Жаңалықтар

Төтенше жағдайлар министрлігі 16 тікұшақ сатып алады

Төтенше жағдайлар министрлігі 16 тікұшақ сатып алады
Фото: El.kz 15.06.2023 17:52 1074

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев ведомство қарамағындағы техника саны бойынша түсінік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлемде орман әрі дала өрті көбейгені байқалып отыр. Қазақстанда үш жыл бұрын 700 орман өрті тіркелсе, былтыр 757 өрт болды. Қазірдің өзінде 146 орман өрті тіркелді. Өртке қарсы қызметтерді қамтамасыз ету, жабдықтау мәселесіне тоқталсақ, елді мекендерді өрттен қорғап жатқан 426 өрт сөндіру бөлімі ұйымдастырылған. Алайда норматив деңгейіне жету үшін тағы да 121 осындай бөлімді салу керек, - деді И. Күлшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, жол картасы бойынша ел аумағында 21 өрт сөндіру бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Кейінгі 10 жылда 18 нысан ғана салынған. Былтырдан бері бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілді.

Техника жайында айтатын болсақ, Төтенше жағдайлар министрлігінің техникамен жабдықталуы 80 пайыз деңгейінде. 3600-ден астам техника болуы керек, қазір соның 3200-і бізде бар, яғни 430 техника қажет. Атап айтқанда, 470 техниканы пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен, - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселені шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында кешенді жоспар әзірленді.

Наурыз айында республикалық бюджет комиссиясы отырысында 605 млрд теңге мақұлданып, соның 536 млрд теңгесі Төтенше жағдайлар министрлігіне, 48 млрд теңгесі Экология министрлігіне, және 20 млрд теңгесі жергілікті атқарушы органдарына қарастырылған. Сонымен қатар, әуе құтқару жүйесін дамыту үшін кейінгі үш жылда 11 тікұшақ алынды. Кешенді жоспар аясында 2027 жылға дейін тағы 16 тікұшақ жеткізіледі, - деді Ибрагим Күлшімбаев.

Бұдан бөлек ол баспанасыз жүрген қызметкерлерге өтемақы ретінде берілетін қаражат қарастырылып жатқанын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға