Жаңалықтар

«Тұрмыстағы жанжал әйелдің тілі ұзындығынан болады»: депутаттар пікір білдірді

«Тұрмыстағы жанжал әйелдің тілі ұзындығынан болады»: депутаттар пікір білдірді
Фото: Коллаж El.kz 14.02.2024 13:43 360

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың отбасындағы жанжал әйелдердің «тілі ұзындығынан» болады деген мәлімдемесіне қатысты оның әріптестері пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс кулуарында Анас Баққожаевтың атышулы мәлімдемесіне қатысты Ринат Зайытов, Нұрлан Әуесбай, Болатбек Нәжметдинұлы және Аманжол Әлтай ойын бөлісті.

Адам әртүрлі болғаннан кейін ұрыс, жанжал да әртүрлі болатын шығар. Кейде ер азамат кінәлі, кейді әйел адам кінәлі болады. Достаевскийдің немесе Чеховтың «Біреудің отбасы – қалың нулы орман» деген сөзі бар. Сол сияқты ғой. Отбасы әртүрлі. Бір мысалға қарап, отбасы туралы қалай шешім шығарасыз. Депутат «әйелдер кінәлі болуы мүмкін» десе, кебіреулер жаппай әйелдерін сабай кетеді деген сөз бе? - деді Ринат Зайытов.

Депутат Нұрлан Әуесбай барлығы ана тіліне байланысты екенін жеткізді.

Тіл – отбасынан басталады. Негізі баланы тәрбиелеген әйел болса, ол ананың сүтімен келеді. Ана тілі деп сол үшін айтылған. Ал басқа депутаттардың өз пікірі өзінде, мен оған еш нәрсе айта алмаймын, - деді Нұрлан Әуесбай.

Ал Болатбек Нәжметдинұлының пікірінше, отбасында ерлі-зайыпты тіл табыса алмаса, бірге тұрмауы керек.

Ұрыс-керістің әртүрлі себебі бар. Онда ер адам, әйел адам деп бөлуге болмайды. Жанжалдың барлығы екі жақтан болады. Сондықтан жанжал біреуіне ғана қатысты болмайды. Ер адам кінәлі болса, әйел адам кешірімді болуы керек. Әйел адам кінәлі болса, ер азамат оған дұрыс көзқараспен қарауы керек. Ортақ тіл таппаса, онда бірге болмаулары керек. Бірақ тату-тәтті тұруға тырысу керек, - деді Болатбек Нәжметдинұлы.

Аманжол Әлтай отбасындағы жанжал тіпті баланың әсерінен де болуы мүмкін екенін жеткізді.

Бұған бір жақты қарауға болмайды. Отбасылық институт – қазақ қоғамында ежелден жүйелі түрде қалыптасқан ауқымды институт. Қазақ қоғамында отбасы институтындағы әке мен ананың орны, ата мен әженің орны және баланың орны дәстүрлі отбасылық тәрбие жүйесінде қалыптасқан. Сондықтан оны тек әйелдің, ер адамның кесірінен деп бөлуге болмайды. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Ол отбасындағы жанжалдың, түрлі қысымның себепшісі әкесі де, анасы да болуы мүмкін. Тіпті баласы да болуы мүмкін. Сондықтан оған әділетті көзқараспен қарау керек, - деді Аманжол Әлтай.

Бұған дейін Анас Баққожаев желіде тараған пікірі үшін кешірім сұрамайтынын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға