Жаңалықтар

Тұрмыс жағдайдың төмендігі халықтың құқықтарының бұзылуына алып келеді - Сабыржан Сейтжанов

Тұрмыс жағдайдың төмендігі халықтың құқықтарының бұзылуына алып келеді - Сабыржан Сейтжанов
Фото: Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың баспасөз қызметі 27.02.2024 18:30 411

Тәуелсіз әрі зайырлы мемлекеттің ең басты капиталы ол – адам. Ал, адам өмірінің мәнді де сәнді, мағыналы да, маңызды болуы оның құқықтарының сақталуымен өлшенеді. Осы орайда, әлемге бейбітшілік брендімен танылып отырған қазақ еліндегі адамдар құқығы сақталып жүр ме? Жер жаһанға тараған дерт азаптау фактілерінің тіркелу деректерінің деңгейі қандай? El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Ұлттық алдын алу тетігі бөлімінің меңгерушісі Сабыржан Сейтжановпен әңгімелесіп қайтты.

 

- Сабыржан Жарылқағанұлы жалпыға түсінікті болу үшін ҰААТ туралы айтып кетсеңіз. Оның қанша қатысушысы бар? Қанша топтан тұрады? Белгілі-белгілі деген қоғам өкілдері бар ма? ҰААТ мандатына қанша мекеме қосылған?

- Ұлттық алдын алу тетігі дегеніміз азаптаулар мен қатыгездікпен қарау түрлерін алдын алу жүйесі түрінде әрекет етеді және оның қатысушыларының қызметі арқылы жұмыс істейді.  Өз қызметі шеңберінде ҰААТ қатысушылары арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін немесе жазаны орындауға арналған алдын ала баруға жататын ұйымдар мен мекемелерге кедергісіз барады. Бүгінгі таңда ҰААТ қатысушылары саны 147 адамнан тұрады. Әр өңірде жеке топтар құрылып, өз қызметін атқарып келеді. Әр топтың өз басшысы бар. Ал, оның қатысушыларының сапалық құрамына келетін болсақ, бұл - азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі қызметті іске асыратын қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер. ҰААТ қатысушыларының қатарында Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюроның мүшелері, «Қадір-қасиет» ҚБ-нің директоры А. Ибраева, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Ж. Ұзақбаева, дәрігер-психиатр С. Молчанов, т.б. бар. Жалпы алғанда алдын ала баруға жататын ұйымдар мен мекемелер саны 3 мыңнан астам.

 

- Ішкі істер және Қылмыстық-атқару саласы бойынша азаптауға қатысты ахуалға қандай баға бере аласыз? Соңғы бес жылдағы өрбу тенденциясы (цифралар келтірсеңіз) қандай?

- Ішкі істер, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесі саласында азаптау және қатыгездікпен қарауды алдын алу бағытында жүргізілген оң нәтиже ретінде ҚАЖ тергеу изоляторлары және мекемелеріндегі медициналық қызмет көрсетудің азаматтық секторға өтуін айтуға болады. Бұл өзгеріс медициналық қызметкерлердің мекеме әкімшілігінен тәуелсіз болуына, медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға ықпал етуде.  Бүгінде ҚАЖ тергеу изоляторлары және мекемелеріне түскен адамдар дене жарақаттарының бар-жоғына тексеріліп, жарақаттар анықталған жағдайда, тиісті органдарға хабарланады. Аталған мекемелердің барлығында жаппай бейнебақылауды орнату жұмыстары да жүргізіліп келеді. Бұл бейнебақылауға облыстық прокурорлар онлайн режимде қашықтан мониторинг жасап отырады.  Өз кезегінде, уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, ішкі істер және қылмыстық-атқару саласында атқарылатын жұмыстар әлі де бар.  ҚАЖ тергеу изоляторлары және мекемелеріне құзыретті орган тарапынан жыл сайын ақшалай қаражат бөлініп, косметикалық жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне қарамастан, мекемелердің көпшілігі апаттық жағдайда тұр. Бұл мәселені жаңадан ғимараттар салу жолымен ғана шешу орынды деп санаймыз.

 

- Cоңғы 5 жылда мандаттарыңызға қарасты мекемелерде кісі өлімі болды ма? Егер болған болса, олар азаптау дерегімен байланысты ма?

- Жалпы алғанда алдын ала баруға жататын ұйымдар мен мекемелерде өлім деректері бар. Бірақ, олар азаптау фактілерімен байланысты емес.

 

- Өлім деректері бар деп атап өттіңіз. Ендеше, соңғы 5 жыл көлемінде ҰААТ-тың араласуымен қанша нақты іс сотқа жетті? Нәтиже бар ма?

