Жаңалықтар

Түркістан қаласында мұз сарайы бой көтерді

Мұз сарайының жалпы жер аумағы 2 гектарға жуық
Түркістан қаласында мұз сарайы бой көтерді
Фото: gov.kz 03.12.2022 15:55 2446

Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жасалады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысының әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының дамуында аса маңызды бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Солардың бірі – қысқы спорт түрлеріне арналған ғимарат. Мұз сарайының жалпы жер аумағы 2 гектарға жуық. Ғимарат құрылысының көлемі – 4160,9 шаршы метр. Нысанның құрылысы келер жылдың көктемінде аяқталады деп жоспарланған. Бұл ғимаратта қысқы спорт түрлері дамытылып, үйірмелер ашылады. Жақын уақытта мұз айдынына керекті құрал-жабдықтар сатып алынады. 

Өңір басшысы Түркістанды абаттандыру жұмыстары мен бірқатар құрылыс нысандарының жай-күйін бағдарлау үшін шаһарды кезекті рет аралап шығып, мәдени-тарихи орталықтағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын тексерді.

Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 200 мың шаршы метрден асатын 3392 пәтерлі 53 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әкімшілік-іскерлік орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жай-күйімен танысты. 5,7,9,12 және 20 қабатты 60 тұрғын үйдің құрылыс алаңында болды. Пәтерлердің жалпы ауданы 35 мың шаршы метрге жуық.

Салынып жатқан үйлердің сапасы талапқа сай болуы тиіс. Халықтың талабы мен сұранысына жауап беруі керек. Бұл – өте маңызды. Құрылыс материалдарының сапасына мән беріңіздер. Үйлердің айналасын абаттандыру да аса маңызды. Балаларға арналған алаңдардың сапасы мен қауіпсіздігі – басты назарда. Сейсмикалық төзімділігі қатаң қадағалауда болуы міндетті. «Мұз сарайы» да өз уақытында салынып, елге қызмет көрсетуі қажет. Өңірде спортты дамытуға да қолайлы жағдай жасалады, – деді Дархан Сатыбалды.

Жыл басынан бері жаңадан салынған 42 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Яғни, несиемен және кезекте тұрған 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 11 көпқабатты тұрғын үй құрылысы толық аяқталады. Сол арқылы тағы 725 пәтер пайдалануға беріледі.

Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды, инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы мен абаттандыру жұмыстарын ширатуды тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға