Қазақстанда Мемлекеттік туды пайдалану қағидалары жаңартылды. Үкімет енгізген өзгерістер азаматтардың Туды патриоттық мақсатта кеңінен пайдалануына мүмкіндік бере отырып, оны қолданудың нақты талаптарын белгіледі. Енді мемлекеттік рәмізді үйге, балконға немесе көлік салонына орналастыруға болады. Алайда оның өзіндік ережесі бар.
Мемлекеттік туды енді қай жерлерге ілуге болады?
Жаңартылған қағидаларға сәйкес, жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік туды:
- тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға;
- жеке тұрғын үйлерге;
- балкондарға;
- салтанатты іс-шаралар өтетін орындарға;
- көлік салонының ішіне орналастыра алады.
Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтардың патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлікті және ел жетістіктеріне деген құрметті арттыру.
Жеке үйге Ту ілудің талаптары қандай?
Ережеде жеке тұрғын үйлерге қатысты нақты талаптар енгізілді. Мемлекеттік ту жерден кемінде үш метр биіктікте орналасуы тиіс. Егер ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшелігі мүмкіндік бермесе, оны үй ауласындағы жеке ту тұғырына орнатуға болады.
Тағы бір маңызды жаңалық – жеке тұрғын үйлердегі Туды түнгі уақытта міндетті түрде жарықтандыру талабы алынып тасталды.
Балконға қалай орналастырылады?
Балконға ілінетін Мемлекеттік ту 45 градус бұрышпен орналастырылуы қажет. Егер Ту тік күйде ілінсе, онда ұлттық өрнек (қошқар мүйіз) матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы тиіс. Мемлекеттік Ту қай жерде пайдаланылса да, бірнеше негізгі талап сақталуы керек.
Біріншіден, Ту ұлттық стандартқа толық сәйкес болуы тиіс. Яғни өлшемі, түсі және пропорциялары бекітілген талаптарға сай болуы қажет.
Екіншіден, Ту жерге, еденге, суға немесе басқа да беттерге тимеуі тиіс.
Үшіншіден, жыртылған, кірлеген, түсі оңған, мыжылған немесе басқа да бүлінген Туды пайдалануға болмайды. Себебі мұндай жағдайлар мемлекеттік рәміздің қадір-қасиетін төмендетеді.
Қандай жағдайларда пайдалануға тыйым салынады?
Жаңартылған қағидалар Мемлекеттік Туды пайдалануға қатысты бірқатар шектеуді де нақтылайды.
Атап айтқанда, Туды жарнамалық мақсатта пайдалануға, киім ретінде қолдануға, төсек-орын жабдықтарына бейнелеуге және дастарқан, перде, кілемше немесе басқа тұрмыстық жабын ретінде пайдалануға болмайды.
Сонымен қатар Туды қасақана бүлдіруге, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға немесе оның қадір-қасиетін қорлайтын кез келген әрекет жасауға заңмен тыйым салынады.
Спортшылар үшін ерекшелік бар
Жаңа қағидада Мемлекеттік Тудың бейнесін спортшылардың жарыс формасы мен спорттық жабдықтарында пайдалануға рұқсат берілген.
Бұл халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан сынға түсетін спортшылардың ұлттық рәмізді құрметпен көрсетуіне мүмкіндік береді.
Президент Әкімшілігі, Парламент, Үкімет, министрліктер, әкімдіктер және басқа мемлекеттік органдардың ресми сайттарында мемлекеттік рәміздердің орналасу тәртібі де нақтыланды.
Енді барлық жерде мынадай рет сақталуы тиіс:
- Мемлекеттік Ту;
- Мемлекеттік Елтаңба;
- Мемлекеттік Әнұран.
Осындай тәртіп мемлекеттік рәміздер бейнеленген ақпараттық стендтер мен плакаттарға да қолданылады.
Неліктен бұл өзгерістер маңызды?
Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді азаматтардың күнделікті өмірінде кеңінен қолдану мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұған дейін көптеген адам Мемлекеттік Туды үйіне немесе балконына ілуге бола ма деген сұраққа нақты жауап таба алмайтын.
Жаңа өзгерістер осы мәселені нақтылап, бір жағынан азаматтарға мемлекеттік рәмізді еркін пайдалануға мүмкіндік берсе, екінші жағынан оның қадір-қасиеті мен мәртебесін сақтауға қойылатын талаптарды күшейтті.
Мемлекеттік Ту – жай ғана мата емес. Ол елдің тәуелсіздігі мен егемендігін, ұлттық бірлігі мен ортақ құндылықтарын білдіретін басты рәміздердің бірі. Сондықтан оны пайдалану еркіндігі әрдайым құрмет пен жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс.