Төрт баласы бар отбасы мемлекеттен қанша алады?

 ЖИ арқылы жасалды
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанда көпбалалы отбасыларды қолдау мемлекет әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Бүгінде төрт және одан да көп баласы бар жүздеген мың отбасы табысына қарамастан ай сайын мемлекеттік жәрдемақы алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақылармен орта есеппен 876,8 мың отбасы қамтылған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен жалпы көлемі 114 миллиард теңге бөлінген.

Оның ішінде көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 629 мың отбасы алған. Бұл бағытқа 99,4 миллиард теңге жұмсалған. Ал «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталған 247,8 мың анаға 14,6 миллиард теңге көлемінде төлем жүргізілген.

Тек ақпан айының өзінде аталған төлемдермен 878,4 мың отбасы қамтылды. Оның ішінде 630,6 мың көпбалалы отбасыға 50,2 миллиард теңге, ал наградталған аналарға 7,3 миллиард теңге көлемінде жәрдемақы төленді.

Көпбалалы отбасына арналған мемлекеттік жәрдемақы төрт және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған баласы немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде білім алып жатқан студент балалары бар отбасыларға тағайындалады. Ең бастысы – бұл төлем отбасының табыс деңгейіне қарамай беріледі.

Биыл жәрдемақы мөлшері бала санына қарай белгіленген. Атап айтқанда, төрт баласы бар отбасылар ай сайын 69 330 теңге алады.

инфографика El.kz

Мемлекет көпбалалы отбасылармен қатар, бала тәрбиесіне сүбелі үлес қосқан аналарды да қолдайды. «Күміс алқа» иегерлеріне ай сайын 27 680 теңге төленеді. Ал «Алтын алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар және І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерінің иелері ай сайын 32 005 теңге көлемінде жәрдемақы алады.

Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10 пайызға ұлғайтылған.

Осылайша, мемлекет көпбалалы отбасылар мен аналарды қолдау шараларын кезең-кезеңімен күшейтіп, әлеуметтік кепілдіктердің қолжетімділігін арттыруды жалғастырып отыр.

Оқи отырыңыз