Жаңалықтар

Төр Алтай туризмнің төріне айнала ма?

Төр Алтай туризмнің төріне айнала ма?
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 08.04.2024 13:05 369

Биыл Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы. Айтулы жылдың тұсауы 28-29 наурыз күндері Бейжің қаласының «China National Opera House» мәдениет үйінде өткен Қазақстан-Қытай туристік және инвестициялық форумында кесілді. Форумда екі елдің туризм саласына қатысты оннан астам келісім жасалды. Бұл Қытаймен шекаралас еліміздің бірқатар өңірінде, оның ішінде Шығыс Қазақстанда туризмді дамытуға тың серпін бермек.  

Жоспар бойынша 2024 жылы біздің елге Қытайдан 360 мыңнан астам турист келеді деген болжам бар. Соның біразы табиғаты ғажап, тарихы бай Төр Алтайды бір көруге қызығушылық білдіріп отырғанға ұқсайды. Оның үстіне екі мемлекет арасында визасыз режим енгізгелі бері арадағы алыс-беріс, барыс-келіс бұрынғыдан да жиілей түсті. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, «аспан асты» елімен визасыз режим енгізілгелі 173 мың қазақстандық Қытайға сапар шексе, ол жақтан 126 мың шетелдік бізге келген екен. Алдағы уақытта Қытайдан ағылатын туристер саны ұлғаймаса кемімейді деп отыр мамандар.

Туристерді жыл он екі ай қабылдауға дайын

Биыл Шығыс Қазақстан облысында туризм саласында дамытуға 18 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Былтыр бұл сома 15 млрд теңге көлемінде болған. Аталған қаражат көлік логистикасын, сервис пен қонақүй инфрақұрылымын жақсартуға және басқа да қажетті жобаларға бағытталмақ. Бір айта кетерлігі, Шығыста туризмнің қысқы және жазғы түрлерін дамытуға мүмкіндік жетеді. Қыс маусымында демалушыларды Глубокое, Алтай, Ұлан аудандары мен Өскемен, Риддер қалалары құшақ жая қарсы алса, жаздыгүні Самар, Алтай, Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Зайсан, Ұлан аудандары саяхатшыларға қызмет көрсететін болады.  

Экотуризм мен этнотуризмге, сондай-ақ емдік-сауықтыру бағытына ерекше басымдық беріп отырған Шығыс Қазақстан өңіріне шетелдік қонақтарға «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп қысылмай көрсетіп, қымсынбай ұсынатын дүниелер расымен көп.

Шекараның арғы бетінде, біздің Марқакөлге жақын тұста Қанас деген көл бар. Осы Қанасқа жыл сайын 10 млн турист келеді, күн сайын 21 әуе кемесі қонады. Әрине, саланы дұрыс дамытатын болсақ біз бұл мүмкіндікті пайдалана аламыз. Ол үшін жол салып, туристерге барлық жағдайды туғызу керек. АҚШ, Швейцария, Франция, Австрия елдерінде, сондай-ақ Қытайдың өзінде табиғатты, орман-тоғайды сақтай отырып жол салатын әлемдік тәжірибе бар және оның бәрі жақсы үйлесім тапқан. Біз де республикалық деңгейде осындай мүмкіндікті қарастыруды ұсынамыз, – деп атап өткен ШҚО әкімі Ермек Көшербаев туризмнің дамуы өңірдегі шағын және орта бизнестің де алға басуына ықпал ететінін жеткізді.

Бұл ретте шетелден келетін қонақтардың негізгі үлесі Катонқарағай, Марқакөл, Алтай, Самар, Глубокое, Ұлан аудандары мен Риддер қаласына  тиесілі болмақ. Таңғажайып табиғи ландшафт, көз тартар көрікті мекен, дәстүрлі қазақ медицинасы, қуат берер құнарлы һәм экологиялық таза ұлттық тағамдар мұның бәрі Төр Алтайдың «төлқұжаты» деуге болады.   

Әлемдік стандартқа ұмтылады

Шығыстың тәжі болған Катонқарағай ауданында қазір туризмді бірнеше бағытта дамтып жатыр. Оның ішінде емдік-сауықтыруы, ауыл туризмі, экотуризм, этнотуризм, хайкинг... деп кете береді.

Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиханның айтуынша, ең әуелі Катонқарағай ауылындағы әуежайды қайта жаңғыртып, Өскемен, Алматы, Астана сияқты ірі қалалардан туристердің жылдам жетуіне мүмкіндік туғызу көзделіп отыр. 

Әуежайды қалпына келтіретін болсақ демалушылар бізідң ауданға жүздеген шақырым жол жүріп шаршамай ұшақпен лезде жете алады. Бұл әрине Катонға қарай ағылатын адамдардың легін ұлғайтуға зор ықпал етеді. Сонымен қатар алдағы уақытта Өрел ауылы маңынан инвестор модульдік павильондары бар тамаша демалыс орнын салады. Кәсіпкер бұл жобаны 2024-2025 жылдары іске асырады, – дейді Ділдар Қалихан.

Бұдан бөлек «TOR'RE» ірі халықаралық қонақ үй операторы ауданда экоқонақ үйі салуды жоспарлаған. Жобаның іске асуына облыс әкімдігі мен «Kazakh Tourism» АҚ қолдау көрсетуге дайын.

Катонқарағай – табиғаты ғажап, туристік әлеуеті зор бірегей аудан. Оның үстіне Төр Алтай менің туған жерім, сондықтан осындай керемет жобаны жүзеге асыру мен үшін өте маңызды, — дейді инвесторлардың бірі, кәсіпкер Серік Толықпаев.   

Бұл экоқонақ үй кешені әлемдік стандарттарға сай болады және онда қазақтың мәдениеті, қонақжайлығы барынша жан-жақты көрініс табады дейді жоба авторлары.  

Жалпы, екінші Швейцария аталып кеткен Катонқарағай өңірі шетелдік туристерге кеңінен танымал десек қателеспейміз. Сондықтан да болар биылғы «Green destinations Story Awards» байқауында Қазақстаннан алғашқы болып Катонқарағай ұлт­тық саябағы сахна төріне көтерілді. Байқау ITB Berlin әлемдік туристік көрмесінде өткен. Халықаралық көрме аясында «Катонқарағай аймағын тұ­рақты дамыту» қоғамдық қоры «Тұрақты туризмнің 100 үз­дік бағыты» аталымы бойынша үшінші орынды же­ңіп алды. Бұған дейін аталмыш қор «Өркендеуші қо­ғам­­дас­тық­­тар» санатында топ жарған-ды.

Бұл қор жергілікті кәсіпкерлер Серік Толықпаев пен Қайрат Ахмедтің бастамасымен құрылған. Бірнеше жылдан бері Катонқарағай тұрақты даму стратегиясы іске асырылып келеді. Бұл жұмыстарға әлемдік са­рапшылар қауымдастығының лайықты баға беруі бізді жігерлендірді. Еліміздің әрбір ауылының тұрақты даму жолына түсуіне мүмкіндігі бар. Ол үшін ауданды дамытудың ұзақмерзімді стратегиясы жасалып, оны қоғам, бизнес және мемлекет болып бірлесе жүзеге асыру қажет, – дейді аталмыш қордың атқарушы директоры Серік Жүнісов.

Айта кетейік, Катонқарағай ұлттық сая­­бағы 2014 жылы ЮНЕСКО-ның ерек­ше қорғалатын мұралар ті­зі­­міне енгізілген. Ұлттық саябақтың ауданы 643 мың гектардан асады. Онда жан-жануарлар мен өсімдіктердің алуан түрі, атап айтқанда, 300-ге жуық құс, мыңнан аса өсімдік, жетпіске жуық сүтқоректі, жиырмаға тарта балықтың түрі кездеседі. Сол сияқты көркімен көз тартқан Көк­көл сар­қырамасы, жер астынан қайнап шығып жатқан Рахман қай­нар­­ы, сақ дәуірінің сарқытындай болған Берел қор­­ған­дары және басқа да таңғажайып жерлер ұлттық саябақтың аумағында жатыр.

Саябақтың тұмса табиғатын аралап, саф ауасымен тыныстап, аң-құсын көрсем дейтіндер саны кейінгі кезде еселеп өскен. Эко­логия және табиғи ресурс­тар ми­нистрлігінің ақпаратына сенсек, кейінгі бір жылда еліміздегі ұлттық сая­бақтарға барушылар қатары 2 мил­лион адамға жеткен екен.

Жуырда Катонқарағай мемлекеттік ұлттық саябағына Австрия елінен адамдар келді. Ондағы мақсат – осында экологиялық туризмді дамытпақ. Яғни, жүйесіз жүргізілген туризм мұрты бұзылмаған сұлу табиғаттың сәнін кетіруі мүмкін, тіпті оған залал келтіруі де ғажап емес. Сондықтан туризмнің дамуын анықтайтын нақты стратегиялық құжат керек.

Австриялық «PKF Hospitality» компаниясының өкілдері экотуризм жайында таныстырылым ұсынып, жобаның даму тұжырымдамасын қарастырды.

«Қордың тапсырмасы бойынша олар өңірдегі туризмнің дамуының мастер планын жасап шығарады. ITB Berlin алаңында «Kazakh Tourism» басшысымен бірге «PKF Hospitality» компаниясы өкілдерімен кездесу өткен. «PKF Hospitality» – туристік консалтинг бойынша әлемдегі ең ірі бес компанияның бірі. Әлемнің 21 елінде филиалдары бар. Тәжірибелері мол», деп жазды Катонқарағай мемлекеттік ұлттық саябағы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қолданыстағы заңнамалар қолбайлау болып тұр

Өңірдегі туризмнің аяғына тұсау болып тұрған мәселенің бірі – жол. Жоғарыда аталған шекаралық аудандар – Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Зайсанға апаратын көлік жолдары сайрап жатыр деуге келмейді. Сапасыз жол саяхаттаушыларды тежейді. Бұл – бір. Екіншіден, Шығыс Қазақстан аумағында орман қоры мол. Еліміздің қолданыстағы заңнамаларына сәйкес, орман қорына енген жерлерде жол салуға рұқсат жоқ.

Біздің өңірде орман қоры көп. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, орман қорына енгізілген аумақтарда жол салуға тыйым салынған. Ал Шығыс Қазақстанда көптеген туристік аймақ орман қорына енген аумақтарда, сол сияқты таулы жерлерде орналасқан. Бұл мәселені біз аймаққа жұмыс сапарымен келген Үкімет басшыларына жеткізіп, қолдау таптық. Бүгінгі таңда тиісті министрліктермен бірлесіп мәселені шешу жолын қарастырып жатырмыз, - деген еді облыс әкімі Е.Көшербаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Осы орайда Өскемен-Алтай-Катонқарағай бағытындағы Осинов асуын айналып өтетін төте жолдың құрылысын мысал етсе болады. Бұдан бірнеше жыл бұрын басталған төте жолдың құрылысы орта жолда тоқтаған. Себеп – салынып жатқан республикалық жолдың учаскесі орман қоры аумағымен өтуі керек. Сондықтан ол жерді мемлекеттің орман қорынан шығару қажеттігі туындаған.

Марқакөлді көрдің бе?

Теңіз деңгейінен 1449,3 метр биіктікте асқар таулар қоршаған айдынды көл жатыр. Суы мөлдір, балығы мол. Төңірегі қызыл қарағай мен самырсын, шыршаға тұнып тұрған көлдің атауы – Марқакөл. Туристердің аңсары ауған жердің бірі осы. Әсіресе, шетелдіктердің қызығушылығы ерекше.

Былтыр жыл соңында Марқакөл жеке аудан болып құрылғалы бұл өңірде туризмді түлетуге мықтап кірісті. Биыл жыл соңында Бұқтырма көпірі салынып бітсе, Марқаға қарай маңдай түзейтіндер қатары тіптен молаяды деген үміт бар.

Біздегі туризмнің дамуына тежеу болып тұрған мәселенің бірі және негізгісі – жол. Катонқарағайға барсаңыз да, Марқакөлге бет алсаңыз да жол азабын тартасыз. Мәселен, Рахман қайнарына жеңіл көлікпен жету мүмкін емес. Жол талғамайтын техника керек. Марқакөлге жету де оңай емес. Әуелі паром бар, ары қарай жүздеген шақырымды артқа тастап ойлы-шұңқыр жолмен Мәрмәр асуына тұяқ іліктіресіз. Сосын тағы бірнеше шақырым шаңы шыққан қара жолмен селкілдейсіз. Егер асфальт жол сайрап жатса дәл осы бағытта туристік сапар ұйымдастыруға болар еді. Мәселен, Өскеменнен шығып Ұлан мен Самар ауданының әсем жерлерін көктей өтіп Бұқтырма су қоймасына тұмсық тірейсіз. Судан пароммен немесе көпірмен өтіп алған соң ел аузында «жердегі Марс» аталып кеткен Күршімнің Қызыл керішін тамалашап, ары қарай Зайсан көлінің жағасымен зулап келіп Мәрмәр асуына жетесіз. Мәрмар асуы Марқакөлге апарады. Марқакөлде бір аялдап алып кезінде аустриялық тұтқындар салған «Аустрия жолымен» Төр Алтайдың қойын-қолатын аралап отырып Ирек асуы арқылы Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылының желкесінен түсесіз. Оралхан Бөкейдің туған жеріне бір тағыз етіп алған соң жолай Үлкен Нарын, Алтай аудандарына тоқтап Өскеменге жетесіз. Міне сізге үлкен бір труристік шеңбер. Алдағы уақытта осы саяхатты қолға алса деген ой бар. Ол үшін әрине бұл бағытта сапалы жол түсуі керек. – дейді неше жылдан бері Катонқарағай ауданына туристерді тасымалдап, саяхат ұйымдастырылып жүрген кәсіпкер Дарын Ермекұлы.

Былтыр ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы аймақта қолға алынған жаңа жол жөндеу технологиясы осы Мәрмар асуында қолданылатынын айтқан. Яғни, Марқакөл ауылынан бастап Мәрмәр асуы арқылы Ұранхай ауылына дейінгі жолға тың технологиямен жабын төселеді делінген. Ресейлік мамандар ұсынған мұндай тәсіл бюджет қаражатын 25-30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді екен.

Төселетін жабынның құрамына кәдімгі цемент пен арнайы қоспа қосылып, жұмыс суық ресайклинг тәсілімен жүргізіледі. Мұндай жолдың бір шақырымына 20-25 млн теңге жұмсалады. Бұл қазіргі қолданыстағы асфальт-бетон жабынынан екі жарым есеге арзан. Айта кетейік, суық ресайклинг технологиясының әлемдік тәжірибеде қолданыла бастағанына жиырма жылға жуықтады. Оның басты ерекшелігі – жол жабынын фрезер көмегімен алып, ұнтақтайды да, дәл сол жерде тұтқыр заттармен араластырып, кәдімгі катокпен тегістеп, нығыздайды. Бұл материалды ғана емес, уақытты да үнемдейді. Екіншіден, асфальт-бетон зауыты қажет емес. Демек шалғайда жатқан ауылдардың жолын қалпына келтіруге өте тиімді.

Иә, жолы жөнделсе, Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір түссе Күршім, Марқакөлге бет түзейтіндер көбейеді рас. Өскемен-Күршім-Марқакөл-Катонқарағай-Алтай-Өскемен бағытында шеңбер түзіп саяхат жасайтындар да табылар еді. Күтейік...

Биыл Шығыс Қазақстанда Жол жылы деп жарияланды. Жалпы ұзындығы 600 шақырымнан астам жол жөнделеді деп жоспарланған. Жаңа аудан Марқакөлге де Жол жылының шапағаты тиер деп сенейік. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға