Toyota Corolla түбегейлі өзгереді: жаңа модель қандай болмақ

 Toyota/Сурет ЖИ-мен өңделген
Фото: Toyota/Сурет ЖИ-мен өңделген

Жыл соңына қарай Toyota өз тарихындағы ең маңызды модельдерінің бірі – Corolla-ны толықтай жаңартудан өткізуді жоспарлап отыр.

Әлемде ең көп сатылған автомобиль саналатын бұл көлік биыл 60 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы айтулы датаға орай жапон компаниясы оның жаңа буынын таныстырмақ.

Жапониялық БАҚ-та шыққан мәліметтерге сүйенсек, жаңа Corolla қандай болатыны туралы алғашқы деректер белгілі бола бастады. Инсайдерлердің айтуынша, көліктің дизайны өткен жылдың күзінде таныстырылған аттас концепт-кар негізінде жасалады. Жаңа модельдің сырт келбеті заманауи әрі футуристік стильде болады: төбесі еңкіш, шанағының сызықтары өткір, ал жарық шамдары күрделі әрі ерекше дизайнмен орындалады. Сыртқы келбеті жағынан ол Toyota-ның bZ электрлі модельдер желісіне ұқсап кетуі мүмкін.

Toyota

Көліктің ішкі салоны жүргізушіге барынша ыңғайлы әрі көрінісі кең болатындай етіп жасалады. Сонымен қатар жолаушыларға арналған орындықтар бұрынғыдан да жайлы болмақ. Жалпы, жаңа буын Corolla-да ыңғайлылыққа ерекше көңіл бөлінген.

Toyota

Toyota инженерлері жүргізушіге көлікті басқаруды жеңіл әрі ыңғайлы ету үшін заманауи көмекші жүйелерді енгізуді көздеп отыр. Айта кетейік, жаңа модель жақында Фудзи автодромында сынақтан өтіп, оны куәгерлер байқап қалған.

Toyota

Техникалық жағынан да жаңалықтар бар. Көлікке жаңа буындағы 1,5 литрлік, төрт цилиндрлі бензин қозғалтқышы орнатылады деп күтілуде. Бұл мотор жоғары тиімділігімен, қуатының артуымен және жанармайды үнемді тұтынуымен ерекшеленбек.

Toyota

Сонымен қатар бұл қозғалтқышты электромотормен бірге қолдануға болады. Көліктің классикалық гибрид түрі де, қуат көзіне қосып зарядталатын гибрид (PHEV) нұсқасы да ұсынылуы мүмкін. 

Toyota

Ал PHEV нұсқасында автомобиль тек электр қуатымен 90 шақырымнан астам жол жүре алады.

Toyota

Осылайша, Toyota Corolla-ның жаңа буыны сыртқы келбетімен ғана емес, технологиялық мүмкіндіктерімен де айтарлықтай жаңарып, нарықтағы позициясын одан әрі нығайтуды көздеп отыр.

Оқи отырыңыз