Мәжіліс кулуарында депутаттар қытай автокөліктеріне қатысты пікірін ашық айтты. Бірі бірнеше жылдан бері қытай көлігін мініп жүрсе, енді бірі жапон брендтеріне адалдығын сақтап қалған. El.kz тілшісі халық қалаулыларының қандай көлік тізгіндейтінін және қытай автопромының қарқынды дамуына қалай қарайтынын сұрап білді.
Самат Нұртазаның таңдауы – қытайлық көлік
Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза екі жылдан бері қытайлық автокөлік тізгіндеп жүргенін айтты. Ол көліктің нақты маркасын атамағанымен, қазіргі таңда таңдауына көңілі толатынын және қытай брендтері туралы пікірін өзгертуге себеп көрмейтінін жеткізді.
Депутаттың айтуынша, көптеген қазақстандық әлі күнге дейін неміс және жапон көліктерін жоғары бағалайды. Соған қарамастан қытай өндірушілері қолжетімді баға мен сапаның үйлесімі арқасында нарықтағы үлесін арттырып келеді.
Қоғамда әлі де консервативті көзқарастағы адамдар бар. Олар жапон немесе неміс көліктері қытай және корей көліктерінен жақсы деп санайды. Әркімнің өз пікірі бар. Ал мен баға мен сапа арақатынасын ескеріп, қытай көлігін таңдадым, – деді депутат.
Оның айтуынша, бұған дейін мінген көлігі де қытайлық болған. Жақын уақытта көлігін ауыстыру жоспары жоқ.
Жақсы, сапалы көліктер. Еуропалық және жапониялық брендтермен бәсекеге түсе алады. Бұған дейін де қытай көлігін міндім, ал одан бұрын жапон көлігі болған, – деп қосты ол.
Ермұрат Бапи Toyota Prado мінеді
Ермұрат Бапи қытай автокөлігін өзі мініп көрмегенін айтты. Дегенмен таныстарынан бұл көліктер туралы көптеген жағымды пікір естігенін жеткізді.
Сондай-ақ депутат отандық автокөлік өндірісін қолдау мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, қытай көліктерінің импорты қазақстандық өндірушілерге қысым жасамауы тиіс.
Мен қытай көлігін жүргізіп көрген жоқпын, сондықтан тек таныстарымның сөзіне сүйенемін. Көпшілігі олардың бағасының қолжетімді екенін айтып, жақсы бағалайды. Мұнда үлкен мәселе көріп тұрған жоқпын. Бірақ импорттың артуы отандық автопромға кері әсер етпеуі керек. Бұл бағытта тиісті мемлекеттік органдар жұмыс істеуі қажет, – деді ол.
Депутаттың өзі 2008 жылы шыққан Toyota Prado көлігін мінеді. Бұл көлікті оған 50 жылдық мерейтойына сыйлаған. Бапидың айтуынша, егер көлігін ауыстыратын болса, тағы да Prado таңдайды.
Егер ауыстырсам, Prado-ны тек жаңа Prado-ға ауыстырамын, – деді мәжілісмен.
Қазақстанның қайталама нарығында 2008 жылғы Toyota Prado көлігінің бағасы жағдайы мен жабдықталуына қарай шамамен 10-13 миллион теңге аралығында.
Қарақат Әбденнің жеке көлігі жоқ
Жақында Қытайға барған Қарақат Әбден бұл елдегі өндірістің ауқымына тәнті болғанын айтты. Оның сөзінше, қытайлық өнімдер арасында әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті автокөліктер де бар.
Жақында Қытайда болып қайттым. Елдің көптеген салада жоғары деңгейде дамығанына тағы бір мәрте көз жеткіздім. Автокөлік өндірісі де соның бірі. Қытай көліктері бүгінде назар аударуға лайық. Меніңше, сапасы жағынан еуропалық көліктерден кем түспейді, ал бағасы әлдеқайда қолжетімді, – деді депутат.
Қазіргі уақытта Қарақат Әбденнің жеке көлігі жоқ. Ол қандай да бір тауарды таңдағанда ең алдымен оның сапасы мен қолайлылығына мән беретінін айтты.
Екатерина Смышляева Hyundai Tucson көлігін жүргізеді
Екатерина Смышляева автомобиль нарығындағы бәсекенің күшеюін заңды құбылыс деп есептейді. Оның айтуынша, өндірушілер технологияларын үздіксіз жетілдіріп келеді, ал тұтынушылардың таңдау мүмкіндігі артып жатыр.
Депутат бұрын Қазақстанда құрастырылған JAC автокөлігін пайдаланған. Қазір ол отандық өндірістен шыққан Hyundai Tucson көлігін жүргізеді.
Қытай автопромы соңғы жылдары үлкен серпіліс жасады. Ал мен үшін басты өлшем – еліміздің машина жасау саласын қолдау, – деді Смышляева.
Бүгінде Қазақстанда құрастырылатын жаңа Hyundai Tucson көлігінің бағасы шамамен 13 миллион теңгеден басталады. Ал толық жабдықталған нұсқаларының құны 20 миллион теңгеден асады.
Депутаттардың қызметтік көлігі
Әңгіме барысында депутаттардың барлығы бірдей көлікке қызыға бермейтіні де белгілі болды. Мысалы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов көлікті өзі жүргізбейтінін, сондықтан автонарықтағы жаңалықтарды қадағаламайтынын айтты.
Депутаттардың қызметтік сапарларының басым бөлігі арнайы қызметтік көліктермен жүзеге асырылады. Мәжіліс аппараты пайдаланатын автопаркте Hyundai Sonata, Hyundai Elantra, Kia K7 және Mercedes-Benz E-Class секілді көліктер бар.
Қазақстанда жаңа Hyundai Sonata бағасы шамамен 17 миллион теңгеден басталады. Hyundai Elantra бағасы жабдықталуына қарай 11 миллион теңгеден жоғары. Kia K7 көлігінің қайталама нарықтағы құны 15 миллион теңгеге дейін жетсе, жаңа Mercedes-Benz E-Class модельдерінің бағасы 35 миллион теңгеден асады.
Депутаттардың жауаптары олардың арасында бірыңғай таңдау жоқ екенін көрсетті. Бірі қытай көліктерін әлдеқашан таңдаса, енді бірі жапон брендтеріне адал. Ал кейбірі Қазақстанда құрастырылған автокөліктерді қолдауға басымдық береді.