Тұрмағамбет Ізтілеуұлы және «Шаһнама» дастанының рухани мұрасы

Тұрмағамбет Ізтілеуұлы және «Шаһнама» дастанының рухани мұрасы
Фото: e-history.kz

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ әдебиеті өз тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше дамуды бастан кешірді. Сыр өңірінде қазақ өнерінің даңқын асқақтатып, әлем әдебиетінің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан киелі мекеннің перзенті — Тұрмағамбет Ізтілеуұлы.

Туған мекенінде жыр күмбезінің көтерілуі тарлан талант Тұрмағамбет бабамыздың кемеңгерлігінің айғағы дер едім. Тұрмағамбет Ізтілеуұлы 1882 жылы Түркістан өлкесіне қарасты Сырдария облысының Қазалы уезі, Қуаңдария болысының 2-ауылында, «Ақтайлақ кезең» атанған елді мекенде (қазіргі Тұрмағамбет ауылында) дүниеге келген. Жастайынан зерек болып өскен ол ауылда Қожабай, Алдашбай, Ораз, Қалжан ахундардан білім алады.

Аса алғыр баланың ерекше талантын таныған ұстаздары оны сол кездегі Таяу және Орта Шығыс, Орта Азия елдері жоғары бағалаған, XVI ғасырдан бері білім ордасы ретінде танылған Бұхарадағы әйгілі Мир-Араб медресесіне оқуға аттандырады. Он төрт жасында осы медреседе білім алған Тұрмағамбет 1899–1905 жылдары Бұхарадағы әйгілі Көкелташ медресесінде оқып, онда үш жыл бойы «Ұсылы қадым» ілімін меңгереді. Тәжік ғылым академиясының академигі Садриддин Сайдмұрадұлы Айнимен бірге оқып, шатырхат (диплом) алады.

1905 жылы елге оралып, мешіттерде мұғалімдік қызмет атқарады. 1925 жылы туған жері — қазіргі Тұрмағамбет ауылында мектеп ашып, ауыл балаларының сауатын ашуға атсалысады.

Көкелташ медресесінде оқып жүрген кезінде оның бай кітапханасымен танысып, Шығыстың ежелгі бай мұраларын зерттейді. Арабтардың классикалық дүниесіне жататын «Мың бір түнді», үнді халқының «Тотынамасын», парсы әдебиетінің әйгілі туындысы «Шаһнаманы» оқып, рухани дүниесін байытады.

1936 жылы Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті президиумының қаулысы бойынша Халық ағарту комиссары, қазақтың біртуар перзенті Темірбек Жүргенов Тұрмағамбет Ізтілеуұлын ауылдан Алматыға шақырып, «Шаһнама» дастанын аудару жөнінде тапсырма береді. Шығыстың шоқ жұлдызы Әбілқасым Фердоусидің отыз жыл бойы жазған шығармасын тәржімалауға ақын келісімін береді.

«Шаһнама» парсы тілінен аударғанда «Патшалар кітабы» деген мағынаны білдіреді. Бұл — парсы ақыны Фердоуси 977–1010 жылдар аралығында жазған эпикалық поэма. Ол — парсы әдебиетінің асыл мұрасы, Иран халықтарының ұлттық эпосы.

1934 жылы дүниежүзінде Фердоусидің туғанына 1000 жыл толуы атап өтілді. Осы тұста «Шаһнама» дастанын тәржімалауға қалам тартқандар көп болды.

«Шаһнама» — 120 мың жолдан тұратын алып эпопея. Көлемі жағынан «Илиада» мен «Одиссея» поэмаларынан он есе үлкен. Ол мифтік және тарихи аңыздардың, шежірелердің, лирикалық толғаулардың аса үлкен жинағы саналады.

«Шаһнама» үш тараудан тұрады. Бірінші, мифтік тарауда Иранның алғашқы он патшасы туралы баяндалады. Екінші тарауда батырлардың ерлігі суреттеледі. Әсіресе Рүстем батыр туралы дастандар мол. Үшінші тарауда Сасанидтер әулеті шахтарының тарихы баяндалады.

«Шаһнама» — өз заманының әлеуметтік өзгерістерін, шетел басқыншыларына қарсы күресті, мемлекеттік тәуелсіздікті бейнелейтін, жас ұрпақты халық қамы үшін күреске шақыратын шығарма. Бұл туындыны бүкіл әлемге, күллі халыққа үлгі болар рухани күш деуге болады. Онда ерлік, елдік, адамгершілік пен адалдық дәріптеледі.

