Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды талапты, білімді, еңбекқор және болашаққа сеніммен қарайтын азаматтар ретінде тәрбиелеудің маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы сөзінде ұлы Абайдың «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» деген сөзін мысалға келтіріп, адамның өзіне деген сенімінің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, өзіне сенімсіз, жасық, әр нәрсеге мұңая беретін, үнемі күйзелісте жүретін кертартпа адамның болашағы бұлыңғыр.
Тағы да айтып кетейін. Қазақ – кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние. Біз өскелең ұрпақты осындай кеселден, теріс түсініктен сақтауымыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласына зор жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан ұстаздарымыз ең алдымен, ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа, жарқын болашаққа деген сенімі зор жігерлі азаматтарды тәрбиелеуге тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысы отаншылдық, білім, жаңашылдық, талап пен еңбекқорлық елдің дамуына жол ашатын негізгі қасиеттер екенін атап өтті.
Отаншыл, білімпаз, жаңашыл, талапты, еңбекқор адамдар елдің көшін алға бастайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазіргі жастардың бойынан осы қасиеттерді көретінін айтып, олардың жақсыға ұмтылып, Қазақстанның болашағына сеніммен қарайтынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев отаншылдықты тек сөзбен емес, нақты іспен көрсету қажет екенін айтты. Оның пікірінше, адамның өз саласында адал әрі нәтижелі еңбек етуі – елге қызмет етудің маңызды көрінісі.
Нағыз отаншылдық дегеніміз, бұл – жемісті, табанды еңбек, – деді президент.
Мемлекет басшысы кез келген еңбектің қоғам үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, адал еңбектің «жаманы» болмайды, себебі әр саладағы еңбек елдің дамуына өзінше үлес қосады. Ал мемлекеттің міндеті – еңбекқор азаматтарды лайықты бағалап, олардың еңбегін құрметтеу және марапаттау.
Сондай-ақ президент білім берудегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар педагогті мемлекеттік наградамен марапаттады.
Мемлекет басшысының Жарлығымен білім берудегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін наградталды:
«Парасат» орденімен
Өтелбаев Мұхтарбай – «Математика және математикалық модельдеу институты» РМК бас ғылыми қызметкері, Алматы қаласы
«Құрмет» орденімен
Урнгалиева Зуря Айтқұлқызы – «№ 3 «Зерде» бөбекжайы» МКҚК тәрбиешісі, Орал қаласы
Шерстобитова Марина Георгиевна – «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ мұғалімі, Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы
«Ерен еңбегі үшін» медалімен
Амерқанова Гүлбаршын Александровна – «№ 5 жалпы орта білім беру мектебі» КММ мұғалімі, Павлодар облысының Екібастұз қаласы
Ахметова Ақмарал Дүйсебекқызы – «№ 2 жалпы орта білім беру мектебі» КММ мұғалімі, Атырау облысының Қызылқоға ауданы
Әлибаева Балмия Тұрабекқызы – «№ 24 мектеп-лицей» КММ мұғалімі, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы
Далмырзаев Сәкен Әбдіманатұлы – «Төлеби ауданының мамандандырылған мектеп-интернаты» КММ мұғалімі, Түркістан облысы
Кенжебекова Мереке Лесқұлқызы – «Сәкен Сейфуллин атындағы шағын орталықты орта мектеп» КММ мұғалімі, Жамбыл облысының Шу ауданы
Коровин Андрей Иванович – «Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы жоғары аграрлық - технологиялық колледжі» МКҚК өндірістік оқыту шебері
Нұрпейісова Гүлмира Көлбайқызы – «Жарбұлақ орта мектебі» КММ мұғалімі, Абай облысының Мақаншы ауданы
Төлегенов Мақсат Қасымұлы – «Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты» КММ мұғалімі, Астана қаласы
Уәлибаева Айнагүл Әбішқызы – «Нұрым мектепке дейінгі шағын орталығы бар орта мектеп» КММ мұғалімі, Жетісу облысының Кербұлақ ауданы
«Шапағат» медалімен
Герасева Ирина Михайловна – «А.М.Горький атындағы гимназия» КММ мұғалімі, Қостанай облысы
Ляшова Ақерке Ермекқызы – «Балауса-Балғын» бөбекжайы» КМҚК тәрбиешісі, Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы
Мырзабекова Жанна Қонысбекқызы – «№ 1 тірек мектебі (ресурстық орталық)» КММ мұғалімі, Ұлытау облысының Ұлытау ауданы
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі
Ещанова Тамара Жеткербайқызы – «А.Мәлкеев атындағы Есік мамандандырылған дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты» КММ мұғалімі, Алматы облысы
Жұмахметова Жанар Бейбітқызы – «Комсомол жалпы орта білім беретін мектебі» КММ мұғалімі, Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы
Исмаилов Қайрат Төлегенұлы – «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты» КММ мұғалімі, Қарағанды қаласы
Ноғайбаева Гүлнар Төленқызы – «А.С.Пушкин атындағы № 1 мектеп-гимназиясы» МКК мұғалімі, Шымкент қаласы
Шілдебаева Айгүл Амангелдіқызы – «Әл-Фараби атындағы № 201 мектеп-лицейі» КММ мұғалімі, Қызылорда облысының Жалағаш ауданы