Туризмнің қарқынды дамуы – Қазақстанның жаңа прайм эрасының дәлелі

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық аренада тек мұнай экспорттаушы ел ретінде ғана емес, туристерді тартатын жаңа бағыт ретінде де таныла бастады. Туристер санының артуы, ұлттық парктердің танымал болуы және әлемдік БАҚ-тың Қазақстанға назар аударуы елдің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Туристер саны рекордтық деңгейге жетті

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға туристік мақсатпен 15,7 миллион шетел азаматы келген. Оның ішінде 11,1 миллионы нақты турист ретінде тіркелген. Бұл көрсеткіш соңғы жылдардағы ең жоғары нәтижелердің бірі саналады. Сарапшылар мұны визалық режимнің жеңілдеуімен, әуе қатынасының кеңеюімен және Қазақстанның халықаралық деңгейде белсенді насихатталуымен байланыстырады.

El.kz

Қазақстанға келетін туристер санының өсу қарқыны ерекше назар аудартады. Егер 2020 жылы елге шамамен 2 миллион шетелдік саяхатшы келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 15,7 миллионға жеткен. Яғни бес жыл ішінде туристер легі бірнеше есе артқан.

Алматы – туристердің басты таңдауы

Бүгінде шетелдік қонақтардың ең көп баратын өңірі – Алматы қаласы. 2024 жылы мегаполиске 1,7 миллион турист келген. Оның ішінде жарты миллионнан астамы шетел азаматтары болған. Алматының танымалдығына Іле Алатауы, Шымбұлақ, Медеу, тау туризмі мен заманауи қалалық инфрақұрылым ықпал етіп отыр. Тіпті америкалық CNN арнасы Алматыны 2025 жылы баруға тұрарлық әлемдегі үздік бағыттардың қатарына енгізді.

Фото: www.shutterstock.com

Алматының басты артықшылығы – табиғи көрікті жерлердің қалаға өте жақын орналасуы. Мәселен, әлемдегі ең ірі шатқалдардың бірі саналатын Шарын шатқалына Алматыдан бірнеше сағатта жетуге болады. Сол сияқты Үлкен Алматы көлі, Көлсай мен Қайыңды көлдері де туристер арасында ерекше сұранысқа ие. Көгілдір түсті мөлдір суы мен қылқан жапырақты ормандар қоршаған Көлсай көлдері, су астында қалған ағаштарымен танымал Қайыңды көлі шетелдік саяхатшыларды таңғалдыратын бірегей табиғи нысандар саналады.

Бұл бағыттардың танымал болуына олардың қолжетімділігі де әсер етуде. Соңғы жылдары жол инфрақұрылымы жақсарып, туристік маршруттар көбейді, гид қызметтері мен онлайн брондау жүйелері дамыды. Туристер Алматы қаласынан бір күндік немесе екі күндік турлар арқылы-ақ бірнеше табиғи нысанды аралай алады. Соның арқасында Алматы өңірі табиғат, белсенді демалыс және экотуризмді ұнататын саяхатшылар үшін Орталық Азиядағы ең тартымды бағыттардың біріне айналып отыр.

Маңғыстау – табиғи туризмнің жаңа бренді

Соңғы жылдары ерекше қарқын алған өңірлердің бірі – Маңғыстау облысы. Каспий теңізінің жағалауы, Бозжыра шатқалы, Торыш алқабы және жерасты мешіттері шетелдік саяхатшылардың қызығушылығын арттырды. 2025 жылы Маңғыстау шетелдік туристерді тарту бойынша Қазақстандағы жетекші өңірлердің үштігіне енді. Көптеген халықаралық басылымдар өңірдің табиғатын Марс пейзажына теңеп жүр.

Фото: Ерболат Шадрахов

Өңірдің туристік символына айналған Бозжыра шатқалы Үстірт қыраты аумағында орналасқан. Ғалымдардың пікірінше, бұл аумақ миллиондаған жыл бұрын ежелгі Тетис мұхитының түбі болған. Мұхит тартылғаннан кейін ақ борлы жартастар мен ерекше жыныстар қалыптасып, бүгінде Қазақстандағы ең әсерлі табиғи ландшафттардың біріне айналды. Биіктігі жүздеген метрге жететін ақ шыңдар мен алып жартастар Бозжыраны әлемдік деңгейдегі табиғи ескерткіш ретінде танытты.

Соңғы жылдары Бозжыра халықаралық кинематография өкілдерінің де назарын аударып отыр. Биыл Маңғыстауға оңтүстік кореялық актерлер келіп, жаңа жобалардың түсіріліміне қатысты. Сонымен қатар әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсіріліп жатқан халықаралық кино жобаның бірқатар көріністері де осы өңірде түсірілуде деген ақпарат тарады. Бұл жағдай Маңғыстаудың туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, оның әлемдік аудиторияға танылуына ықпал етуде.

Маңғыстауға келетін туристерді тек табиғат қана емес, өңірдің бай тарихи-рухани мұрасы да қызықтырады. Мұнда Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата сияқты жерасты мешіттері орналасқан. Олар ғасырлар бойы зиярат етушілер мен саяхатшыларды өзіне тартып келеді. Ал Торыштағы шар тәрізді тастар алқабы әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтардың қызығушылығын тудыратын ерекше геологиялық құбылыс саналады.

Табиғаты, тарихы және кино индустриясының назарын қатар аударған Маңғыстау бүгінде Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ең перспективалы туристік бағыттарының біріне айналып келеді.

Түркістан – рухани туризм орталығы

Түркістан облысы да туристердің сүйікті бағыттарының біріне айналды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан қала бүгінде Орталық Азиядағы маңызды рухани туризм орталығы саналады. Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Түркістан жыл сайын мыңдаған шетелдік қонақты қабылдайды.

Фото: ашық дереккөзден

Ұлттық парктер мен экотуризмнің дамуы

Алматы облысындағы Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңды көлдері де шетелдік саяхатшылар арасында кеңінен танылып келеді. Ұлттық парктерге келушілер санының күрт артуы соның дәлелі. Ресми деректер бойынша, 2024 жылы Қазақстанның ұлттық парктеріне 2,8 миллион адам барған.

Фото: visiteast.kz

Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай, Марқакөл, Рахман қайнары сияқты табиғи аймақтар экотуризмнің жаңа орталығына айналып келеді. Ал Бурабай мен Баянауыл ішкі туризмнің тұрақты көшбасшылары қатарында.

Туризм – мемлекеттің халықаралық беделін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін миллиондаған турист Қазақстанның табиғатына, мәдениетіне және қауіпсіздігіне қызығушылық танытып отыр. Сондықтан туристер санының рекордтық өсімі қазіргі Қазақстанның жаңа прайм эраға аяқ басқанын дәлелдейтін маңызды факторлардың бірі деуге толық негіз бар.

 

 

Оқи отырыңыз