдау – Кәмелетке толмағандардың мүлкіне иелік ету» қызметі арқылы өтінім беріледі. Анықтама әдетте үш жұмыс күні ішінде дайын болады.
Депозит беру мен «отбасылық пакеттің» айырмашылығы қандай?
Депозит беру мен «отбасылық пакетті» көп адам шатастырып жатады. Шын мәнінде, бұл екеуінің жұмыс істеу тәсілі де, мақсаты да бөлек.
Депозит беру кезінде бір адам өз жинағын толықтай басқа адамға береді. Яғни барлық қаражат, сыйақы және бағалау көрсеткіші жаңа иесіне өтеді.
Ал «отбасылық пакетте» әр адамның депозиті өзінде қалады. Тек ипотека алар кезде олар біріктіріліп, ортақ несие рәсімделеді.