Төрт әлем чемпионы: қазақы тазы Италиядағы дүниежүзілік көрмеде тарихи жетістікке жетті

 ЖИ арқылы жасалды
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Қазақ даласының қырағы серігі саналған тазы енді әлемдік аренада да топ жарып жүр. Италияның Болонья қаласында өткен World Dog Show 2026 көрмесінде қазақы тазы төрт бірдей әлем чемпионы атағын жеңіп алып, халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды.

Көрме барысында қазақстандық тазы тұқымының өкілдері тамаша нәтиже көрсетіп, ұлттық кинологияның әлеуетін әлемге паш етті. Байқауға қатысқан қазақстандық иттердің барлығы сарапшылардан ең жоғары «өте жақсы» деген баға алды.

Нәтижесінде Лашын мен Рея әлем чемпионы атанса, Челси мен Табиғат жасөспірімдер арасындағы әлем чемпиондары атағын жеңіп алды. Бұл – қазақы тазы тұқымы үшін ғана емес, жалпы отандық кинология үшін үлкен жетістік.

Әсіресе, әлемнің ең үздік тазы тұқымдары бақ сынаған жарыста қазақстандық Челси мен Перстің өз жас санаттарында үздік төрттікке енуі мамандардың назарын аударды. Бұл қазақы тазының халықаралық деңгейдегі бәсекеге толық қабілетті екенін көрсетті.

Ел кз 

Көрме аясында қызығушылық тек жарыс алаңымен шектелген жоқ. Қазақстанның ұлттық стенді көрменің ең көп келуші жиналған және ерекше назар аударған алаңдарының біріне айналды. Келушілер қазақ халқының ежелгі аңшылық дәстүрімен тығыз байланысты тазы тұқымының тарихы, ерекшеліктері және қалыптасу жолы туралы ақпарат алды.

Сонымен қатар FCI төрешілері үшін арнайы дәріс ұйымдастырылып, онда қазақы тазының шығу тарихы, тұқым стандарты мен бірегей қасиеттері жан-жақты таныстырылды. Бұл ұлттық тұқымның халықаралық деңгейде танылуына ықпал ететін маңызды қадамдардың бірі болды.

Көрменің ең әсерлі сәттерінің бірі TOP Dog 2026 шоуында өтті. Мыңдаған көрермен жиналған басты аренаға Қазақстанның мемлекеттік туы астында Дастер есімді тазы шығып, ұлттық тұқымды әлем жұртшылығына мақтанышпен таныстырды. Бұл көрініс көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, қазақы тазының халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыра түсті.

Мамандардың айтуынша, Италиядағы бұл жетістік кездейсоқ емес. Соңғы жылдары Қазақстанда ұлттық ит тұқымдарын сақтау, көбейту және халықаралық деңгейде насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.

Болоньядағы жеңіс қазақы тазының әлемдік кинологиядағы орнын айқындап қана қоймай, оның толыққанды халықаралық мойындалуға қарай сенімді қадам басып келе жатқанын дәлелдеді. Бір кездері қазақ даласының сенімді серігі болған тазы бүгінде әлемдік аренадан өз орнын алып, ұлттық мұрамыздың жарқын символдарының біріне айналып отыр.

Оқи отырыңыз