Тоқаев: Қазақстан Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналуы керек

Тоқаев: Қазақстан Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналуы керек
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына жолдауында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру, теміржол және автомобиль жолдарын дамыту, шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту, әуе жүк тасымалын жолға қою және көлік саласын цифрландыру мәселелеріне баса назар аударды.

Президенттің айтуынша, еліміздің Еуразиядағы көлік-логистикалық хаб ретіндегі орнын нығайту үшін инфрақұрылымдық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру қажет.

Қазақстан логистика саласындағы мүмкіндіктерін толық пайдалануы керек

Мемлекет басшысы логистика инфрақұрылымын дамыту елдің экономикалық өсіміне ықпал ететін маңызды фактор екенін атап өтті.

Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді, – деді президент.

Оның айтуынша, келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылып, Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады. Ал тамыз айында құрылысы басталған «Арал – Каспий» күре жолы Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осы саладағы барлық жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Президент әлемдік логистика жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатқанын, теңіз жолдарының осалдығы құрлықтағы көлік дәліздерінің стратегиялық маңызын арттырғанын айтты. Осы орайда Қазақстан қалыптасқан мүмкіндікті тиімді пайдалануы қажет.

Қазақстан Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналу үшін осы тарихи мүмкіндікті пайдалануы керек, – деді мемлекет басшысы.

Президенттің мәліметінше, қазір Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Дегенмен ол қол жеткізілген нәтижеге тоқмейілсімей, халықаралық жүк ағындарын ұйымдастыруда жаңа деңгейге көшу қажеттігін ескертті.

Ол үшін отандық логистикалық операторларды дамытуға, жүктерді шоғырландыру және тарату орталықтарын құруға, сондай-ақ көлік тораптарының маңында жаңа өндіріс орындары мен сауда алаңдарын қалыптастыруға басымдық беру керек.

Жол инфрақұрылымын дамыту – стратегиялық міндет

Мемлекет басшысы еліміздің барлық өңірін байланыстыратын заманауи теміржол және автомобиль жолдарының тұтас желісін қалыптастыру қажеттігін айтты.

Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет, – деді президент.

Оның сөзінше, еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын артып келеді. Сондықтан жол инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жалғасуы керек. Әсіресе, солтүстік өңірлер үшін бұл мәселе өзекті. Осыған байланысты Президент «Көкшетау – Петропавл» тасжолын кеңейту жұмысына кірісуді тапсырды.

Сонымен қатар отандық автокөлік тасымалдаушыларын қолдау қажеттігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан арқылы өтетін автомобиль транзитінің жартысынан астамы шетелдік тасымалдаушыларға тиесілі. Президент бұл бағыттағы жұмысты ретке келтіру керектігін айтып, Үкімет тиісті шаралар қабылдайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы келесі жылы барлық автомобиль өткізу бекеттерін сапалы жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың сапасына қатысты талаптарды күшейту қажеттігін атап өтті.

Біздің алдымызда республикалық және жергілікті маңызы бар барлық автомобиль жолдарын, атап айтқанда, барлығын сапалы салу жөнінде аса маңызды міндет тұр, – деді президент.

Ол жол құрылысына жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы жауапкершіліктің нақты бөлінбеуін сынға алды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, республикалық маңызы бар жолдар да, әкімдіктердің қарамағындағы жергілікті жолдар да Көлік министрлігі арқылы Үкіметтің бақылауында болуы тиіс.

Қайталап айтамын: бізге өте сапалы жолдар қажет. Битум мен қиыршық тастың сапасын сылтау ету қабылданбайды, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әуежайлар мен әуе жүк тасымалына жаңа міндеттер қойылды

Президент Қазақстанның Еуразиядағы көлік-логистикалық орталық ретіндегі мәртебесі сапалы жолдармен ғана емес, жол бойындағы заманауи қызмет көрсету инфрақұрылымымен де байланысты екенін айтты.

Еске саламын: сапалы жолдар мен жол бойындағы заманауи қызмет көрсету инфрақұрылымы болмаса, Қазақстан жаһандық транзиттік магистраль немесе Еуразияның көлік-логистикалық торабы мәртебесіне үміткер бола алмайды, – деді мемлекет басшысы.

Ол шекарадағы ұзын-сонар автокөлік кептелісі транзиттік әлеуетті толық пайдалануға кедергі келтіретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан аумағы арқылы Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі әуе дәліздері өтеді. Алайда осы артықшылықтан нақты экономикалық пайда алу үшін жердегі қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту қажет.

Мемлекет басшысы жекеменшік «Air Cargo» компаниясының жұмысына да тоқталды. Оның пікірінше, компанияның қаржы тартуға және білікті шетелдік мамандарды жұмысқа шақыруға мүмкіндігі бар. Дегенмен әзірге нақты шешімдер мен нәтижелер байқалмай отырғанын айтып, жауапты тараптардан нақты жұмыс күтетінін жеткізді.

Сонымен бірге Қазақстанда бірнеше әуежайдың құрылысы мен қалпына келтіру жұмыстары қатар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмысы аяқталған. Алдағы уақытта Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайларын іске қосу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, келесі жылы әлемдегі ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежай құрылысын бастау көзделген.

Көлік саласы толық цифрландырылуы керек

Президент Қазақстанның Еуразиядағы негізгі көлік хабы ретіндегі орнын нығайту үшін халықаралық бағыттарды қоса алғанда, көлік саласын толық цифрландыру қажет екенін айтты.

Жасанды интеллект дәуірінде жаһандық транзиттік жүк ағындарын қағаз жүкқұжаттар арқылы басқару – ақылға сыймайтын жағдай, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, халықаралық жүк тасымалын басқарудың заманауи цифрлық жүйелерін енгізу – уақыт талабы. Бұл бағыттағы жұмысты жеделдету Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп, көлік-логистика саласының тиімділігін арттыруға ықпал етуі тиіс.

Оқи отырыңыз