Соңғы уақытта жастар арасында үлкен той өткізуден бас тартып, оның орнына баспана алуды, кәсіп ашуды немесе саяхаттауды жөн көретіндер көбейіп келеді. Олар бір күндік думанға миллиондаған теңге жұмсағанша, сол қаржыны отбасының болашағына инвестициялаған дұрыс деп санайды.
Бұл үрдіс қазақтың той мәдениеті өзгеріп келе жатқанын көрсете ме? Әлде қоғам «ел не дейді?» деген түсініктен біртіндеп арылып жатыр ма?
Той жасамай, баспана алған
Астана тұрғыны Әсемгүл Қалила жолдасымен бірге үйлену тойын өткізуден бас тартқан. Оның айтуынша, үлкен тойдың шығынын екі жақтың ата-анасы көтеруі керек болған. Жас отбасы ата-аналарына артық салмақ салмай, қаражатты баспана алуға және кәсіп бастауға жұмсауды жөн көрген.
Біз той жасаған жоқпыз. Тойдың шығынын екі жақтың ата-анасы көтеруі керек еді. Ол кісілерге артық жүк артқызбайық деп шештік. Тойға жұмсалатын ақшаны жинап, Астанадан үй алдық, кәсіп аштық. Бір күндік тойға шығындалғанша, өмір бойы мәселе болып келетін баспана мәселесін шешуді дұрыс көрдік. Дегенмен шағын сырға салу мен беташарды қазақтың дәстүріне сай өткіздік. Кейін естелік үшін фотосессия жасадық, – дейді Әсемгүл Қалила.
Оның пікірінше, отбасылық өмірді бастағанда ең маңыздысы – қонақтардың саны немесе тойдың сән-салтанаты емес, ертеңгі күнге сенімді негіз қалау.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Үлкен тойлардың орнын шағын формат басқан
Той жасаудан толық бас тартпағанымен, оның форматын өзгертуді қалайтын жастар да бар. Той ұйымдастырушы Ако Әлібайқызының айтуынша, қазір 30-100 адамға арналған, өзіндік концепциясы мен ерекше атмосферасы бар шағын мерекелерге сұраныс артып келеді.
Қазір жастар арасында 30-100 адамға арналған, концепциясы айқын шағын тойларға сұраныс артты. Жастардың дүниетанымы өзгерген. Әсіресе, зумер буыны үшін жеке таңдау, жайлылық пен эстетика маңызды. Олар әлеуметтік желілердегі wedding-трендтерді бақылап, дәстүрлі банкеттен бөлек форматтарға, ерекше режиссура мен визуалды атмосфераға қызығады. Сондықтан қазір тойдың қонақ санынан гөрі, мазмұны мен ұйымдастырылуына көбірек мән беріледі, – дейді той ұйымдастырушы.
Оның сөзінен қазіргі жастардың тойдан мүлде бас тартпай, оны өз талғамы мен мүмкіндігіне қарай ұйымдастыруға бейім екенін аңғаруға болады. Яғни бұрынғыдай жүздеген адам шақырып, бірнеше сағатқа созылатын мерекенің орнына жақын адамдар ортасында өтетін шағын кештерге қызығушылық артып келеді.
Бір күндік думан қанша тұрады?
Той форматының өзгеруіне қаржылық фактордың да әсері бар. Finprom зерттеуіне сәйкес, Алматыда неке қию рәсіміне кететін шығын 128,3 мың теңгеден басталады. Ал қымбат киім мен әшекейлер таңдалса, бұл сома 474 мың теңгеден асады.
50 адамға арналған Wedding Weekend форматының құны 1-4,2 миллион теңге аралығында. Бұл бюджетке локация, кейтеринг, киім, неке жүзіктері, декор, фото-видео қызметі және тойбастар кіреді.
Ал 300 адамдық дәстүрлі тойдың ең үнемді нұсқасы 8,7 миллион теңгеге бағаланған. Оның 7,5 миллионы мейрамхана мен ас мәзіріне жұмсалады. Премиум форматтағы осындай тойдың құны 57,8 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Мұндай бюджетке қымбат мейрамхана, декор, бірнеше көйлек, торт, өнерпаздар мен асабаның қызметі кіреді.
Әрине, бұл көрсеткіштер Алматыдағы той форматтарының есептік құны екенін ескерген жөн. Дегенмен сандардың өзі бір күндік мерекені ұйымдастыру үшін қомақты қаржы қажет екенін көрсетеді.
«Той бәсекеге айналып кетті»
Психолог Ержан Мырзабаевтың пікірінше, үлкен тойлардан бас тартудың бір себебі – мерекенің бастапқы мағынасының өзгеруі. Оның айтуынша, кейбір отбасылар үшін той қуанышты бөлісудің орнына, өзгелермен бәсекелесіп, әлеуметтік мәртебесін көрсететін алаңға айналған.
Бізде тойлар бір-бірімен жарысуға, өзін көрсетуге ұласып кетті. Жастар осындай мерекелерден шаршағандықтан, үлкен тойдың мәнсіз тұстарын көріп, одан бас тартуға бейім. Олар бір кешке қыруар қаржы жұмсағанша, үй немесе көлік алып, отбасылық өміріне ұзақ уақыт пайдасын тигізетін дүниеге инвестиция салуды жөн көреді. Бұл – қалыпты жағдай. Заман өзгереді, қоғам дамиды, адамдардың құндылықтары да соған қарай жаңарады, – дейді психолог.
Маманның пікірінше, мұндай таңдауды дәстүрден бас тарту деп қабылдауға болмайды. Керісінше, жастар өз өміріне қатысты шешімді сыртқы қысымға емес, жеке қажеттілігі мен мүмкіндігіне қарай қабылдауға ұмтылып келеді.
Әлеуметтік желіде де пікір екіге бөлінді
Үлкен той жасау мәселесі Threads желісінде де қызу талқыланып жүр. Кейбір қолданушылар балаларының үйлену тойын өткізбей, қаражатты баспана алуға жұмсағанын жазса, енді бірі тойға қатысты қалыптасқан қоғамдық қысымнан шаршағанын айтады.
Балам үйленді. Той да, құдалық та болған жоқ. Екі жақ ақылдаса келе, тойға кететін ақшаны үй алуға жұмсадық, – дейді Мирас есімді қолданушы.
Ал Мадияр есімді желі қолданушысы тойды қысқарту дәстүрге қарсы шығу емес екенін атап өткен.
Тойды қысқарту – салт-дәстүрден бас тарту деген сөз емес. Қазақтың дәстүрі ысырапқа емес, ұрпаққа өнеге болатын ұстанымдарға негізделуі керек. Қазір бір тойға бір жылдық табысты жұмсау қалыпты жағдайға айналып барады. Бес сағаттық көңіл көтеру үшін бес жылдық несие арқалап жүрген отбасылар қаншама, – деп жазады ол.
Тағы бір қолданушы Нарзуллаева да отбасылық мерекелерді міндетті түрде дүркіретіп өткізу керек деген түсінікпен келіспейтінін жеткізген.
Мен үлкен той жасағанды ұнатпаймын. Қызым тұрмысқа шыққанда да той өткізбедік, өз арамызда ғана атап өттік. Қалжа да жасамадық, баланың қырқынан шығару рәсімін өзіміз өткіздік. Соған қарамастан, айналамдағы адамдар «Неге той жасамадыңдар, неге шақырмадыңдар?» деп ренжіп жүр. Бірақ әр отбасы өзіне ыңғайлы шешім қабылдауға құқылы. Біреу ренжісе, ренжи берсін, – дейді ол.
Қоғамдағы бұл өзгеріс той дәстүрінің жойылып бара жатқанын білдірмейді. Керісінше, жастардың мерекені ұйымдастыруға деген көзқарасы түрленіп келеді. Бірі шағын той өткізсе, енді бірі қаражатты баспанаға, кәсіпке немесе саяхатқа жұмсауды таңдайды. Ал кейбірі дәстүрлі рәсімдерді сақтай отырып, артық шығыннан бас тартуға тырысады.
Тойдың мәні қонақтың көптігімен немесе жұмсалған қаржының көлемімен өлшенбесе керек. Ең бастысы – жас отбасының өз мүмкіндігіне қарай шешім қабылдап, жаңа өмірін қарыздан емес, берік негізден бастауы.