Жасанды интеллект түркі халықтарының тілдік және мәдени байланысын жаңа деңгейге шығаруы мүмкін. Алайда ол үшін түркі тілдеріндегі деректерді көбейтіп, тарихи-әдеби мұраны цифрландыру және жаңа технологияларға қатысты ортақ терминдерді қалыптастыру қажет. Астанада өткен «Түркі әлемі диалогтары: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» тақырыбындағы жиыннан кейінгі баспасөз мәслихатында сарапшылар жасанды интеллект дәуірінде түркі тілдерінің алдында тұрған мүмкіндіктер мен міндеттерге тоқталды.
Жасанды интеллект түркі әлемі туралы не біледі?
Каппадокия университетінің ректоры, ғылым докторы Хасан Али Карасардың айтуынша, жасанды интеллект саласында түрлі жобалар жүзеге асырылып жатқанымен, технологияның әлі де шешуді қажет ететін тұстары бар.
Соның бірі – жасанды интеллект пайдаланатын деректердің мазмұны. Қазіргі жасанды интеллект жүйелерінің көбі түркі әлемінен тыс жерде жасалған. Сондықтан олардың жауаптарында кейбір халықтарға қатысты қалыптасқан жаңсақ түсініктер мен стереотиптер кездесуі мүмкін.
Хасан Али Карасар бұған АҚШ-та да жиі сынға ұшырайтын мысалды келтірді. Кей жағдайда жасанды интеллект белгілі бір сипаттамалары бар афроамерикалық адам туралы сұраққа біржақты жауап беріп, оны қылмыспен байланыстыруы мүмкін. Ғалым мұндай жағдайдың технологияның қандай ақпаратпен үйретілгеніне тікелей байланысты екенін айтады.
Жасанды интеллектіні қандай дерекпен толықтырсаңыз, одан алатын жауабыңыз да соған байланысты болады. Сондықтан біздің алдымызда маңызды міндет тұр. Жасанды интеллект қол жеткізе алатын дереккөздерді түркі әлемінің ғасырлар бойы жинаған және бүгін өндіріп отырған білімімен толықтыруымыз керек. Ол үшін осы ақпараттың барлығын цифрландыру қажет, – деді ол.
Ғалымның пікірінше, бұл жұмыс тек тілді цифрландырумен шектелмеуі керек. Әдеби шығармалар, тарихи еңбектер, ата-бабадан қалған мұра және олар туралы жүргізілген зерттеулер де цифрлық кеңістікте қолжетімді болуы қажет.
Түркі әлемі туралы сапалы әрі сенімді дерек көбейген сайын жасанды интеллект те осы кеңістіктің тарихын, мәдениеті мен дүниетанымын тереңірек тани алады.
Хасан Али Карасар бұл бағытта қазірдің өзінде бірқатар университеттер мен технологиялық компанияларда жобалар қолға алынғанын атап өтті. Мұндай жұмыстар Түркияда ғана емес, өзге түркі мемлекеттерінде де жүргізіліп жатыр.
Жасанды интеллект тілдік кедергіні азайта алады
Хасан Али Карасар жасанды интеллект түркі халықтарының бір-бірін түсінуін жеңілдетіп, тілдер арасындағы байланысты нығайта алады деп есептейді.
Оның айтуынша, жаңа технологиялардың көмегімен бір түркі тілінде жазылған әдеби немесе ғылыми еңбекті екінші түркі тіліне қысқа уақытта аударуға мүмкіндік бар.
Қазір бір-біріміздің романдарымызды, театр шығармаларымызды, тарих кітаптарымызды басқа түркі тілдеріне секундтар, минуттар немесе бірнеше сағат ішінде аударуға мүмкіндік туды. Біз осы мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек, – деді Хасан Али Карасар.
Оның сөзінше, түркі халықтары арасында тіл ешқашан үлкен кедергі болған емес. Ал жасанды интеллект өзара түсіністікті одан әрі жеңілдетіп, әсіресе жас ұрпақтың білім, мәдениет және экономика салаларында еркін байланыс орнатуына жол ашады.
Сарапшы бұл бағыттағы жұмысты қазірден күшейту маңызды екенін атап өтті. Өйткені алдағы бес жылда жасанды интеллектінің мүмкіндігі қазіргіден де кеңейе түспек.