- 2023 жылы білім беру саласындағы 4 интернаттық ұйымдарда тамақтануды ұйымдастыруда санитариялық-эпидемиологиялық бұзушылықтар анықталды. Соған байланысты, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке және  230 АЕК айыппұл салу түрінде жауапкершілікке тартылды.  Оған қоса, өткен жылы психикалық денсаулық орталығы мен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында  өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу және орындамау секілді факторлар белгілі болды. Сәйкесінше, олар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы орайда  айта кету керек адам құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мәселесімен ҰААТ қатысушыларымен қатар Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері де айналысады. Мысалы, 2023 жылғы ақпанда полиция қызметкерлері тарапынан азаптауларды қолдану фактісі бойынша арыз иесі Д-ның арызы Астана қаласының прокуратурасына жіберілді. Соның нәтижесінде қылмыстық кодекстің 146-бабының 2-бөлігі бойынша 4 қызметкер 4 жылға дейінгі мерзімге сотталды.

 

- Депутат Абзал Құспан еліміз Тәуелсіздік алғалы жаңадан бір де бір изолятор мен түзеу мекемесі салынбағанын, ал бар мекемелердің өте ескі екенін айтып, мәселе көтерді. Депутаттың осы сөзіне алып қосарыңыз бар ма?

- Иә, депутат Абзал Құспанмен толықтай келісемін. Өйткені, елімізде қазір ҚАЖ тергеу изоляторлары мен мекемелердің ғимараттары өте ескі. Мысалы, ШҚО-дағы тергеу изоляторы. Оның ғимараттары 1720, 1967, 1982 жылдары салынған.  Одан бөлек, елімізде білім беру, денсаулық және халықты әлеуметтік сақтау саласындағы кей мекемелерде де жаңа ғимараттарды салу, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Ересек адамдардың, оның ішінде балалардың ескі, заман талаптарына сәйкес емес үй-жайларда тұруы олардың құқықтарының бұзылуына алып келіп жатыр.  Мысалы, Түркістан облысының Білім басқармасына қарасты мектеп-интернаттарда әлі күнге дейін «дала әжетханалары» жұмыс істеп жатыр.

 

- Біз жазасын өтеушілер немесе тергелушілердің өз араларында бірін бірі азаптау, қорлау деректері туралы естіп тұрамыз. Осы орайда егер сондай факи анықталған жағдайда оған қатысты қандай шаралар қолданылады? Толығырақ, айтып өтсеңіз.

- Әзірге, ҰААТ тарапынан сіз айтып отқандай факт анықталмады. Алайда, бұл факті орын алған жағдайда, мекеме басшылығы мен прокуратура тарапынан тексеріледі.  Сотттағандар тарапынан қоғамға қауіпті іс-әрекеттер, немесе айналасындағыларға зиzн келтіру сияқты әрекеттер жасалған жағдайда қылмыстық-атқару кодексінің 102-бабына сәйкес дене күші, арнаулы құралдар және қару қолданылады. Сондай-ақ бұл факт прокурорға хабарланады.

 

- Статистикаға сүйенсек, азаптау дерегі ең көп тіркелген жыл – 2022 жыл. Сол жылы 263 факт тіркелген. Менің ойымша, бұның қаңтар оқиғасына байланысы бар. Енді ол оқиғалардың тергелу, сотқа жету мәселесі қалай жүргізілді? Кінәлар дәлелденді ме? Лайықты жазасын алды ма?

- Иә, сөзіңіздің жаны бар. Жалпы, қаңтар оқиғасы кезінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ҰААТ қатысушыларымен бірге өңірлердегі тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау ұйымдарында алдын ала баруларды жүргізді.  Алдын ала бару жұмыстары барысында әрбір ұсталған адаммен жеке әңгімелесу, түсіндірме әрекеттері өткізілді. Олардың құқықтарының сақталуы, медициналық көмек, адвокат ұсыну секілді мәселелер сол жерде шешілді. Нәтижесінде алынған шағымдардың барлығы тергеу-тексеру амалдарын жүргізу үшін прокуратураға жолданды.  Мысалы, Қызылорда тергеу изоляторында екі әйел ұсталған. Олардың біреуі (Б.З.) асырауында 7 баласы бар, екеуі ерекше күтімді қажет ететін. Ол кезде кенжесі 7 айлық және емшек сүтімен қоректенетін, ал балалардың әкесі мүмкіндігі шектеулі және өз көмекке мұқтаж болған.  Екінші қамаққа алынған әйел (Н.Ж.) 5 баланы тәрбиелеп отырған және осы уақыт ішінде олар анасынан бөлініп, оның қолдауынан айырылған. Уәкілдің Бас прокурорға жүгінуі нәтижесінде әйелдер дереу қамаудан босатылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға