Жаңалықтар

Тоқаев су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді

Тоқаев су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді
Фото: t.me/aqorda_resmi 12.04.2024 19:00 419

Мемлекет басшысы Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта ахуал әлі де өте күрделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бес аймақта, яғни Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін. Қалған алты облыста, атап айтқанда, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Абай, Павлодар, Ұлытауда жағдай тұрақтала бастаған. Мемлекет басшысы адамдарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек беру қазіргі басты міндет екеніне назар аударды.

Президент өзінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік материалдық резервтен арнаулы техника және басқа да жабдықтар алуға рұқсат етілгенін айтты.

Мен шығынды өтеу үшін тиімді тәсілдер қарастыру туралы нақты тапсырма бердім. Бұл мақсатқа бюджет қаражатымен қатар «Қазақстан халқына» қоры мен ірі бизнес өкілдері бөлген қаржы жұмсалады. Сондай-ақ тағы бір өте маңызды мәселе. Бұл – су басқан аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал. Жағдайды қатаң бақылауда ұстау қажет. Көктемгі егіс науқанына да дайындалу керек. Су астында қалған елді мекендерде ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеу қажет. Менің тапсырмаммен Үкімет басшысы және оның орынбасарлары қазір аймақтарда жүр. Олар жағдай тұрақталғанша барлық жұмысты үйлестіреді, елмен бірге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға