Тұмар патшайымның тағдыры: Астанада «Томирис» балетінің әлемдік премьерасы өтеді

Тұмар патшайымның тағдыры: Астанада «Томирис» балетінің әлемдік премьерасы өтеді
Фото: El.kz

Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Астана Опера» театрында «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтеді. Сақ патшайымының ерлігі мен ел алдындағы жауапкершілігін арқау еткен қойылымда Ұлы даланың тарихы музыка, би және сахналық өнер арқылы жаңаша көрініс табады. Елордада өткен баспасөз конференциясында шығармашылық топ спектакльдің дүниеге келу тарихы, көркемдік ерекшеліктері мен дайындық барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz тілшісі.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Хамит Шаңғалиевтің музыкасына хореограф Сұлтанбек Ғұмар қойған ауқымды спектакль бостандық пен адалдық жолындағы күресті, дала өркениетінің рухын бейнелейді.

Премьера 26-27 қарашада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен театрдың Үлкен залы сахнасында өтеді.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Ермек Аманшаев: Томирис – әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға

Балеттің либреттосын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі драматург Ермек Аманшаев жазған. Оның айтуынша, қойылымның алғашқы идеясы пайда болғанына бір жылдан астам уақыт өткен. Автор үшін бұл туындының ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналуының символдық мәні зор.

Біздің мемлекеттігіміздің ғасырларға созылған даму жолы бар. Оның барлығы кеше ғана немесе аз уақыттың ішінде қалыптаса қойған жоқ. Ұлы даланың өз ұлы тұлғалары бар. Солардың ішіндегі ең киелі, ең маңызды тұлғалардың бірі – Тұмар патшайым, – деді Ермек Аманшаев.

Драматург Тұмар патшайымның тарихи маңызын түсіндіру үшін әлемдік кинематографиядан мысал келтірді. Ол көпшілікке таныс «300 спартандық» фильміндегі оқиғалар мен Томирис дәуірінің арасындағы тарихи байланысты сөз етті.

Кир мен Томирис арасындағы оқиғалар Фермопил шайқасынан шамамен жарты ғасыр бұрын болған. Томирис өз дәуірінің геосаясатында аса маңызды рөл атқарған тұлға. Біздің пайымымызша, ол Кирдің Элладаға бағытталған жорығын жарты ғасырға жуық уақытқа тоқтатты. Бұл оның өз заманында қаншалықты ықпалды тұлға болғанын аңғартады, – деді либретто авторы.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Ермек Аманшаев Ұлы дала тарихына қатысты мәліметтердің басым бөлігін грек және еуропалық тарихшылардың еңбектерінен алып жүргенімізге де назар аударды. Сонымен қатар Томирис бейнесінің еуропалық бейнелеу өнерінде кеңінен көрініс тапқанын, фламанд суретшілері, соның ішінде Рубенс те сақ патшайымының тұлғасына жүгінгенін атап өтті.

Драматургтің пікірінше, Томирис туралы қойылым – тарихи оқиғаны сахналау ғана емес, ұлттың тарихи жадын жаңғыртудың бір жолы.

Бұл – тарихқа деген құрмет, ұлы тұлғаларымызды ұлықтау. Олардың өмірі бізге ұлылықтың, Отанға қызмет етудің үлгісін көрсетеді. Көрермен Томиристің әйел ретіндегі тағдырының қаншалықты ауыр әрі күрделі болғанын да көреді. Біз осы құндылықтарды тағы бір мәрте еске салғымыз келеді, – деді Ермек Аманшаев.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Театр тарихындағы алғашқы толық форматты ұлттық балет

«Томирис» – «Астана Опера» театрының өз күшімен әзірлеген алғашқы толық форматты ұлттық балеті. Қойылымның музыкасы мен хореографиясы қатар дүниеге келген.

Қоюшы хореограф Сұлтанбек Ғұмар үшін бұл спектакль шығармашылық жолындағы жаңа белес болмақ. Себебі «Томирис» – оның алғашқы екі актілі балеті.

Бұл мен үшін өте маңызды қойылым. Осындай ұсыныс түскен кезде қатты толқыдым. Әрине, бұл – үлкен жауапкершілік. Осыған дейін театрымыздағы ұлттық балеттердің көбін шетелдік мамандар қойып келсе, бұл жолы сол міндетті осы театрда өсіп-жетілген адамға сеніп тапсырды. Сондықтан жауапкершілікті жоғары деңгейде атқаруға тырыстық, – деді Сұлтанбек Ғұмар.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Хореограф қойылымды әзірлеу барысында либретто авторы Ермек Аманшаевпен және композитор Хамит Шаңғалиевпен тығыз байланыста жұмыс істегенін айтты. Музыка мен бидің бір мезгілде дүниеге келуі спектакльдің шығармашылық ерекшеліктерінің біріне айналған.

Хамит ағамен таң демей, түн демей студияда жұмыс істедік. Мен билесем, Хамит аға сол қимылдарымды музыкаға айналдыратын. Бастапқыда туындыны симфониялық оркестр арқылы жеткізу ойымызда болды. Алайда бұл ұлттық балет болғандықтан, домбыра, сазсырнай, сыбызғы секілді аспаптарымызды пайдаландық. Олар қимыл арқылы ойды жеткізуге үлкен еркіндік берді, – деді хореограф.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Спектакльде заманауи хореография, қазақ биі мен классикалық балет элементтері үйлесім тапқан. Қарқынды билер мен ауқымды көпшілік сахналар әртістерден жоғары кәсіби шеберлікті талап етеді.

Сұлтанбек Ғұмар әртістердің сахнадағы әрбір қимылдың мәнін түсінуіне ерекше көңіл бөлген. Сонымен қатар солистерге өз кейіпкерлерінің болмысын ашуда шығармашылық еркіндік берген.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Әрбір қимыл музыканың әр нотасымен үндеседі

Композитор Хамит Шаңғалиев те музыка мен хореографияның өзара үйлесіміне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қойылымды әзірлеу барысында музыканың әрбір екпіні мен сахнадағы әрбір қимылдың үндесуіне айрықша мән берілген.

Барлығы мұқият ойластырылған. Бұған қойылымды тамашалаған кезде өздеріңіз де көз жеткізесіздер. Музыкадағы әрбір екпінге, әрбір нотаға сәйкес қимылдар мінсіз қойылған. Сондықтан бұл – өте ауқымды әрі асқан ұқыптылықпен атқарылған жұмыс, – деді Хамит Шаңғалиев.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Алтынай Асылмұратова: Бұл – менің көптен бергі арманым

«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова ұлттық балеттің дүниеге келуін көптен күткенін жасырмады. Оның айтуынша, ұлттық мәдениетті терең түсінетін, оның табиғатын сезінетін шығармашылық топтың қалыптасуы аса маңызды.

Бұл – ауқымды, өте маңызды әрі көптен күткен оқиға. Тіпті менің арманым еді деуге болады. Ұлттық балеттің жай ғана есеп үшін қойылған спектакль емес, шынайы өнер туындысы болғанын қаладым. Оны қазақ мәдениетін терең түсінетін, сол мәдениет бойына сіңген адамдардың жасағанын армандадым. Өз хореографымыз, өз композиторымыз, өз суретшіміз болғанын қаладым. Мұның құны өте жоғары, – деді Алтынай Асылмұратова.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Ол Сұлтанбек Ғұмар мен Хамит Шаңғалиевтің шығармашылық үндестігіне ерекше тоқталды. Екі өнер иесінің бұған дейінгі «Жыл мезгілдері» қойылымы да көркемдік жетекшіге үлкен әсер қалдырған.

Олар жай ғана жұмыс істемейді, өнерді сезінеді. Кейбір тұстарында көзіңе жас келеді, өйткені бәрі шынайы. Бүгінгі спектакльде де төбе шашың тік тұратын, көзіңе жас үйірілетін сәттер бар. Міне, нағыз өнер дегеніміз – осы, – деді ол.

Алтынай Асылмұратова жаңа туындыны көркемдік деңгейі жағынан әйгілі хореограф Юрий Григоровичтің «Спартак» балетімен салыстырды. Оның пікірінше, хореограф, композитор және суретшінің шығармашылық үндестігі ғана шынайы өнер туындысының дүниеге келуіне мүмкіндік береді.

Жас буынның шығармашылық еңбегі

Көркемдік жетекші қойылымның дайындық кезеңі оңай болмағанын да айтты. Театр маусымының тығыз кестесі, өзге спектакльдердің премьералары, әртістердің жарақат алуы мен сырқаттануы дайындық жұмыстарына әсер еткен.

Соған қарамастан, жас мамандар спектакльдің дайындық жұмыстарын өздері ұйымдастырып, үлкен жауапкершілік танытқан.

Сұлтанбектің Тоқтар, Айбар, Нұрмұхаммед секілді тамаша көмекшілері бар. Осы жас жігіттер барлығын өздері ұйымдастырып, өздері дайындық жүргізді. Қаншалықты қиын болса да, еңбектенді. Мен үшін олардың шығармашылық жігері таза ауа жұтқандай әсер берді. Мұндай құлшынысты көптен бері көрмеппін. Осындай мамандардың өсіп келе жатқанына, ізімізді жалғайтын буынның барына өте қуаныштымын, – деді Алтынай Асылмұратова.

Ол жас өнерпаздардың алдағы уақытта да ұлттық балет өнерінің дәстүрін жалғастыратынына сенім білдірді.

 

Томирис – жауынгер ғана емес, ана әрі әйел

Қойылымның көркемдік шешімінде сахналық костюмдер де маңызды орын алады. Костюмдер бойынша суретші Дариға Тайшықованың айтуынша, кейіпкерлердің ішкі өзгерісі мен болмысы олардың сыртқы бейнесі арқылы да ашылады.

Спектакльдің орталық тұлғасы – Томирис. Бұл қойылымды оған арналған мадақ жыры деуге болады. Біз оны ана, әйел, шабыт иесі, жауынгер және өз халқының қорғаушысы ретінде көрсеткіміз келді, – деді суретші.

Басты кейіпкер спектакль барысында бірнеше күрделі сахналық образда көрінеді. Сондықтан шығармашылық топ костюмдердің көркемдік ерекшелігімен қатар, әртістердің еркін қимылдауына қолайлы болуына да мән берген.

Қойылымда дәстүрлі көркемдік тәсілдермен бірге заманауи технологиялар да пайдаланылған. Костюмдерді әзірлеу барысында жарықдиодты элементтер, маталарды бояудың және әртүрлі материалдарды үйлестірудің тәжірибелік тәсілдері қолданылған.

Сұлтанбекпен бірлесіп жасаған спектакльдеріміздің бір ерекшелігі – сахнада қалықтаған маталарды жиі пайдаланамыз. Олар әртістердің қимылын толықтырып, сахналық көріністің әсерін күшейтеді. Бұл жолы да әр кейіпкердің өзіндік, қайталанбас бейнесін қалыптастыру үшін мұқият жұмыс істедік, – деді Дариға Тайшықова.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Томирис бейнесін сомдау – үлкен жауапкершілік

Премьера күндері Томиристің басты партиясын София Әділханова мен Торғын Лебен орындайды.

Баспасөз конференциясында балет әртісі София Әділханова осындай ауқымды туындының бір бөлшегі болғанына қуанышты екенін жеткізді.

Осындай ауқымды, әдемі әрі жан тебірентетін спектакльдің бір бөлшегі болғаныма өте қуаныштымын. Дайындық барысында хореографиядан да, музыкадан да ерекше ләззат алдық. Спектакль күрделі. Енді осы еңбегімізді қымбатты көрерменімізге ұсынатын күнді асыға күтіп отырмыз, – деді балет әртісі.

Қойылымда Спаргапис бейнесін Досхан Зейдін мен Ислам Қайыпбай, Кирдің партиясын Айдан Қалжан мен Жақсылық Сауықымбеков сомдайды. Ал амазонкалардың қолбасшысы Арнаваның бейнесін Алина Зырянова мен Лимара Айдарова сахналайды.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Айдан Қалжан: Көрермен алдында өнер көрсету – үлкен бақыт

Қойылымда Кир патшаның партиясын орындайтын балет әртісі Айдан Қалжан премьера қарсаңындағы толқынысын жасырмады. Өнер иесі ауқымды тарихи туындыда өнер көрсетудің жауапкершілігін ерекше сезініп отырғанын жеткізді.

Әлі де толқып отырмын. Өйткені бұл – өте үлкен жауапкершілік. Оны өз басым сезініп отырмын. Осы уақытқа дейін өте ауқымды жұмыстар атқарылды. Уақыттың тығыздығына байланысты кешке, түнге дейін дайындалған кездеріміз де болды. Соған қарамастан, бәріміз бір жұдырықтай жұмылып, өз өнерімізді паш еткіміз келеді, – деді Айдан Қалжан.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Балет әртісі шығармашылық ұжымның бірлігі мен ортақ мақсат жолындағы еңбегіне де тоқталды. Сондай-ақ алдағы уақытта театрдың дамуына үлес қосып, жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.

Құрметті көрермендер, сіздердің алдарыңызда өз өнерімізді көрсету – үлкен бақыт. Әрі қарай да сүйікті театрымызды көркейтуге, жаңартуға, көптеген ауқымды жұмыстарды жүргізуге атсалысамыз. Мойымай жұмыс істейміз, – деді өнер иесі.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Ұлы даланың тарихы балет сахнасында

Балеттің оқиға желісі көрерменді біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырдағы Ұлы далаға жетелейді. Шығарманың өзегінде массагеттер патшайымы Томиристің, оның ұлы Спаргапистің және амазонкалар көсемі Арнаваның тағдыры жатыр.

Кир әскерінің басып кіруі халықтың бейбіт өмірін бұзады. Туған жерін қорғау үшін ұлын майданға аттандырған Томирис ауыр сынақтарға тап болады. Оның патшайым ретіндегі міндеті мен аналық сезімі арасындағы тартыс қойылымның драмалық желісін тереңдете түседі.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Спектакльді әзірлеуге отандық және шетелдік кәсіби мамандар жұмылдырылған. Сахнаны безендіру тұжырымдамасымен жапониялық сценограф Йоко Сеяма айналысса, музыкалық редакторы әрі әрлеушісі – Әлібек Әлпиев. Жарық бойынша суретшісі – Валентин Бакоян, әдеби кеңесшісі – италиялық Марко Марокко, жобаның техникалық жетекшісі – Виктор Караре.

«Томирис» – тарихи тұлғаның ерлігін дәріптейтін қойылым ғана емес, ұлттық балет өнерінің шығармашылық мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған жоба. Оның басты ерекшелігі – Ұлы даланың тарихын, ұлттық музыканың табиғатын және қазақ хореографының авторлық қолтаңбасын бір сахнада тоғыстыруында.

Осылайша, осыдан екі жарым мың жыл бұрынғы Тұмар патшайымның тағдыры бүгінгі көрерменге балет тілімен баяндалмақ.

Оқи отырыңыз