Жаңалықтар

Түркия мен Қазақстан серіктестігі қалай өрбиді?

Түркия мен Қазақстан серіктестігі қалай өрбиді?
Фото: © El.kz 11.09.2023 17:20 2025

Қазақстанға ресми сапармен Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан келді. Еліміздің сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен Қазақстан-Түркия ынтымақтастығын талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Екі елдің сыртқы істер министрлерінің мәлімдемесіне сәйкес, серіктестердің сауда байланысы жылдан-жылға артып келеді. Ендігі мақсат – сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізу.

Түркия Республикасы – Қазақстанның төртінші орындағы сауда әріптесі. Өткен жылы тауар айналымының көлемі 6,3 миллиард долларға жетсе, осы жылдың 7 айында бұл көрсеткіш 3,6 миллиард долларды құрады. Орта және шағын кәсіпкерлер құрған кәсіпорындар бойынша да елеулі нәтижеге қол жеткіздік. Түркияның капиталымен елімізде 4300-ден астам компания жемісті жұмыс атқаруда. Осы уақытқа дейін Түркия Қазақстан экономикасына 4,7 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция құйып, ең ірі инвесторлардың ондығына кірді. Бүгінгі таңда 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оған қоса 50 жаңа жоба пысықталып жатыр. Биыл бұл үрдіс жалғасып, І тоқсанның қорытындысы бойынша елімізге келген түрік капиталы 112 миллион долларды құрады. Екі мемлекет болашақта инвестиция көлемін ұлғайтуға мүдделі, - деді сыртқы істер министрі.

Түркия сыртқы істер министрінің сөзінше, сауда айналымы былтырғымен салыстырғанда 60%-ға өсті.

Биыл да бұл көрсеткіш өсу қарқынын жалғастыруда. Екі ел президенттері белгілеген меже – екі ел арасындағы сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізу. Жалпы құны 5 миллиард доллар инвестициямызбен Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлардың бірі болып отырмыз, - деді ол.

Астана мен Анкара Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін толық пайдалану арқылы тасымалды ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Мұрат Нұртілеу қазір әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық ахуал күрделі болып тұрғанын атап өтті. Осы орайда екі ел көлік-транзит саласындағы мүмкіндіктерді әрі қарай арттыруға баса назар аударған.

Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін толық пайдалану арқылы тасымалды ұлғайту қажет деген байламға келдік. Бұған қоса транзиттік бағдарлардың диверсификациясы ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Түркия теміржолын түрік тарапы пайдалану мүмкіндігін ортаға салдық, - деді министр.

Сондай-ақ екі елдің СІМ басшылары әскери және қорғаныс-өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты талқылаған.

Тағы бір өзекті мәселе – ол әскери және қорғаныс-өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде бұл бағыттың маңызы өте зор, - деді ол.

Түркияның жетекші университеттерінің филиалдарын Қазақстанда ашу мәселесі пысықталуда. Қос дипломды бағдарламаларды іске асыру бойынша Түркия жоғары оқу орындарымен тиімді өзара іс-қимыл жасалуда. 

Түркияда оқитын студенттер саны соңғы үш жылда 2900-дан 8200-ге дейін өсті, - деді министр.

Әуе қатынастарымыздың жиілігі 40-тан 93-ке дейін артты. «Астана-Анкара» және «Алматы-Анкара» бағыттары бойынша әуе рейстері ашылды.

Басқа ірі қалаларды байланыстыратын бағыттарды қарастыру көзделген. Қазіргі кезеңде Ақтау мен Шымкенттен әуе қатынасын орнату мүмкіндіктері қарастырылуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға