Түн ортасында әр екі сағат сайын оянып бие сауады: Омбыдағы қазақ отбасы ата кәсіпті қалай сақтап жүр

 Коллаж El.kz
Фото: Коллаж El.kz

Қымыздың бабын келтіру үшін кейде түн ұйқысын төрт бөлуге тура келеді. Омбы өңіріндегі қандастарымыз әр екі сағат сайын оянып, бие сауып, атадан қалған кәсіпті үзбей жалғап келеді. Ресей жерінде тұрып-ақ қазақтың ұлттық сусынын дәстүрлі әдіспен дайындап жүрген Күлболдиндер әулеті биыл өз қымызын «BaiQymyz – 2026» байқауына ұсынбақ. 

Омбыдан Астанаға арнайы шақырту 

Ресейдің Омбы өңіріндегі Верхний Карбуш ауылында тұратын Жалғас Күлболдин үшін қымыз өндіру – жай ғана кәсіп емес. Бұл – әкесінен қалған аманат, ұлттың рухын сақтайтын қасиетті мұра.

Жеке қосалқы шаруашылығымыз бар. Көп жылдан бері ата-бабамыздан қалған қасиетті кәсіп – жылқы өсіру мен қымыз баптауды серік етіп келеміз, – дейді ол.

Биылғы «BaiQymyz – 2026» фестиваліне Жалғас арнайы шақырту алған. Оның айтуынша, ұйымдастырушылар өздері іздеп тауып, хабарласқан.

Бұл фестивальдің ұйымдастырушылары бізді өздері іздеп тапты. Уфа қаласындағы дін жолындағы ағаларымыз бен спортшылар арқылы біздің шаруашылық туралы естіп, байланысқа шыққан екен. Ұлттық кәсіпті таныстыру үшін үлкен қуанышпен қатысуға келістік, – дейді Жалғас.

Жалғас үшін бұл сапар – тек байқауға қатысу емес. Бұл – қазақтың ұлттық сусынының шекара талғамайтынын, қандастардың қай жерде жүрсе де дәстүрден ажырамағанын көрсетудің мүмкіндігі.

Биені күндіз емес, түнде сауады

Күлболдиндер отбасының бұл кәсіппен айналысқанына 20 жылдан асқан. Бұл жолдың негізін қалаған – әкесі көрінеді.  

2006 жылдан бастап әкеміздің қасында жүріп, осы істің барлық қыр-сырын меңгердік. Кейін 2011 жылдан бастап қарындасым Жұлдыз Мазанқызы да бұл іске белсене араласты. Бүгінде әкеміздің аманатын арқалап, бүкіл отбасымызбен осы жолды жалғастырып келеміз, – дейді Жалғас.

Оның айтуынша, қымыздың сапасы бір күнде қалыптаспайды. Әр кезеңнің өз тәртібі, өз жауапкершілігі бар. Сол себепті бұл істі сырттай бақылап қана қоймай, жылдар бойы қасында жүріп үйрену қажет.

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Күлболдиндер шаруашылығының өзгелерден ерекшеленетін тұсы да бар. Олар биені күндіз емес, тек түнде сауады.

Бұл оңай шаруа емес. Түн ішінде бірнеше мәрте оянып, сауын уақытын өткізіп алмау қажет.

Біздің шаруашылықтың ерекшелігі – биені тек түнде сауамыз. Түн ішінде ұйқыны бөліп еңбек ету оңай емес. Бірақ дәл осы тәсіл қымыздың сапасына ерекше әсер етеді. Сауынмен қарындасым Жұлдыз екеуміз айналысамыз. Түн баласы көз ілмей, әр екі сағат сайын оянып, екеулеп жүріп бие сауамыз, – дейді ол.

Осындай тынымсыз еңбектің нәтижесінде дайын болатын қымыздың дәмі де өзгеше.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Bolat Bachshzhanov (@bolat_bachshzhanov)

Қымызға сұраныс жоғары

Көпшілік қымыздың сапасы тек жылқыға байланысты деп ойлайды. Алайда Күлболдиндердің айтуынша, оның ең үлкен сыры – күбіні дұрыс баптауда.

Қымыздың тіл үйірер дәмінің басты құпиясы – күбіні ыстауда. Біз күбіні қақтап, ыстаған кезде ішіне арнайы майлы қаймақ жағамыз. Соның арқасында қымыз ерекше хош иіске, нәрлі дәмге ие болады. Бұл – біздің отбасымызда атадан балаға жалғасып келе жатқан технология, – деді.

Бұл тәсіл жылдар бойы өзгермеген. Отбасы бүгінге дейін ежелгі әдісті сақтап келеді. Ресейде тұрса да, Омбы өңіріндегі қазақтар ұлттық салт-дәстүрді ұмытпаған. Әсіресе қымыз баптау мәдениеті сол күйінде сақталған.

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Омбы өңіріндегі қазақтар ата-баба салтын жақсы сақтаған. Біз де қымыздың ежелгі дайындау тәсілін өзгертпей дайындауға тырысамыз. Қуантатыны – көрші отырған өзге ұлт өкілдері де біздің дәстүрімізге үлкен құрметпен қарайды, – дейді ол.

Жалғас Күлболдиннің айтуынша, Ресейде қымызды тек қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де жиі тұтына бастады.

Қымызға деген сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Оны қазақтар ғана емес, орыстар және басқа да ұлт өкілдері табиғи әрі емдік қасиеті бар өнім ретінде сатып алады. Денсаулыққа пайдалы екенін білетіндердің қатары көбейіп келеді, – деді.

Бұл – ұлттық сусынның халықаралық деңгейде де бағалана бастағанының бір дәлелі. Күлболдиндер отбасы үшін ең үлкен жетістік – балаларының осы кәсіпке қызығушылық танытуы.

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Балаларымыз жастайынан ат құлағында ойнап өсіп келеді. Мал бағуды, бие байлауды, қымыз пісуді көріп өсті. Біз оларға бұл істің жай ғана табыс көзі емес, ата-бабамыздың асыл мұрасы екенін үнемі айтып отырамыз. Болашақта осы кәсіпті мақтанышпен жалғастырады деп сенеміз, – дейді Жалғас.

Омбы даласында түн ішінде шам жағып, әр екі сағат сайын бие сауып жүрген осы бір қазақ отбасының еңбегі – қымыз өндірумен ғана өлшенбейді. Олар ата кәсіпті, ұлттық құндылықты және ғасырлар бойы үзілмеген дәстүрді сақтап келеді.

Бұл әулет шекара сыртында өмір сүрсе де, қазақтың қасиетті сусынына деген құрмет пен адалдықтың жоғалмағанын дәлелдеп жүр. 

Оқи отырыңыз