Жаңалықтар

Түркістанда шахмат үздіктері анықталды

Түркістанда шахмат үздіктері анықталды
Фото: Шахмат федерациясы 12.11.2023 04:47 660

Түркістандағы Rixos Grand Ballroom залында «Шахмат керуені» республикалық жобасының гранд-финалы болды. Онда 20 қалада өткен блиц-турнирден іріктеліп шыққан 60 әуесқой шахматшы додаға түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі шахмат федерациясына сілтеме жасап. 

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларға сәттілік тілеп, ыстық ықыласын жеткізді.

Шахмат керуені» жобасының арқасында қоғамда шахматқа деген сұраныс артты. Біздің өңірімізде де зияткерлер спортына үлкен назар аударылып келеді. Атап айтсақ, қазір облысымызда 3 мыңнан астам бала шахматпен айналысады, - деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Екі ай бұрын, қыркүйектің 10-ы күні Астанадан шыққан автокеруен сахна мен арнайы «шахмат» киіз үйі бар жүк көлігімен бірге 14 мың шақырымнан аса жол жүрді. Чемпионат барысында жалпы 1800 партия ойналып, 400 шахматшы 60 күн бойы жартылай финалда өзара бақ сынасты. Жоба аясында әр облыста федерацияның филиалдары ашылып, жаңа төрағалар тағайындалды.

«Шахмат керуені» – үлкен армандар орындалатын мекен. Мұнда жасына, жынысына, әлеуметтік жағдайы мен шыққан жеріне қарамастан, әрбір талантты адам өз отандастарының ортасында чемпион бола алады. Соңғы бірнеше айдың ішінде біз бұл жобаның кезекті турнирлерден әлдеқайда маңызды екенін түсіндік. Соның арқасында ел интеллектуалдарын бір арнаға тоғыстыра алдық, - деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

Жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгені құрайтын, ел тарихындағы алғашқы жоба Freedom Broker бас серіктесінің қолдауымен жүзеге асып отыр.

Бүгінде шахмат әлемдік мәдениеттің бір бөлігі саналады. Өйткені ол –әдебиет пен кинода, өнерде маңызды рөлі бар классикалық ойын. Статистика бойынша, шахматтан тәжірибесі бар адамдар қор нарығында жоғары нәтижеге жетеді екен. Адами капиталды арттыру, стратегия құру мен сыни ойлау жағынан да ол әрқашан басымдыққа ие. Сол себепті біз шахматқа инвестиция құйып жатырмыз, - деді Freedom Broker басқарма төрағасының орынбасары Түсіп Нүкенов.

ЭЛО рейтингі 2000-ға дейінгі 60 финалист 11 турдан тұратын турнирде бәсекеге түсіп, 6 жеңімпаз жүлделі сыйлықтарға ие болды.

Олар:

І орын – Нұрмұхаммед Қабиназар (5 млн теңге);

ІІ орын – Борис Черкасов (2,5 млн теңге);                 

ІІІ орын – Сүлейман Ахмет (1 млн теңге).        

ІV орын – Мұхтар Айнақұл (500 мың теңге);

V орын – Мадияр Алтынбекұлы (300 мың теңге);

VІ орын – Әнуар Тоқбаев (150 мың теңге).

Көңіл-күйім тамаша. 1 орын алғаныма қуанып отырмын. Жүлдеге берген 5 миллионның көп бөлігін қайырымдылыққа жұмсағым келеді. Шахматпен 4 жасымнан бастап айналысып келемін. Ендігі мақсатым – гроссмейстер мен ФИДЕ шебері атану, - дейді турнирдің 12 жасар жеңімпазы Нұрмұхаммед Қабиназар.

Сондай-ақ, Әсел Лесбекова (Әйелдер арасындағы үздік нәтиже), Александр Вьюниченко (50 жастан асқандар бойынша), Степан Люцик (20 жасқа дейінгі көрсеткіш), Ақылбек Жақсылық (16 жасқа дейінгілер арасында), Ерназар Исумбаев (ЭЛО рейтингі 2000-ға дейін), Әселай Сейдулла (ЭЛО рейтингі 1800-ге дейін), Дмитрий Данилов (ЭЛО рейтингі 1600-ге дейін), Ернұр Ержанұлы (ЭЛО рейтингі 1400-ге дейінгі үздік нәтиже) аталымдары бойынша марапатталып, 100 мың теңгелік ақшалай сертификаттарға ие болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға