Бір сәт айналаңызға қарап көріңіз. Үйдің қабырғасы – ақ, жиһаз – сұр, көлік – қара не ақ, киімнің басым бөлігі – қара, сұр, қоңыр. Бұрынғыдай қызыл диван, көк есік, жасыл көлік немесе түрлі түсті киім таңдау сирегендей. Бұл жай ғана біздің талғамымыздың өзгеруі ме, әлде әлем шынымен біртіндеп түссізденіп бара ма?
Әлемдік басылымдар соңғы жылдары дәл осы сұрақты зерттеп жүр. Олардың жазуынша, сұр, ақ, қара және сарғыш түстердің үстемдігі интерьерден ғана емес, автомобиль, сән, технология және архитектурадан да байқалады.
Кей сарапшылар мұны минимализм мен әлеуметтік желілердің ықпалымен байланыстырса, енді бірі белгісіздік көбейген заманда адамдардың тыныш әрі қауіпсіз визуалды ортаға ұмтылуынан дейді. Тіпті бұл құбылысқа «түстердің жоғалуы» деген атау беріліп жүр.
7 мыңнан астам заттың түсі зерттелді
Ұлыбританиядағы Science Museum Group коллекциясын зерттеушілер 1800 жылдан қазіргі кезеңге дейінгі күнделікті заттардың 7 мыңнан астам фотосын талдаған. Нәтижесінде шамамен 1900 жылдан бастап заттардың түстері біртіндеп сұрланып, түстердің әртүрлілігі азайғаны байқалған. Яғни бұл тек бүгін пайда болған құбылыс емес. Бірақ ХХ ғасырда жаппай өндіріс күшейген сайын заттардың сыртқы келбеті де біркелкі бола түскен.
Бір қызығы, өнімді көп мөлшерде шығару үшін оның дизайны да қарапайым, әмбебап және көпшілікке ұнайтындай болуы керек. Соның нәтижесінде ерекше түстер мен күрделі безендірудің орнына қай жерде де қолдануға болатын бейтарап реңктер таңдала бастады.
Автокөліктер де «қара-ақ-сұр» әлемге көшті
Көліктерге қарасақ, бұл өзгеріс анық көрінеді. 2025 жылғы Axalta компаниясының автомобиль түстерінің әлемдік танымалдығы туралы есебі бойынша әлемде шығарылған жаңа көліктердің 29 пайызы ақ, 23 пайызы қара, 22 пайызы сұр түсті болған. Үш түсті қосқанда, олардың үлесі 74 пайызға жетеді. Ал көк – ең танымал қанық түс болғанымен, оның үлесі небәрі 6 пайыз. Қызыл, жасыл және сары түстердің әрқайсысы 3 пайыздан ғана алған. Яғни әлемдегі жаңа көліктердің шамамен төрттен үші қара, ақ немесе сұр.
Бейтарап түстер автомобиль нарығында әлі де басымдыққа ие. Дегенмен тұтынушылар арасында көлік дизайнына тереңдік, қозғалыс және даралық беретін түстер мен әрлеу түрлеріне қызығушылық артып келеді, – дейді деді Axalta компаниясының Mobility Coatings технологиясы жөніндегі вице-президенті доктор Лей Цяо.
Еуропада сұр түс тіпті бірінші орында. 2025 жылғы дерек бойынша мұнда көліктердің 26 пайызы сұр, 25 пайызы ақ, 22 пайызы қара түсті болған. Ал Азияда керісінше сары, жасыл, қызғылт сары және күлгін сияқты қанығырақ түстерге қызығушылық біртіндеп өсіп келеді.
Үйлер де бір-біріне ұқсап барады
Түстердің азаюын үй интерьерінен де көруге болады. The Guardian соңғы онжылдықта сұр түстің үйлер мен кеңселердегі негізгі бейтарап түске айналғанын жазды. Басылым тіпті «greige» – сұр мен қоңыр түс арасындағы реңктің интерьерді жаулап алғанын атап өтеді.
Бұған дейін әр үйдің өзіндік түсі болатын: сары қабырға, көк есік, қызыл кірпіш, өрнекті тұсқағаз. Қазір жаңа пәтерлердің интерьерін қарасақ, ақ қабырға, сұр диван, ағаш түсті еден және ақшыл перде сияқты комбинация жиі кездеседі.
The Guardian сұхбат берген британдық өнер тарихшысы Джеймс Фокс «бейтарап түс» деген ұғымның өзі шартты екенін айтады.
Қоғам қандай түсті «бейтарап» деп қабылдаса, сол түс бейтарап болып көрінеді. Ал тарихқа қарасақ, кез келген түс белгілі бір мәдени және әлеуметтік таңдау болған, – дейді Джеймс Фокс.
Фокс қазіргі интерьердегі «сапалы талғам» түсінігінің минимализммен, ұстамдылықпен және көзге түспейтін реңктермен байланысып кеткенін айтады. Оның сөзінше, соңғы 15 жылда мәдениетте «түсті азайту» үрдісі байқалған: адамдар жылы сарғыш түстерден салқын сұр түстерге қарай ауысқан.
Бұл тек үйге қатысты емес. The Guardian Apple компаниясының түрлі түсті iMac компьютерлерінен кейін күміс, әйнек және «space gray» эстетикасына ауысқанын, ал сән әлемінде Ким Кардашьянның ашық түсті киімдерден бас тартып, монохромды стильге көшуі осы үрдістің танымал мысалдарының бірі болғанын жазады.
Киім түстері де бейтарап
Киім таңдағанда да қара, ақ, сұр, беж, қоңыр түстердің басым екенін байқауға болады. Бұл түстердің бір артықшылығы – оларды бір-бірімен оңай үйлестіруге болады.
2025 жылғы сән трендтеріне қатысты The Guardian мәліметінде ерлер киімінің көктем-жаз коллекцияларында бейтарап stone түстерінің үлесі бір жыл ішінде 155 пайызға өскені айтылады. Әйелдер сәнінде де бейтарап түстер қара және ақ түстерден кейінгі ең танымал түстер үйлесімдерінің бірі болған.
Әлеуметтік желілер бұл үрдісті одан әрі күшейтті. Instagram мен TikTok-та «clean girl», «vanilla girl», «quiet luxury» сияқты эстетикалар танымал болды. Олардың ортақ белгісі – таза, артық детальсыз кеңістік, қарапайым киім және ақ, крем, сарғыш сияқты түстер.
Неге бізге сұр мен ашық қоңыр түс ұнайды?
The Guardian-ның 2025 жылғы «sad beige aesthetic» туралы материалында тренд зерттеушісі және түстер бойынша маман Кит Реккер ашық қоңыр түсті қазіргі қоғамдағы саясат, соғыс және климаттық дағдарыс сияқты алаңдататын тақырыптардан шегінудің бір түрі деп түсіндіреді. Оның пікірінше, ашық қоңыр – «бейтарап аймақ»: ол адамды белгілі бір позиция ұстануға мәжбүрлемейді.
Ал Farrow & Ball компаниясының түстер бойынша кеңесшісі Джоа Студхолм ашық қоңырдың танымал болуын пандемиядан кейінгі өмірмен байланыстырады.
Адамдар үйде бұрынғыдан көбірек уақыт өткізген соң, интерьерден жай ғана әдемілікті емес, жылылық пен жайлылықты іздей бастаған. Сұр түске қарағанда ашық қоңыр жұмсағырақ әрі жылырақ әсер береді, – дейді Джоа Студхолм.
Неге үйлер бір-бірінен аумай барады?
Қазір жаңа үйлердің сыртқы дизайны да, ішкі интерьері де бір-біріне ұқсай бастағанын байқауға болады. Мұның басты себептерінің бірі – минимализмнің кең таралуы. Қазіргі адам үйін артық заттардан тазалап, көзге тыныш, жинақы кеңістік жасағысы келеді. Сондықтан ақ, сұр, қара, құм түс сияқты бейтарап реңктер жиі таңдалады.
Интерьер дизайнерлерінің пікірінше, мұндай түстердің тағы бір артықшылығы – оларды үйлестіру оңай. Бейтарап қабырғаға кез келген жиһазды қоюға болады, ал сұр немесе құм түсті диван тез ескірмейтін әмбебап таңдау саналады. Сондықтан адамдар батыл түстерден гөрі бірнеше жылдан кейін де сәннен қалмайтын шешімдерді таңдауға бейім.
Ал әлеуметтік желілер бұл үрдісті күшейтіп отыр. Адамдар Instagram немесе TikTok-тан әдемі интерьер көріп, соған ұқсас үй жасағысы келеді. Нәтижесінде бір кезде ерекше болып көрінген ақ қабырға, ағаш еден, сұр диван, құм түсті перде сияқты үйлесім миллиондаған үйде қайталанған.