Данышпан Фердоусидің:

«Дән көтерген құмырсқаға тимеңдерші,
Алысқаны өмір ғой, өмір сондай абзал ғой», — деген өлең жолдары да тегін айтылмаған. Осындай рухани азық болар шығармаға күллі халық бас иді деуге болады.

Ақынның өзі жырлағандай:

«Ұмытылмас бәрі көміліп шаңға сорлайтын,
Тек екі-ақ нәрсе өлмейтін, еш солмайтын.
Батырдың ісі, хәкімнің сөзі мәңгілік,
Ғасырдан ғасырға жасайды бірге жаңғырып».

Бұл — мәңгі өлмейтін асыл қазына туралы терең ой.

1936 жылы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармашылық шабыты шалқып, Фердоусидің отыз жыл жазған еңбегін он айда он бір буынды өлең өлшемімен аударып шығады. Осы еңбегі үшін ақынға өмірлік зейнетақы тағайындалады.

Ақын өз еңбегі туралы былай деп жырлаған:

«О баста оқыған соң парсы, араб,
Жазушы ем хикая жыр оған қарап.
Ұнатып ойларымды оқығандар
Ішкендей есіруші еді шарап.

Осындай өнерімді естіген соң,
Жүргенов шақырып ап шашын тарап,
Бұйырды «Шаһнаманы» сөз қылуға,
Ойласып Мерзоянмен ойға сарап.

Фердоуси оны отыз жыл жазған екен,
Алтыннан алмақ болып неше қадақ.
Өлеңмен он бір буын он ай жазып,
Бітірдім, мінекей деп бердім санап».

Бұл — кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық үлкен шығармашылық ерлік.

Тұрмағамбет атамыздың «Шаһнаманы» аударғандағы алғашқы машинкаға терілген нұсқасы «Дарапнама» және «Жәмшитнама» деген екі үлкен кітап болып басылып шығады. Олар Қармақшы ауданындағы №29 мектеп жанынан ашылған «Сыр елі – жыр елі» мұражайында сақтаулы тұр.

«Шаһнама» дастанының 40 мың жолдық аудармасы «Рүстем-Дастан» деген атпен 1961 жылы кітап болып басылып шықты.

Адамзат дәуірінің басталуын ақын былайша суреттейді:

«Болған соң жаратылып жер менен көк,
Тау мен тас, теңіз, бұлақ, ағаш пен шөп.
Дүниеге қоныстауға қол ұстасып,
Келді Адам Хауаменен ұзамай көп.

Бұлардан туды екі мың төрт жүз бала,
Ұрпақтап күннен-күнге одан жаңа.
Ойынша өздерінің тас пен құмнан,
Кең қышлақ әр орыннан салды қала».

Қазақ ауыз әдебиетін зерттеуші, этнограф, фольклортанушы Мардан Байділдаевтің пікірінше, Әбілқасым Фердоусидің «Шаһнама» шығармасы тек Шығыс халықтарының ғана емес, бүкіл әлем әдебиетінің тамаша мұрасы. Жырда исламға дейінгі дәуірлердің наным-сенімдері мен аңыздары басым болғандықтан, ол халық ауыз әдебиетінің мұрасына айналып, ел жадында сақталған. («Социалистік Қазақстан», 18.06.1959).

Осындай теңдесі жоқ туындыны және өзінің басқа да жазба жырларын кейінгі ұрпаққа жеткізу Тұрмағамбет үшін оңай болған жоқ. Ол сол заманның қиындығын көріп, қайта-қайта қуғын-сүргінге ұшырады, жазықсыз жазаланды. Ақынның мұңлы жырларынан өмірінің соңғы сәттерін де сезінуге болады.

Ол бір өлеңінде:

«Қырқысып қырық қалған соң келсе елу,
Елеуреп ұнамайды ойды бөлу.
Бөпелеп баққаныңмен өзіңді-өзің,
Қалпына қиын сауда қайтып келу.

Ойланып, ой көзіңмен қарағанда,
Елудің алтауында тұр-ау өлу.
Көзден нұр, кеудеден күш кеміген соң,
Қайткенмен келмес қолдан жортып желу», — деп жырлаған.

Шынында да, ақын 56 жастан 57 жасқа қараған шағында бұл дүниемен қош айтысты. Ең өкініштісі — өзі аударған «Шаһнама» дастанының «Рүстем-Дастан» атты жаңа нұсқасының кітап болып жарық көргенін көзі тірісінде көре алмады.

Ақынның 35 дәптерден тұратын еңбектерін жұбайы Биға әжеміздің НКВД жендеттерінен аман алып қалуы үлкен ерлік еді. Ол қолжазбаларды күн сайын әртүрлі жерге — бірде керегенің түбіне, бірде үш аяқты ошақтың астына жасырып сақтаған.

