Туристер ең көп қаза табатын елдер қайсы? сапар алдында нені білу керек

Туристер ең көп қаза табатын елдер қайсы? сапар алдында нені білу керек
Фото: insurancebusinessmag.com

Таиландта демалыс кезінде екі туристің қаза табуы әлемдік БАҚ-тың назарын аударды. Мұндай оқиғалардан кейін көпшілік «туристер үшін ең қауіпті ел қайсы?» деген сұрақ қояды. Алайда халықаралық ұйымдар бұл мәселеге басқаша қарайды: туристің қай елде қаза тапқаны ғана емес, өлімнің нақты себебі маңызды.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, шетелде туристердің табиғи емес себептерден көз жұмуының басым бөлігі жол-көлік апаттарымен байланысты. Одан кейін кісі өлтіру, суға кету, өзіне қол жұмсау және басқа да жазатайым оқиғалар тіркеледі. Сондықтан қауіптің басты көзі көбіне қылмыс емес, жолдағы және демалыс кезіндегі тәуекелдер болып саналады.

Жол апаты – басты қауіп

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, жыл сайын әлемде шамамен 1,16 миллион адам жол-көлік оқиғаларынан қаза табады. Мұндай өлімнің 92 пайызы табысы төмен және орташа деңгейдегі елдерде тіркеледі. Туристер үшін де ең үлкен қауіптің бірі – бейтаныс елде көлік жүргізу немесе мотоцикл жалдау.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы саяхатшыларға әсіресе мотоциклді тәжірибесіз жүргізмеуге, қауіпсіздік белдігі мен дулығаны міндетті түрде тағуға, сондай-ақ жергілікті жол қозғалысы ережелерімен алдын ала танысуға кеңес береді.

Туристер қай елдерде жиі қаза табады?

«Ең қауіпті елдер» деген бірыңғай халықаралық рейтинг жоқ. Себебі әр мемлекетке келетін туристер саны әртүрлі және өлім себептері де өзгеше.

Мәселен, Австралияның Сыртқы істер және сауда департаментінің деректеріне сүйенген ақпаратқа сәйкес, соңғы жылдары австралиялықтар ең көп қаза тапқан шетелдік бағыт – Таиланд. Бұған елдің қауіптілігі емес, туристер ағынының көп болуы, жол апаттары, суға кету, алкогольдің әсерінен болатын оқиғалар және денсаулыққа байланысты жағдайлар себеп болып отыр. Сарапшылар туристердің көпшілігі демалыста өз елінде жасамайтын қауіпті әрекеттерге баратынын атап өтеді.

Фото: unsplash.com / Таиланд
Фото: unsplash.com / Таиланд

Қауіпті тек қылмыспен өлшеуге болмайды

ДДҰ мәліметінше, жарақат пен зорлық-зомбылық салдарынан жыл сайын әлемде 4,4 миллион адам қайтыс болады. Оның ішінде жол апаты, суға кету, құлау, күйік және басқа да жазатайым жағдайлар негізгі себептердің қатарында. 5-29 жас аралығындағы адамдар арасында жол апаты ең жиі кездесетін өлім себептерінің бірі болып саналады.

Сапар алдында нені ескерген жөн?

Мамандар шетелге шығар алдында міндетті түрде туристік сақтандыру рәсімдеуге, баратын елдің ресми қауіпсіздік ескертулерімен танысуға, құжаттардың электронды көшірмесін сақтауға және жақындарына сапар бағытын хабарлауға кеңес береді. Сондай-ақ мотоциклді тәжірибесіз жүргізуден, алкогольден кейін суға түсуден және қауіпті аймақтарға жалғыз барудан бас тартқан дұрыс.

Шетелде қылмыстың құрбаны болсаңыз не істеу керек?

Шетелге саяхат кезінде ұрлық, алаяқтық, шабуыл немесе басқа да қылмыстық жағдайға тап боламын деп ешкім ойламайды. Алайда мұндай жағдайда абыржымай, дұрыс әрекет ету өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етіп, құқықтарыңызды қорғауға көмектеседі.

Ең алдымен қауіпсіз жерге барып, жергілікті полицияға хабар беру қажет. Көптеген елде туристерге арналған арнайы туристік полиция жұмыс істейді. Құқық қорғау органдарына оқиғаның уақыты, орны, күдіктінің белгілері және жоғалған заттар туралы мүмкіндігінше нақты ақпарат берген жөн.

Полициядан міндетті түрде ресми хаттама немесе оқиға тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесін алыңыз. Бұл сақтандыру өтемақысын алу немесе құжаттарды қалпына келтіру кезінде қажет болуы мүмкін.

Егер құжаттарыңыз жоғалса, шабуылға ұшырасаңыз немесе басқа да күрделі жағдай орын алса, Қазақстан Республикасының елшілігіне немесе консулдығына хабарласқан дұрыс.

Дипломатиялық өкілдік:

  • уақытша жол жүру құжатын рәсімдеуге;
  • туыстарыңызбен байланысуға;
  • жергілікті заңгерлер мен аудармашылар туралы ақпарат беруге;
  • қажет болған жағдайда медициналық немесе құқықтық көмекке жүгіну тәртібін түсіндіруге көмектесе алады.

Алайда елшілік полицияның орнына тергеу жүргізбейді және сот шешіміне ықпал ете алмайды.

Әмиян немесе сөмке ұрланған жағдайда банкке бірден хабарласып, төлем карталарын бұғаттау қажет. Егер интернет-банкингке қолжетімділік болса, мұны мобильді қосымша арқылы да жасауға болады.

Егер туристік сақтандыру рәсімделген болса, сақтандыру компаниясының тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығына хабарласқан жөн. Компания қандай құжаттар қажет екенін және шығынды өтеу тәртібін түсіндіреді.

Көп жағдайда мына құжаттар сұралады:

  • полиция хаттамасы;
  • медициналық анықтамалар (егер жарақат алынса);
  • жоғалған немесе бүлінген заттарды растайтын құжаттар;
  • түбіртектер мен төлем құжаттары.

Оқи отырыңыз