Жасанды интеллект саласында ортақ терминдер қажет
Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті, профессор Бюлент Байрам жасанды интеллект дамыған сайын түркі тілдеріндегі ортақ терминдерді қалыптастырудың маңызы арта түсетінін айтты.
Оның сөзінше, жасанды интеллект технологиялары түркі әлемінен тыс жерде пайда болғандықтан, осы саладағы негізгі атаулар мен ұғымдар да өзге тілдерде қалыптасты. Сондықтан оларды түркі тілдеріне бейімдеп қана қоймай, мағынасы барынша ортақ әрі түсінікті болуына мән беру қажет.
Жасанды интеллектіні жасаған біз емеспіз. Сондықтан оның терминдерін де біз қалыптастырған жоқпыз. Ал ортақ терминдер бір-бірімізді түсіну үшін қажет, – деді Бюлент Байрам.
Ол бұған медицина саласын мысал етті. Дәрігерлер әр тілде сөйлегенімен, кәсіби терминдер ортақ болғандықтан, бір-бірін түсіне алады. Бюлент Байрамның пікірінше, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласында да осындай жүйе қажет.
Осы бағытта Халықаралық Түркі академиясы «Түркі тілдерінің ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект терминдері сөздігін» жарыққа шығарған. Онда ағылшын, орыс және негізгі түркі жазба тілдеріндегі терминдер салыстырылып берілген.
Бюлент Байрам алдағы уақытта екі бағытқа назар аудару қажет екенін атап өтті. Біріншісі – түркі елдерінің жасанды интеллект дәуіріне бейімделуі. Екіншісі – жаңа технологияның мүмкіндігін түркі әлемі арасындағы байланысты нығайтуға пайдалану.
Ортақ әліпби ақпарат алмасуды жеңілдете ме?
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD, доцент Суат Бейлур ортақ әліпбидің маңызы цифрлық технологиялар дамыған сайын арта түсетінін айтты.
Оның сөзінше, түркі тілдеріне ортақ немесе ұқсас таңбалардың қолданылуы цифрлық ортадағы ақпаратты іздеуді жеңілдетіп, әртүрлі дереккөзге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ортақ әліпбиге көшу бағытындағы жұмыстар бұл үдеріске оң әсер етеді. Әліпби бірізденген сайын жасанды интеллект арқылы қажетті ақпаратты табу жеңілдеп, қолжетімді дереккөздердің аясы да кеңейеді, – деді Суат Бейлур.
Сарапшы ортақ әліпбимен қатар ғылыми еңбектерді цифрландыруға да назар аудару керегін атап өтті. Өйткені ғылыми ортада жинақталған құнды мәлімет цифрлық жүйеге енгізілмесе, оны көпшілікке жеткізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып іздеп табу қиын.
Оның айтуынша, сондықтан түркі елдерінде жарық көрген ғылыми еңбектер мен зерттеулерді цифрлық платформаларға жүйелі түрде енгізу маңызды.
Цифрланбаған ақпарат көпшілікке жете бермейді
Суат Бейлур ғылыми еңбек пен зерттеу нәтижелерін цифрлық ортаға енгізудің маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, құнды зерттеу жасалғанымен, ол цифрлық платформаларда қолжетімді болмаса, көпшілікке кеңінен тарала бермейді.
Қандай да бір жаңа зерттеу немесе еңбек жарыққа шығуы мүмкін. Бірақ ондағы ақпарат цифрлық ортаға енгізілмесе, кең аудиторияға жете алмайды. Сондықтан жинақталған білім мен ғылыми еңбектерді цифрлық платформаларда қолжетімді ету өте маңызды, – деді Суат Бейлур.
Оның пікірінше, түркі елдерінде бұған дейін жарық көрген еңбектерді цифрландырумен қатар, жаңа ғылыми зерттеулерді де электронды жүйелерге тұрақты түрде енгізіп отыру қажет.
Сарапшылар жасанды интеллект түркі тілдері арасындағы байланысты жеңілдетіп, әдеби және ғылыми мұраны кеңінен танытуға мүмкіндік береді деп есептейді. Алайда бұл үшін ең алдымен түркі тілдеріндегі сапалы әрі сенімді цифрлық деректердің қорын көбейту қажет.