Бүгінде осы «Шаһнама» дастанының қазақша тәржімаланғанына 90 жыл толып отыр. Елді рухтандыратын бұл шығарманы оқығанда, оның мағынасының кеңдігіне, көркемдігіне, терең дүниетанымына тәнті боласың. Даңқты шайырлар Әбілқасым Фердоуси мен Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шалқар шабытында үндестік байқалады.

Фердоуси: «Біздің өміріміз қас-қағым сәт қана. Бірақ әлемде жақсының аты қалады. Халық тек ізгілікті істердің ғана даңқын асқақтатады», — деген ой қалдырған. Ал Тұрмағамбет Ізтілеуұлы:

«Дүниеден өмірім бітіп өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім», — деп келешек ұрпаққа аманат қалдырған.

«Шаһнама» — Иранның шежіресі, ирандықтардың бірнеше ғасырлық тарихы мен өмір дастаны. Мұнда адамның жаратылуынан бастап, адамзат өркениетінің пайда болуы мен дамуы, зұлымдыққа қарсы күрес, мемлекеттің құрылуы және соңғы билеуші әулеттің жойылуына дейінгі оқиғалар қамтылған.

Осындай алып туындыны бір адамның жазып шыққанын ойлағанда, Фердоусидің ұлылығы мен талантына ерекше тәнті боласың. Ал «Шаһнамадай» алып шығарманы тәржімалап, қазақ халқына жеткізген Тұрмағамбет атамыздың даналығына бас имеу мүмкін емес.

Фердоуси «Шаһнама» шығармасында Иранды әлемге таныта отырып, Тұран туралы да құнды деректер келтіреді. Дастан желісі бойынша билеуші өз иелігін үшке бөліп, үш ұлына үлестіреді. Кіші ұлы Ирәжға Иранды, үлкен ұлы Тұрға Қытай мен Тұранды, ал ортаншы ұлына Румды береді.

Екі ағасы Иран жерін Ирәждан қызғанып, оны өлтіреді. Ирәждің өлімінен кейін Иран мен Тұран арасында бірнеше ғасырға созылған шайқас басталады. Осы оқиғалар желісінде Рүстем батырдың бейнесі ерекше көрінеді.

Жырдағы Тұран патшасы Афрасиаб — түркі халықтарының тарихи жадындағы алып Ер Тоңғамен байланыстырыла қарастырылатын тұлға. Ол ирандықтармен соғысқан түркілердің ұлы қолбасшысы ретінде суреттеледі.

VII ғасырда пайда болған Ер Тоңға туралы жырдың негізгі идеясы — Тұран елін сыртқы жаудан қорғау, түркі жұртын ішкі ынтымақ пен бірлікке үндеу, туған жердің даңқын асыру. Ерлікке, елдікке және адами ізгілікке шақыратын мұндай жыр-дастандардың өзегі ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтармен сабақтасады.

Иранда Әбілқасым Фердоусидің «Шаһнама» дастанын балалардан бастап ақсақалды қарттарға дейін түрлі аспаптардың сүйемелдеуімен жырлайтын дәстүр бар. Сондай-ақ Иранда ұзатылған қыздың жасауына «Шаһнама» кітабын қосып беру дәстүрі қалыптасқан деген дерек айтылады. Мұның астарында қыз баланың өз елінің тарихын қастерлеп, рухани мұрасын келер ұрпақтың бойына сіңіруі деген мән жатқандай.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Шаһнама» мұрасына қатысты: «Шаһнама – Фердоуси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты», – деп баға берген еді.

Дауылпаз ақын Тұманбай Молдағалиев те Тұрмағамбет шығармашылығына жоғары баға беріп:

«Күй жанып, көкірегінен күйік қашып,
Елінің ерке ұлдарын сүйіп тасып.
Рүстем-Дастанымен Тұрмағамбет
Барады Фердоусимен иықтасып», – деп жырлаған.

Жұлдыздай жарқыраған қос алыптың даналығы мен даралығы өсер ұрпаққа өнеге болып қала бермек. Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармашылық мұрасы — қазақ әдебиетінің ғана емес, жалпы адамзаттың рухани қазынасына қосылған құнды үлес. Оның «Шаһнаманы» қазақша сөйлетуі халықтар мәдениетін жақындастырып, ұлттық әдебиеттің көкжиегін кеңейткен тарихи еңбек ретінде бағалануға лайық.

Зарипа Тасымова, ардагер ұстаз

Оқи отырыңыз