Жаңалықтар

Түркияда тұратын қандастарымыз Наурыз тойлады

Түркияда тұратын қандастарымыз Наурыз тойлады
Фото: Видеодан кадр 25.03.2024 03:04 360

Ұлыстың ұлы күні Түркиядада да тойланды. Анадолы жерінде тұратын қандастарымыз бен жергілікті халық Наурызды кең көлемде атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 24KZ-ке сілтеме жасап.

Түріктер көп жылдар бойы "Наурызды" Иран мен ирантілдес елдердің төл мерекесі деп санап келді. Оның үстіне Түркиядағы күрдтер бұл мейрамды - ұлттық мұрасы деп дәріптеп, осы күнде шеру өткізетін. Сондықтан, халықтың бұл мейрамға көзқарасы басқа болды. Бірақ ТҮРКСОЙ, Түркі мемлекеттері ұйымы сияұқты интеграциялық құрылымдар бұл ұстанымның өзгеруіне ықпал еткен. 

Ататүрік кезеңінде наурыз мейрамының Улус алаңында атап өтілгенін білеміз. Бертін келе наурызды тойлау тоқтатылды. Білуімше сіздерде кеңес уақытында осылай тоқтатылған. 1991 жылы бауырлас мемлекеттеріміз тәуелсіздік жариялағаннан кейін наурыз мейрамын қайта тойлай бастады. Біз де өз тамырымызға оралдық, - дейді Еуразия және түркі әлемі зерттеу орталығының директоры Нажие Йылдыз.

Соңғы жылдарда Наурыз қанатын кеңге жайып, ұлыстың ұлы күнін атап өту Анадолы халықтарының арасында бұқаралық сипат алды. Әсіресе, университеттер мен  муниципалды мекемелерде тойлау дәстүрге айналған. Сол оқу ордаларының бірі Анкарадағы Хажы Байрам Вели Университеті. Наурызды тойлауда осында еңбек етіп жүрген қазақ ғалымдары елеулі үлес қосып келеді.

Түркияда да наурыз мейрамы жанданып, әсіресе соңғы 10-20 жыл ішінде Түркияда жақсы жағынан танытуға, тойлануға үлес қосып жатырмыз. биыл өзіміздің университетте жалпы бүкіл түркі халықтарының  студенттері оқитын осы жерде бәріне ортақ мейрамды осы жерде атап өтейік деп Түркияда наурыздың ұлықтауына аздаған үлесімізді қоссақ өзімізді бақытты санаймыз, - дейді профессор, мерекелік шараны ұйымдастырушы Гүлжанат Құрманғали Эржиласун.

Әдетте Түркияда Наурыз мейрамында ұлттық салт-дәстүрді ұлықтауға мән беріледі. Ұстаның темір соғатын төсіне балғамен ұру, оттың үстінен секіру, түрлі-түсті жұмыртқаны бір-біріне соғыстыру сынды ғұрыптар бар. Жалпы Наурыз түріктердің Эргенекон қамалынан шыққан күні ретінде де қабылданады. Османлы заманында да тойланған. Сарай бас аспазшысы «Неврузие» деген тағам дайындаған. Қазір ол Манисада «Месир пастасы» деген атаумен белгілі.

Наурыз бізде, Ергенеқоннан шыққан күн ретінде тойланады. Осы дастан бойынша соғыстан жеңілген түріктер Ергенеқон аймағына қоныстанып, сол жерде 400 жыл өмір сүреді. Уақыт өте келе олар келген өткелді ұмытады. Содан темір тауды ерітіп, жол жасапты деген аңыз бар, - дейді Гөкхан Өзкал.

Университет шаңырағында өткен ортақ мерекеге түбі бір түркі халықтарының наурыз салттары, өнері көрсетілді. Думанды мереке ауызашармен аяқталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға