Күз-қыс маусымы басталса, тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) жиілейді. Осы кезде «аяқ тоңса, ауырып қаласың», «С дәруменін көп ішсең, суық тимейді», «қызуды міндетті түрде түсіру керек» деген сияқты кеңестер де көбейеді.
RBC Trends жазуынша, олардың бәрі бірдей ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Ендеше, суық тию мен ЖРВИ туралы кең тараған 10 мифке тоқталайық.
- Суықтап қалу үшін тоңып қалу жеткілікті
Бұл – ең көп тараған түсініктердің бірі. Алайда адамның тоңуы өздігінен ЖРВИ-ді тудырмайды. Аурудың негізгі себебі – вирус.
Дәрігерлердің айтуынша, ағзаның қатты тоңуы инфекцияға бейімділікті арттыруы мүмкін. Бірақ аурудың пайда болуы үшін бәрібір инфекциялық қоздырғыш қажет. Яғни, «аяғым тоңды, сондықтан тұмау болдым» деу дұрыс емес.
- С дәруменін көп ішсең, суық тимейді
С дәруменін тұмау мен ЖРВИ-ден қорғанудың сенімді құралы деп санау дұрыс емес.
Материалда келтірілген зерттеулерге сәйкес, суық тию маусымында С дәруменін күн сайын қабылдау аурудың алдын алатынын көрсететін жеткілікті дәлел жоқ. Дегенмен кейбір деректер аурудың ұзақтығын шамамен бір-екі күнге қысқартуы мүмкін екенін көрсетеді.
Ал адам ауырып қалғаннан кейін С дәруменін өте жоғары мөлшерде қабылдау ауру белгілерін айтарлықтай жеңілдететіні немесе ауруды тез жазатыны дәлелденбеген. Сондықтан «көбірек ішсем, тезірек жазыламын» деген түсінікке сақ болған жөн.
- Суық тигенде антибиотик ішу керек
Антибиотиктер бактерияларға қарсы әсер етеді, ал ЖРВИ-дің негізгі қоздырғыштары – вирустар. Сондықтан вирустық инфекция кезінде антибиотик қабылдау ауруды емдемейді.
Керісінше, антибиотиктерді дәрігердің нұсқауынсыз және бақылаусыз қолдану жағымсыз әсерлерге әкеліп, бактериялардың антибиотиктерге төзімділігін арттыруы мүмкін. Мұндай жағдайда кейін бактериялық инфекцияларды емдеу қиындай түседі.
- Кез келген температураны бірден түсіру қажет
Дене қызуы көтерілген сайын бірден дәрі ішу міндетті емес.
Қызудың жоғарылауы – ағзаның инфекцияға қарсы табиғи қорғаныс реакцияларының бірі. Сондықтан адамның жалпы жағдайы қанағаттанарлық болса, дене қызуын әр жағдайда бірден түсіру қажет емес.
Материалда ересектерге қызуды түсіретін дәрілерді әдетте 38°C-тан жоғары температура кезінде, ал балаларға 38-39°C-тан жоғары болғанда қолдану туралы ұсынымдар келтірілген. Дегенмен нақты жағдайда адамның жасы, денсаулық жағдайы және қосымша белгілері ескерілуі керек.
- Бал қосылған жылы сүт суық тиюді емдейді
Бал қосылған жылы сүт тамақтың ауырғанын жеңілдетіп, жөтелді жұмсартуы мүмкін. Бірақ ол вирусты жоймайды және инфекцияны емдейтін дәрі емес.
Зерттеулерде балдың жөтелдің жиілігі мен ауырлығын азайтуға көмектесуі мүмкін екені көрсетілген. Алайда оның әсерін «суық тиюді емдейді» деп түсіндіруге болмайды. Яғни бал қосылған жылы сусын – симптомды жеңілдететін құрал, бірақ негізгі емнің орнына жүрмейді.
- Қызу болмаса, адам жұқпалы емес
Респираторлық инфекция кезінде адам алғашқы белгілер пайда болғанға дейін-ақ вирусты тарата бастауы мүмкін. Материалда вирус бөлінуі симптомдар басталғанға дейін шамамен бір күн бұрын басталатыны, ал ауру басталғаннан кейін тағы бірнеше күн жалғасуы мүмкін екені айтылады.
Сондықтан дене қызуы қалыпты болған адамның өзі инфекция таратуы ықтимал. Әсіресе жөтел, түшкіру және мұрыннан көп бөлінді шығуы кезінде жұқтыру қаупі жоғары болады.
- Суық тию – түк емес, ауруды «жатып» өткізуге болмайды
ЖРВИ-ді жеңіл ауру деп қабылдап, жұмысқа немесе күнделікті тіршілікке әдеттегідей араласу дұрыс емес.
Әсіресе дене қызуы көтерілген кезде ағзаға қосымша күш түседі. Мұндай жағдайда физикалық белсенділікті шектеп, көбірек демалған жөн.
Төсек режимі міндетті түрде күні бойы қимылсыз жату деген сөз емес. Оның мәні – ағзаға инфекциямен күресуге мүмкіндік беру және физикалық жүктемені айтарлықтай азайту.
- Суық тигенде сарымсақ жесең, ауру бірден кетеді
Сарымсақтың құрамында биологиялық белсенді заттар бар, олардың кейбірі қабынуға қарсы әсер көрсетуі және белгілі бір бактериялардың өсуін тежеуі мүмкін.
Алайда сарымсақтың ЖРВИ мен тұмаудың алдын алатынын дәлелдейтін жеткілікті ғылыми база жоқ. Сондықтан оны вирустық инфекцияға қарсы дәрі ретінде қарастыруға болмайды.
- Бір рет ЖРВИ-мен ауырсаң, барлық вирусқа иммунитет қалыптасады
ЖРВИ – бір ғана ауру емес. Оны әртүрлі вирустар тудыруы мүмкін.
Ағза инфекциямен күрескеннен кейін белгілі бір қоздырғышқа қарсы иммундық жауап қалыптастырады. Бірақ бұл барлық респираторлық вирустардан қорғаныс береді дегенді білдірмейді.
Тіпті бір топқа жататын вирустардың өзіне қарсы иммунитет әрдайым толық қалыптаса бермеуі мүмкін. Себебі олардың антигендік құрамы әртүрлі, ал ағза нақты қоздырғышқа бағытталған қорғаныс жасушалары мен антиденелерін қалыптастырады.
- Ауырмау үшін науқас адамдармен мүлде байланыспау
Бұл іс жүзінде әрдайым мүмкін емес. Оның үстіне адам ауру белгілері пайда болғанға дейін де вирусты таратуы мүмкін.
Сондықтан тек науқас адамдардан қашу жеткіліксіз. ЖРВИ маусымында бөлмені жиі желдету, қолды сабынмен жуу, бетке лас қолмен тимеу, адамдар көп жиналатын жерде маска тағу және ауру белгілері анық адамдармен арақашықтық сақтау пайдалы. Яғни профилактика бір ғана ережеден тұрмайды – бірнеше қарапайым әдеттің жиынтығы инфекция жұқтыру қаупін азайтуға көмектеседі.