Әлеуметтік желіде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, марқұм әнші Мәдина Ералиеваның күнделігінен үзінді таралып, көпшіліктің қызу талқысына түсті.
Желі қолданушысы Әсет Ақмолда жариялаған күнделік беттерінде әнші өзінің жеке өмірі, ана ретіндегі жауапкершілігі мен ішкі жан дүниесіндегі күйзелістерін бүкпесіз жеткізеді.
Әнші жазбасында жалғыз ұлының әкесі – белгілі режиссер Болат Атабаевпен қарым-қатынасы туралы ашық жазады:
Жалғыз ұлымның әкесі – белгілі театр режиссері Болат Атабаев. Ол да өзім сияқты өнер адамы ғой. «Кебенек киген арулар», «Естайдың Қорланы» секілді қойылымдар Болатқа үлкен табыс әкелді.
Ол ең алдымен неміс тілі мамандығын оқыған. Сосын Т.Жүргенов атындағы театр және өнер институтын бітіріп, Қарағандыдағы жалғыз неміс театрына қызметке кетті. Ол жақтан пәтер алғанға дейін мен Алматыда қалғанмын. Осы бір екі жақта өмір сүрген қиын күндер арамызға біраз салқындық түсірді. Ақыры бөлініп тындық қой. Ұлының атын Арсен деп қойған да өзі еді.
Өнер иесі гастрольдік өмір салдарынан баласына толық көңіл бөле алмағаны жанына батқанын айтады.
Өздерің білетіндей, ұлыма қарауға онша уақытым болған жоқ. Көбінесе концерттік сапарда жүрдім. Сол кезде көп уайымдаушы едім – «менің баламды бағам деп сіңлім жалғыз қалса, обалына қаламын-ау» деп... Ылғи маған демеу болып келген Сағира деген сіңлім бар. Сол сіңлім баламды көп жетеледі... Құдайға шүкір, қазір отбасылы, – деп жазған Ералиева.
Сонымен қатар ол баласының болашағына қатысты ұстанымын да анық жеткізеді:
Баласын шетелге оқытуды мақтан тұтатындар көп, менің де сондай мүмкіндігім болды. Бірақ қорықтым. Біріншіден, ол жақтың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы басқа. Балам жатбауыр болып кетуі мүмкін.
Екіншіден, біздің өзімізде де мықты білім алып шығуға болады. Оның үстіне, ұлым грантпен оқуға түсті. Қаражат тапшылығынан емес, ұлыма қатаң талап қойғандықтан. Ақшаға сенбей, өз біліміне сеніп оқысын дедім.
Күнделіктегі ең әсерлі тұстардың бірі – әншінің ішкі жан дүниесін ашық жеткізуі. Сахнада жарқырап жүрген өнер иесінің шынайы күйі мүлде бөлек болғаны байқалады:
Соңғы кезде балам екеумізді ауру-сырқау айналдырып кетті. Сырт көздің сұғы жаман деуші еді... Өзімді қойшы, ұлымның денсаулығына қатты алаңдаймын!
Арыстанбаб әулиеге қатарынан үш рет зиярат етіп қайттым. Баланың үстін қаптаған көз жара…Кейде қатты шаршаймын, тіпті жай адамдар түгілі, туған-туыс, жора-жолдастан да басымды алып қашам. «Депрессия» деуші ме еді… сол қазір менің басымда бар, – деп күйзеледі ол.
Ол мұндай күйден табиғат арқылы шығатынын жазады:
Мен өзімді алтын торға қамалған құстай сезінетін сәттерім де бар. Сондай сәтте машинаға отырып алып тауға, табиғат аясына кетемін. Тау ішін күңірентіп ән саламын айқайлап.
Аласұрған көңілім өз арнасына қайта түскендей болады. Сосын бойымдағы артық энергияны сыртқа шығарып тастап, жеңілдеп қайтамын үйге…
Мәдина Ералиева қазақтың халық әндерін ерекше нақышта орындап, ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосқан тұлға болды. Оның орындауындағы «Айқаракөз», «Ақбаян», «Сағым жылдар», «Күрең күз» секілді әндер бүгінге дейін тыңдарман жадында сақталған.
Ол «Адырна» ансамблі құрамында әлемнің көптеген елінде өнер көрсетіп, қазақ әнін халықаралық сахнаға шығарды.
Әншінің есімі ел жадында сақталып, Алматы мен өзі туған Қазалы өңірінде көшелерге берілген. Қызылордада оның атымен аталған мәдениет үйі мен музей жұмыс істейді.