Жаңалықтар

Түркістан облысында 17 әлеуметтік нысан ашылады

Түркістан облысында 17 әлеуметтік нысан ашылады
Фото: © ОКҚ 21.10.2023 07:02 646

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевтың айтуынша, облыста Республика күні қарсаңында 17 әлеуметтік нысан ашылады. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Түркістан облысында Республика мерекесі қарсаңында арнайы жоспар бекітіліп, 17 аудан-қалада 70-ке жуық іс-шара өтетін болады. 25 қазан күні облыс орталығы мен барлық аудан-қала орталықтарында Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтеді. Сонымен қатар, «Жанашыр жүрек» акциясы аясында түрлі қайырымдылық шаралар ұйымдастырылады. Мереке күні аудан-қалаларда 17 әлеуметтік маңызды нысандар ашылады. Олардың қатарында Жетісай ауданында футбол алаңшасы, Сарыағаш ауданындағы дәрігерлік амбулатория, Шардара ауданындағы мәдениет үйі сынды нысандар бар, - деді Ерлан Бақытжанұлы.

Сонымен қатар Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев өңірде мереке қарсаңында өтетін мәдени іс-шараларға тоқталды.

Республика күні мерекесіне орай Түркістанда Халықаралық «Voice of Turan-2023» қазақ әндері фестивалі басталды. Сонымен қатар, мереке қарсаңында 21-22 қазан күндері Түркістан музыкалық драма театрында кезекті III маусымның ашылуы өтеді. Маусымашарда Өзбекстанның көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» пьесасы бойынша жаңа премьера сахналанады. Ал Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды драма театрында 21 қазан күні Байғали Есеналиевтің «Ана жүрегі» драмасы қойылады. Облыстағы барлық музейлерде 20-25 қазан аралығында түрлі тақырыпта іс-шаралар өтеді. Ал 24 қазан күні «Конгресс Холл» кешенінде Республика күніне арналған облыстық мерекелік шара ұйымдастыралады, - деді Әзімхан Серікұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға