Жаңалықтар

Түркия компаниялары елімізде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірді

Түркия компаниялары елімізде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірді
Фото: СІМ-нің баспасөз қызметі 24.05.2024 02:40 1144

Түрік компаниялары Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Чанаккале провинциясында орналасқан ірі 8 түрік компаниясының өкілдері керамикалық өнімдер, мұнай-газ және химия секторларында қолданылатын тығыздағыш пен бекіту бұйымдары, ағаштан бақша жиһаздар өндірісі, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіру бойынша қазақстандық жобаларға инвестиция салуға дайын екенін білдірді.

Түрік тарапымен осындай уағдаластыққа Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев және ҚР Ыстанбұлдағы Бас консулы Нұриддин Аманқұлдың Чанаккале провинциясына жұмыс сапары барысында қол жеткізілді.

Сапар аясында Елші Е.Сәпиев Чанаккале провинциясының губернаторы Ильхам Акташпен кездесті. Өңір губернаторы Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық реформалары мен инвестициялық мүмкіндіктерін жоғары бағалап, бауырлас елмен жан-жақты өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар Қазақстан Елшісі «Чанаккале 18 Наурыз» университетінің ректорымен және осы жоғары оқу орнында оқитын қазақстандық студенттермен кездесу өткізді. Оның барысында Түркиядағы оқу процесі кезінде туындайтын қазақстандық жастардың өзекті мәселелері, сондай-ақ жаңа ортақ бастамалар туралы сөз қозғалды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға