Түркістанда студенттер арасында ХІІІ жазғы универсиада басталды

Түркістанда студенттер арасында ХІІІ жазғы универсиада басталды. Байрақты дода 14 маусымға дейін жалғаспақ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жарысқа спорттың 17 түрінен, атап айтқанда, бадминтон, үстел теннисі, баскетбол, шахмат, таеквондо, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, каратэ-до, волейбол, дзюдо, еркін күрес, әйелдер күресі, грек-рим күресі, қазақ күресі, бокс, жүзу, футзал бойынша 76 жоғары оқу орнының 4 000-нан астам білім алушысы, оның ішінде тоғызқұмалақ және қазақ күресі ұлттық спорт түрлері бойынша 600-ден астам студент қатысады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, универсиаданың ашылу салтанаты 16 мамырда «Түркістан Арена» орталық стадионында, жабылуы 13 маусымда «Olympic Center» спорт кешенінде өткізіледі. Спорттық іс-шаралар Халықаралық туризм және меймандостық университет аумағында және Түркістан қаласының заманауи мамандандырылған спорт кешендерінде ұйымдастырылып, 800-ден астам медаль мен 100-ден аса кубок сарапқа салынады.
Универсиаданың алғашқы ойындарында тоғызқұмалақ пен үстел теннисі бойынша жарыстар басталды. Тоғызқұмалақ спорты бойынша 32 жоғары оқу орнынан 192, үстел теннисі спорты бойынша 26 жоғары оқу орынан 156 білім алушы қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық шараларды іске асыру студент жастар арасында салауатты өмір салты қағидаттарын қалыптастыруды қамтамасыз етіп, елімізде бұқаралық спорт түрлерінің дамуына ықпал етеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
