Тоқаев Ресейге жаңа ұсыныс жасады: Астанадан тікелей рейстер көбеймек

Тоқаев Ресейге жаңа ұсыныс жасады: Астанадан тікелей рейстер көбеймек
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумында екі ел арасындағы көлік байланысын күшейтуге бағытталған жаңа бастама ұсынды.

Президенттің айтуынша, Қазақстанмен шекаралас және халқы 500 мыңнан асатын Ресей қалалары мен Астана арасында кезең-кезеңімен тікелей әуе рейстерін ашуды көздейтін «500+» атты бірлескен бағдарламаны әзірлеу қажет.

Шекара маңындағы өңірлерде «500+» шартты атауымен әуе қатынасын дамытудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу ұсынылады. Бастамаға сәйкес, Астана мен Ресейдің Қазақстанмен шекаралас әрі халық саны 500 мыңнан асатын қалалары арасында тікелей әуе рейстерін кезең-кезеңімен ашу көзделген. Бұл бағдарлама екі ел арасындағы туристік ағынның артуына қолайлы жағдай жасайды, – деді мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасында ортақ трансшекаралық туристік бағыттарды қалыптастырудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, бұл үшін екі елдің туризм индустриясы өкілдері арасындағы ынтымақтастықты жандандыру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, Қазақстанға демалу және көрікті жерлерді аралау мақсатында келетін шетелдік туристер арасында Ресей бірінші орында тұр. Одан кейін Қытай, Үндістан және Түркия орналасқан.

Мемлекет басшысы Қазақстанның туризмді дамытуға барлық мүмкіндігі бар екенін айтты. Оның сөзінше, еліміздің географиялық орналасуы, табиғи ландшафттарының алуан түрлілігі және бай тарихи-мәдени мұрасы туристерді тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ресейлік туристер үшін тілдік және мәдени кедергінің жоқтығы да маңызды артықшылық саналады.

Президент шекаралық туризмді дамыту тек экономикалық тиімділік әкеліп қана қоймай, екі ел арасындағы өзара сенім мен тату көршілік қатынастарды нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ресеймен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтып, Омбыдағы форумның қорытындылары екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Оқи отырыңыз