Түрмеге қамалып, мұзды бұғаздан өткен: әлемді 28 жыл жаяу кезген саяхатшы үйіне оралды

Түрмеге қамалып, мұзды бұғаздан өткен: әлемді 28 жыл жаяу кезген саяхатшы үйіне оралды
Фото: Reuters

Британдық саяхатшы Карл Бушби 28 жылға созылған ерекше сапарын аяқтап, туған қаласына оралды. Осы уақыт ішінде ол 29 елді басып өтіп, шамамен 50 мың шақырым жол жүрген. Саяхатшыны туған жерінде жүздеген адам қарсы алды. Бұл туралы Reuters басылымы мәлімдеді.

28 жыл бұрын басталған сапар

57 жастағы Карл Бушби 2 қарашада Ұлыбританияның Халл қаласына жетіп, 1998 жылы бастаған саяхатына нүкте қойды.

Ол кезде 28 жаста болған Карл британ армиясының әуе-десант бөліміндегі қызметінен кеткен еді. Жеке өміріндегі қиындықтардан кейін әлемді жаяу аралауға бел буып, картаға болашақ бағытын сызып шыққан.

Саяхатшы сапарын Чилидің Пунта-Аренас қаласынан бастаған. Жолға шыққанда қолында бірнеше жүз доллар, шатыр және камера ғана болған.

Ол саяхаты аяқталғанша үйіне оралмауды және жол бойы көлік пайдаланбауды өзіне басты шарт етіп қойған.

Бастапқыда Карл бұл сапарға он жыл жеткілікті деп ойлаған. Алайда табиғи кедергілер, шекарадан өту мәселелері мен әлемдегі түрлі оқиғалар оның жоспарын бірнеше рет өзгертуге мәжбүр етті.

Қазақстан арқылы да өткен

Карл Бушбидің бағыты Оңтүстік Америкадан басталып, Солтүстік Америка, Азия және Еуропа құрлықтарын қамтыған.

Ол Чилиден солтүстікке қарай бет алып, Оңтүстік Американың ну ормандарын, Панама мен Колумбия арасындағы қауіпті Дарьен аймағын кесіп өткен. Кейін АҚШ пен Канада арқылы Аляскаға жеткен.

Саяхатындағы ең күрделі кезеңдердің бірі – Аляска мен Ресей арасындағы мұз қатқан Беринг бұғазынан өтуі. Осыдан кейін ол Чукотка мен Сібірді басып өтіп, Азияның басқа елдеріне бағыт алған.

Саяхатшы Қытайдан кейін Қазақстан мен Түрікменстан арқылы жүріп, Каспий теңізінен өтіп Әзербайжанға жеткен. Одан әрі Кавказ, Түркия, Балқан түбегі және Еуропа елдері арқылы Ұлыбританияға жақындаған.

2026 жылдың қазан айында Ла-Манш бұғазын жүзіп өтіп, туған елінің жағалауына жеткен. Осылайша 28 жыл бұрын басталған сапарының соңғы бөлігін жаяу еңсерген.

Түрмеге қамалып, қарулы адамдардың қорқытуына тап болған

Ұзақ сапар барысында саяхатшы талай қиындықты бастан өткерген. Панамада ол қысқа уақытқа қамауға алынса, Мексикада қарулы адамдардың қорқытуына тап болған. Ал Ресейде мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін ұсталған.

Бұған қоса, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы мен 2020 жылы басталған коронавирус пандемиясы да оның сапарын едәуір баяулатқан.

Сондықтан 28 жылдың шамамен 15 жылын ғана тікелей жолда өткізген. Қалған уақытында құжат рәсімдеу, қаржы табу және сапарды жалғастыруға қажетті ұйымдастыру мәселелерімен айналысқан.

Соған қарамастан, Карл өз мақсатынан бас тартпаған. Ол жалпы ұзындығы 31 мың мильден асатын, яғни шамамен 50 мың шақырым жолды еңсерген. Бұл Жер шарының экватор бойындағы ұзындығынан да көп.

28 жылдан кейін анасымен қауышты

2 қарашада Карл Бушбиді Халл қаласындағы Виктория алаңында жүздеген адам қарсы алды.

Саяхатшы қала көшелерімен қажетті заттары тиелген арбасын итеріп жүріп өткен. Beast 2 деп аталатын арбада дәрі-дәрмек, ұйықтайтын қаптар, шамдар және ұзақ жолда әбден тозған екі дөңгелек болған. Ал ең әсерлі сәт оның балалық шағы өткен үйіне келгенде болды.

Үйдің алдында Карлды 75 жастағы анасы Анджела күтіп тұрған. Араға 28 жыл салып қауышқан анасы мен баласының әңгімесі көпшілікті толқытты. «Сен біраз өзгеріпсің», – деді Карл анасына. «Мен қартайдым», – деп жауап берді анасы көзіне жас алып. «Екеуміз де өзгердік», – деді саяхатшы.

Осы күні Карл 36 жастағы ұлымен және бұрын-соңды көрмеген 12 жастағы немересімен де кездесті.

Үйге жету үшін бүкіл әлемді айналып шығуыма тура келді, – деді ол. 

Сапарын аяқтаған Карл Бушби осы жылдар ішінде өзіне көмектескен адамдарға алғыс білдірді.

Үйге оралу үшін бүкіл әлемді айналып шығуыма тура келді. Жолда кездескен бейтаныс адамдардың жақсылығы мені осы күнге жеткізді. Мен мұның бәрін жалғыз жасаған жоқпын. Маған көмектескен үлкен команда болды. Ол – бүкіл әлем, – деді саяхатшы.

Оның айтуынша, осы мақсатқа жету жолында түрлі мемлекеттік шектеулерді еңсеріп, екі әлемдік рекорд орнатуға тура келген.

Карл Бушбидің ерекше сапары енді деректі фильмге арқау болмақ. Танымал неміс режиссері Вернер Херцог әлемді жаяу аралап шыққан саяхатшы туралы фильм түсіруді жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз