Жаңалықтар

Тоқаев Цюй Дунъюйге Алматының әйгілі апортын таныстырды

Тоқаев Цюй Дунъюйге Алматының әйгілі апортын таныстырды
Фото: t.me/aqorda_resmi 19.01.2024 19:48 984

Мемлекет басшысы Цюй Дунъюйге Алматының әйгілі апортын таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан алманың отаны ретінде кеңінен танымал. Апорт сұрпы еліміздің ең ірі мегополисі – Алматының маңайында өседі. Біз алманың осы түрін өздеріңізбен күш біріктіре отырып, әлем нарығына шығаруға ниеттіміз. Осы бастамамызды іске асыру барысында Сіздің жеке қолдауыңызға арқа сүйейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қоры және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының төрағасы ретінде Қазақстанның басымдықтары туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымды Арал бассейніндегі жерлердің топырағын мелиорациялауға және су ресурстарын басқаруға қатысты жобалар әзірлеу ісіне жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды. Сондай-ақ Президент елімізде FAO-ның Орталық Азиядағы өңірлік бөлімшесін ашуды ұсынды.

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету ісінде Қазақстан аймақта ғана емес, бүкіл әлемде елеулі рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесу соңында Президент мазмұнды әңгіме-дүкен құрғаны үшін FAO басшылығына ризашылығын білдіріп, оны алдағы Халықаралық Астана форумына қатысуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға