Жаңалықтар

Түркістан облысында тұрғындардан тіркелмеген 13 қару тәркіленді

Түркістан облысында тұрғындардан тіркелмеген 13 қару тәркіленді
Фото: © Polisia.kz 09.09.2023 00:12 1000

Түркістан облысының полицейлері тұрғындардан тіркелмеген 13 қару тәркіледі. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Түркістан облысының полицейлері «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасының 3 тәулігінде 13 тіркелмеген қару, оның ішінде 7 шолақ мылтық, 1 ойық ұңғылы мылтық, 3 травматикалық тапанша және 6 патрон тәркіледі.

Мәселен, полицейлер Кентау қаласынан қаруды заңсыз сақтау фактісін анықтады. Жедел уәкілдер қала тұрғынының үйінің жертөлесін тексеру кезінде 16 калибрлі шолақ мылтық тауып, тәркілеп алды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері облыс орталығы көшелерінің бірінен ВАЗ автокөлігін тоқтатты.

Тексеру кезінде Түркістан қаласының тұрғынынан тіркелмеген травматикалық тапанша табылды. Бұл фактілер ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша тіркелді, - делінген мәліметте.

Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр. Тәркіленген заңсыз сақталған қару сараптамаға жіберілді.

Бұдан басқа ҚР ӘҚБтК-нің 486-бабымен құқық бұзушыларға 10 әкімшілік хаттама толтырылды. Ал ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабымен 48 және ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабымен 9 құқық бұзушы жауапқа тартылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға