Жаңалықтар

Трактор үстіндегі 40 жыл

Гүлшат Өмірбековамен сұхбат
Трактор үстіндегі 40 жыл
22.05.2017 15:04 10315

Гүлшат Өмірбекова – қара жерді трактормен қопарып, жастық жігерін еңбек майданына арнаған жан. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында біреуден ілгері, біреуден кейін ғұмыр кешіп жатыр. Өмірінің 40 жылы трактор үстінде өтті. Әлі күнге дейін сүйікті кәсібінен қол үзген жоқ. Жақында белгілі тракторшы Кәмшат Дөненбаеваның жолын қуған Гүлшат Өмірбекованың шаңырағына ат басын бұрдық. Кейіпкеріміздің егін алқабынан енді оралған беті екен. Жайдары жүзбен жадырай қарсы алды.

Бұрымды бойжеткен Темірлан ауылы Амангелді атындағы орта мектепті аяқтаған соң дәрігер болуды қалайды. Амал нешік, сынақ емтиханынан сүрініп, оқуға түсе алмай қалады. Ақыры 16 жасар Гүлшат трактор рөліне отыруды жөн көреді. Өйткені, мектеп бітіру куәлігімен қатар, трактор жүргізушінің құжатын қоса алып шыққан болатын.

– Анам музыкант болғанымды қатты қалады. Өйткені бес жыл баян сыныбында білім алдым. Бірақ менің қалауым басқа еді. Ол кезде қарапайым еңбек адамдары бағаланатын. Соларды үлгі тұтып өстік. Қос бұрымымда қос бантик. Алып-ұшып егістік алқабына келдім. Ең бірінші «Т25» деген трактор рөліне отырдым. Кейін қыр-сырын үйреніп, жұмысты жауапты атқарған соң, басшылар маған культиватор мен комбайнды сеніп тапсырды. Осылайша таңның атысы, күннің батысы демей, жігіттермен жарысып, «Еңбек, еңбек, бәрін де жеңбек» деген ұранмен, атойлап, жер жырттық, мақта шаптық, егін ордық, – дейді трактор құлағында ойнайтын Гүлшат апай.

Кезінде Шымкент облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Рысбек Мырзашев 40 механизатор қызға ауыр техниканы сыйға тартқан. Олардың арасында Гүлшат апай да бар еді. Бүгінде сол тракторын көзінің қарашығындай сақтап отыр. Өзі әлі күнге дейін Гүлшат апайдың жан серігі.

Бұзылып, жүрмей қалса, техниканың тілін жақсы біледі, өзі-ақ майлап-сылап, жөндей береді. Тек ауыр дөңгелектерін ауыстыратын кезде ғана көрші ер адамдарды көмекке шақырады. Сондай-ақ, үш жыл бұрын қаржы жинап, 4,5 миллион теңгеге «Беларусь» тракторын сатып алыпты. Ол да қазір ауыл тұрғындарының қажетіне жарап тұр.

 – Механизатор – ауылдық жерде таптырмайтын мамандық. Әлі есімде, Мырзашев 40 қызға трактор, касемсоттың кілтін тапсырды. Алаңда ауыр техникалармен мерекелік шеру жасап, жүріп өттік. Кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Толқыдық. Кейін совхоздар тараған өтпелі кезең тұсында, басқа қыздар тракторын қаңтарып қойып, өзге кәсіпке ауысып кетіп жатты. Мен қимадым. Қазір Төрткүл мен көрші ауыл тұрғындарының тапсырысы бойынша жер жыртамын.  Мақтаның түбін қопсытамын. Тіркемемен зат тасимын. Әйтеуір бос қарап отырмаймын. Жасым 55-ке келді. Сенбейтін шығарсыз, тракторсыз менің күнім қараң, өмірім бос өтетін секілді, – дейді күліп.

Гүлшат апайдың жұмысы таңғы 6-да басталып, кешкі 8-9-ға дейін жалғасады. Трактор «жалына» жармасқан ол күніне 7-8 гектар, уақыт тығыз болса, 10 гектарға дейін арық қопсытады. Гектарына 3 мың теңге алады. Ал маусымына 300 мың теңгедей табыс табады. Бұдан бөлек, қорадағы малын бордақылап, үлесіне тиген 4 гектар жерге жоңышқа егіп, қосымша табыс тауып отыр. Оның екі гектар өнімін ауыл тұрғындарына сатса, екі гектарын буып-түйіп, үйдегі төрт түлікке қысқа азық қып сақтайды. Ал жыл аралатып, мақта мен жүгері егетіні тағы бар.

Әңгімесіне құлақ түре отырып, қонақ бөлмедегі әр бұйымға мұқият зер салдым. Көпшілігі біз тек кинодан көріп өскен, Кеңес заманындағы, бүгінде қолданыстан шығып үлгерген заттар. Десе де Гүлшат апайдың өмірінде әрқайсысының орны бөлек, ыстық. Өйткені, оларды еңбегін бағалаған ел-жұрты, совхоз ұжымы сыйлаған. Тіпті 1988 жылдары 136 тонна мақта теріп, аудан көлемінде озат атанып, арнайы марапатқа ие болған. 

Көктем шыға салысымен тракторымен жер қопсытып, дән сеуіп, жазда шөп шауып, күзде комбайн рөліне ауысып, мақта теріп, бидай орып, арасында көрші-қолаң мен өтініш айтып келген ауыл адамдарының жұмыстарын жайғап беріп, алғысына бөленген шуақты сәттерді сағынады. Қайта оралмас қызық пен қуанышқа толы, жалынды жастық шағын сағынады. Ондай кезде өзі туралы, еңбек майданында бірге шыныққан достары туралы жазылған сарғайған басылым беттерін парақтайды. Альбомды ақтарады.

– Кеңес заманы тұсында бізге қолдау мықты болды. Тұрақты жалақы алдық. Одан бөлек ынталандыру үшін, жұмысқа деген құлшынысты арттыру үшін жиі марапаттап, сыйлықтар беріп тұратын. Ірі қара мал да берді. Ең бірінші түрлі-түсті теледидарға да мен ие болғанмын. Ал музыка тыңдаймын десең, мына пластинка әлі күнге дейін істеп тұр.

Жиі шаңын сүртіп, өткенді еске аламын. Отбасымыз үшін құнды дүниелер болғандықтан барлығын көздің қарашығындай сақтап отырмын, – дейді көне суреттерге көз жүгіртіп отырып.

Ер азаматтардың өзі кейде қиынсынатын, батылдары бармайтын мамандықты игеріп, сонымен ас-суын айырып, қарапайым ауылда елеусіз тірлік кешіп жатқан Гүлшат апай  трактор үстінде өткен өміріне өкінбейді. Ал уақыт көші кері қарай жылжыса, әскери ұшақ айдар едім деп армандайды. Еңбекқор, қайсар, ер мінезіне сүйсініп, қош айтыстық. Трактор тізгіндеген Гүлшат апай болса, егіс алқабына қарай бет алды...

Сурет – Әйгерім Бегімбет

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға