Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанның жоғары білім жүйесі жасанды интеллект дәуіріне шұғыл бейімделуі қажет екенін мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, жасанды интеллект қазірдің өзінде әлемдік еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатыр. Халықаралық валюта қорының дерегіне сәйкес, әлемдегі жұмыс орындарының шамамен 40 пайызы ЖИ ықпалына ұшыраған. Әсіресе, заңгерлер, аудармашылар, бухгалтерлер, қаржыгерлер мен талдаушылар сияқты кеңсе қызметкерлері жаңа технологиялардың әсерін алғашқылардың бірі болып сезініп жатыр.
Бүгін студенттерге оқытылып жатқан дағдылардың 40 пайызы 2030 жылға қарай өзектілігін жоғалтады немесе түбегейлі жаңартуды қажет етеді. Сондықтан біз өзгеріске қазірден дайын болуымыз керек. Яғни, небәрі төрт жылдан кейін. Бұл – ертеңгі емес, бүгінгі шындық. IBM мен Microsoft сияқты алпауыттар қазірдің өзінде мыңдаған қызметкерін қысқартып жатыр. Сондықтан біздің бір қарағанда оғаш көрінетін тұжырымым мынау: ЖИ дәуірінде, университет тар мамандықтарға қамалып қалмай, іргелі жәнегуманитарлық бағытты күрт күшейтуіміз керек, – деді депутат.
Асхат Аймағамбетов университеттердің дәстүрлі білім беру моделінің ескіргенін атап өтті. Оның пікірінше, енді жоғары оқу орындары тек тар бейінді маман дайындаумен шектелмеуі тиіс. Керісінше, философия, социология, тілдер, логика және этика сияқты іргелі әрі гуманитарлық пәндердің маңызы арта түседі.
Ол қазіргі таңда мемлекеттік білім гранттарын бөлу жүйесі де қайта қарауды қажет ететінін айтты. Себебі гранттар құрылымы жасанды интеллект кең таралмай тұрған кезеңде қалыптасқан. Мәселен, бүгінде «Аударма ісі», «Халықаралық қатынастар» және «Құқық» мамандықтарына сұраныс жоғары болғанымен, дәл осы салалар автоматтандыру қаупіне көбірек ұшырап отыр.
Сонымен қатар, депутат ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және металлургия секілді нақты экономика үшін маңызды салаларға талапкерлердің аз баратынына назар аударды.
Жасанды интеллект кодты өзі жаза алатын заманда біз кешегі күннің кодерлерін дайындап жатырмыз. Енді мүлде жаңа құзыреттер қажет, – деді ол.
Асхат Аймағамбетов кәсіби стандарттардың да заман талабына сай келмейтінін сынға алды. Оның сөзінше, қолданыстағы көптеген стандарттар жасанды интеллектінің ықпалын ескермейді. Соның салдарынан жоғары оқу орындары формалды түрде талаптарға сай болғанымен, іс жүзінде кешегі күннің мамандарын даярлап жатыр.
Депутат жасанды интеллект әр мамандықтың оқу бағдарламасына жеке пән ретінде емес, барлық профильдік дисциплиналарға кіріктірілуі керек екенін атап өтті. Мысалы, заңгерлер нейрожелілерді сот тәжірибесін талдауға, ал сәулетшілер генеративті дизайнға қолдана алуы тиіс.
Сондай-ақ ол оқытушылардың шамадан тыс жүктемесі мен бюрократиялық кедергілер ЖИ-ді білім беру жүйесіне енгізуді тежеп отырғанын жеткізді.
Жасанды интеллектпен жұмыс істеуді қамтымаған диплом – бұл адамның төрт жыл бойы тек ғимаратқа барып-келгенін растайтын қымбат анықтама ғана, – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутаттың пікірінше, жаңа дәуірде университеттердің басты міндеті – студентке дайын мамандық емес, өмір бойы білім алу қабілетін қалыптастыру.