Жаңалықтар

Төрт жыл төсекке таңылып, кейін таксист болған азаматтың бір күні

Төрт жыл төсекке таңылып, кейін таксист болған азаматтың бір күні
Фото: ©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ 18.05.2023 14:44 2858

El.kz ақпарат агенттігі әрбір бейсенбі сайын белгілі бір мамандық иесінің бір күнін өмірімен оқырмандарды кеңірек таныстыруды қолға алған едік. Бүгін біздің кейіпкер – такси жүргізушісі. Кейіпкеріміз мүмкіндігі шектеулі жас жігіт болса да, екі жылда екі жер алып, үй салған.

Ол 24 жасында күтпеген жерден құлап, 8 ай аурухана төсегіне танылған. Содан аяқ-қолы икемге келмей, 3 жыл 6 ай төсекке таңылды. Ұзақ уақыт денсаулығын қалыпқа келтіре алмаған біздің бүгінгі кейіпкеріміз екі аяғынан тік жүріп тұра алмаса да миллиондап табыс тауып отыр. Айтпақшы,  оның есімі - Бақытжан Жарасұлы. Шымкент қаласының тұрғыны.

Кейіпкерімізді сұхбатқа көндіру оңай болмады. Өзінің жағдайын жалпақ жұртқа көрсеткенді қаламайтынын, бұған дейін де талай рет телеарнаға түсуден бас тартқанын айтты. Ал біздің міндет – еңбегі ерлікпен пара-пар осындай азаматтарды елге паш ету. Түсіндірдік, ол келісті. Сөйтіп кешкі 21:00-ден бастап таксист жігіттің көлігіне мініп алдық.

«Яндекс» қосымшасы қосулы, телефонында тыным жоқ. Жұмысына кедергі келтірмеуге барынша тырыстық. Кезекті клиенттен тапсырыс Бозарық шағын ауданы, «Керуен» сауда маркетінен түсті.  

Діттеген жерге жеткенше салон бос, өзіміз жол-жөнекей әңгімелесіп бардық. Одан қайда туып-өскенін, бұл жағдайға қалай түскенін сұрап білдік.

Өзі Бәйдібек ауданының тумасы, Жамбыл орта мектебін үздік бітірген. Колледжге оқуға түскен, бірақ белгілі себептерге байланысты оқуын жалғастыра алмапты. Одан соң Қазақ ұлттық университетіне журналистика факультетіне құжат тапсырады, алайда оны да оқи алмайды. Сөйтіп, жүріп әскерге аттанады. Бір жыл Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, Қызылорда қаласындағы ірі мұнай-газ компаниясында жұмыс істейді. «Жазым аяқ астында». Ойнаймын деп от басады. Достарымен алысып-жұлысып ойнап тұрғанда биіктен құлап кетеді. Екі кештің ортасында ауруханадан бір-ақ шыққан ол 8 айда есін әзер жинайды. Содан жүйке талшықтарына зақым келіп, аяқ-қолдары жансызданып қалады.

Біреуге күнің қараған жаман екен. Орнымнан тұрудың өзі арман болды. Осылай жата берем бе деп, әуелі қолдарымды шынықтырумен болдым, – дейді Бақытжан.

Қайта-қайта шынығып, үш жарым жылда денесін де икемге келтіріпті.

10 минутта клиент тұрған жерге жеттік. Олар екеу екен. Іште артық адамның отырғанын көріп, такси қызметінен бас тарта ма деп едік, қарсы болмады. Біз сұрақ-жауабымызды жалғастырдық. Әңгіме барысында оның такси тізгіндеуге достарының бірі себепші болғанын естідік.

Дәрігерге көрініп, қаралып тұру үшін көлік шақыртатынбыз. Емделіп жүрген соң үстімнен қолаңса иіс шыға ма, білмеймін, жүргізушілер қас-қабағы тыржиып, жақтырмай қалатын. Іштей біртүрлі сезінесің. Көлікті өзім айдаймын, ол үшін қарызға болса да ақша тауып, машина алуым керек деп шештім. Маған несие шықпайды, содан достарымның біріне хабарласып, пайызбен болса да ақша беретін таныс сұрастырдым. Ол, керісінше, мысқылдады. Мына жағдайыңмен қашан қарызды төлеп құтылмақшысың деп келеке еткендей болды, – дейді кейіпкеріміз.

Төрт жыл төсекке таңылып, кейін таксист болған азаматтың бір күні

Артқы салонда отырған жолаушыларда үн жоқ. Жүргізушінің бұл халі оларға да басқаша әсер етсе керек, Нұртас шағынауданындағы Гүлдала көшесіне қалай келіп жеткенімізді аңғармай қалыппыз. Жолаушы Ерасыл Жолданов «осы жерден тастап кетсеңіз болады» дегенде ғана «Яндекс» картаға қарадық. 20 минутта келіп жетіппіз. Олар Каспи қосымшасымен жолақысын аударып, жүргізушіге алғысын айтып кетті.

Сол сәтте «Яндекстен» тағы тапсырыс түсті. 150 метр жерде келіншектердің сұлбасы көрінді. Олар үшеу екен. Бізді көрген бойда қосымшадағы «отказ» білгісін басып, басқа такси шақырды.

Төрт жыл төсекке таңылып, кейін таксист болған азаматтың бір күні

Нұртасты айналып, Нұрсәт шағын ауданынан шықтық. Жолда қол бұлғап тұрған жолаушыны ала кетейік деп едік, ол да іштегі адамды көріп бас тартты.  

Орталық көшедегі бағдаршамды айналып өте бергенде, келесі тапсырыс түсті. Клиент жолдың бойына шығып тұрды. Дұрыс түсінбей қалмауы үшін оған тілші екенімізді айттық. Жалғыз екен, келісімін берген соң бағытты Тұран шағынауданына қарай алдық...

Бақытжан Жарасұлы миығынан күлген досының сөзінен кейін ұмтылысының артып, жігерленгенін айтады. «1 стақан суды алысқа қойып, шөлдегенде соған жетем-жетем деп, біртіңдеп орнымнан тұруға талпындым», - дейді ол. Одан соң қолына оқтау алып, машинаны айдап отырғандай күйде әбден дайындалыпты. Сөйтіп жүріп өсім пұлмен 1 миллионнан аса қаражат сұрайды. Оны алып, өзі ойлаған көлікті тізгіндейді. Бір күн жатпастан таксист болуға кіріседі.

Нақты мақсатпен өмір сүрген ол тапқан табысын тірнектеп жиып, 4 жылда барлық қарызынан құтылады. Қосымша ақша жинап, Шымкенттің екі ықшам ауданынан 2 жер сатып алып қояды. Әуелі кішкентай үй соғады, кейіннен сол үйді үлкейтеді. 

Бақытжанның ағаш ойып, кеменің түр-түрін жасайтын өнері де бар екен. Сол өнерінің арқасында кейін келе көліктің газын басып отыруға ыңғайлап арнайы құрылғы ойлап табады.

Кейіпкеріміз тәулігіне 21 сағат тынбай жұмыс істейді. 3 сағаттық ұйқы жетеді дейді ол. Таңғы 6-да тұрып денесін шынықтырады, 2 сағат үзбей арнайы мамандар тағайындаған жаттығуларды жасайды. Таңғы ас ішіп болған соң ағаштан түйін түюге кіріседі. Тапсырысты орындап біту үшін күндізгі уақытта таксилетуге шықпай қалатын кездері де бар.

Шынын айтқанда таксидегі жұмыс кешкі уақытта қызады. Сіздерді де сол уақытқа арнайы шақырдым. "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" деп бекер айтылмаған ғой. Еңбек еткенге несібе көп. Осы күніме шүкір деймін. Қолым қимылдады, енді аяғымнан нық тұрсам үлкен бизнес бастауға бекініп отырмын. Соғыс тактикасында бабаларымыз «Қадам сайын қамал алып, жеңбесем де мен жеңілдім, бірақ түбі жеңемін» деген екен, сол сияқты мен де өз қадамдарымды жасап жатырмын, - дейді таксист жігіт.

Әңгіме барысында оның мотивациялық кітаптарды, тарих, әдеби шығармаларды көп оқығанын, әлі де оқитынын байқадық. Мысалдатып, мақал-мәтелдетіп, арасында өлеңдетіп сөйлейтін өнерден де кенде емес.

Өткенге кіріп кеткеніміз сонша артқы салонда отырған жолаушыны ұмытыппыз. «Яндекс» картаға да әңгіме қызық болғандай ол да нақты мекен жайдан ауытқып кетіпті. Бір жерді үш айналып өттік. Клиентті түсіріп, сол тұстан қайтадан Бозарық шағынауданына бет алдық.

Бақытжан дәл осылай таңғы алтыға дейін халыққа қызмет көрсетеді. Айтып өткеніміздей, уақыт тапса, түстен кейін ғана 3-4 сағат ұйықтап көз шырымын алады, одан соң қайтадан кешкі жаттығуды жасайды. Шаршап қалмайсыз ба деген сұраққа, жоқ деп жауап берді.

Жол ережесін бұзбауға тырысады. Соған қарамастан былтыр 28 рет айыппұл төлепті.

Айыппұлға түсе салысымен, бірден төлеймін. Сонда 50 пайыз жеңіл болады. Жылдамдықты асырмаймын. Шымкентте жолдар жөнделіп әлі біткен жоқ. Сол себепті жол жүру ережелері өзгеріп тұрады, көбіне соны байқамай қала беремін,-дейді Бақытжан.

Төрт жыл төсекке таңылып, кейін таксист болған азаматтың бір күні

«Opel» маркалы көлікпен жүріп-ақ күніне 30 мың теңге табыс табатын таксист жігіттің жасы енді ғана 31-ге толады, басы бос. Осы жасқа дейін өмірдің ащысын да тұщысын да татып көрген Бақытжан Жарасұлының жеткен жетістігі аз емес. Қайда жүрсе де үздік болған. Әскерде де, жұмысында да алғыс хаттармен марапатталып, көзге түскен қайсар мінезді, ұшқыр ойлы, сегіз қырлы, бір сырлы азамат. 6 жасынан ата-анадан көз жазып қалса да тағдырға мойымай, керісінше өмірінде кездескен әрбір жанға алғыс айтудан шаршамайды.

Репортажымызды түсіру барысында жүргізушімен таңға дейін жүрдік деп айта алмаймыз. Себебі жұмысына кедергі келтіретінімізді білдік. Алайда 4 сағаттың ішінде нағыз еңбекқор, мүмкіндігін ешқашан шектемеген ерік-жігері мықты азаматпен жақын таныс болдық деп айта аламыз. Таксиге әртүрлі көзқарастағы жолаушылардың мінетінін, тіпті кейбіреулер ішкі сырын ақтару үшін таксисті сағаттап жалдап алатынын, жұмыссыздыққа әбден еті үйреніп жалқаулыққа салынып кеткен ер кісілер мен жастардың барын, көпбалалы ана болса да отбасын асырау үшін бір емес, бірнеше жерде жұмыс істейтін әйелдердің көп екенін естідік.

Төрт жыл төсекке таңылып, кейін таксист болған азаматтың бір күні

Әлемде қанша адам болса, сонша тағдыр болатынына тағы бір көз жеткіздік. Арман-мақсат, нақты жоспар мен тынымсыз әрекет қана жетістіктің бастауы бола бермек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға