Тоқаев: Мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті

 Ақорда
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеп, ұлттық руханият, мәдени мұра, өнер адамдарының мәртебесі мен қоғамдағы мәдениет мәселесіне қатысты бірқатар маңызды мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы мәдениет саласының ел болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Президент сөзін кәсіби мереке иелерін құттықтаудан бастады.

Бұл – еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке. Мәдениет – халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы екенін бәріміз жақсы білеміз. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерейі үстем болары айқын. Сіздер осы игі мақсат жолында табанды жұмыс істеп келесіздер. Қоғамымыз бұл еңбекті жоғары бағалайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жүріп жатқан реформалардың ел болашағына тікелей әсер ететінін айтты.

Бұл жай ғана өзгерістер емес: еліміздің болашағына тікелей қатысы бар, мағынасы ауқымды, терең, кешенді, жүйелі реформалар жасалуда. Мақсатымыз – Отанымызды күшті, озық мемлекет ретінде дамыту, сондай-ақ, дарынды, отаншыл, жігерлі және көзі ашық, көкірегі ояу жастардың өмір жолын ашып беру, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесіне ерекше мән берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, мәдениет саласын қолдау енді мемлекеттің конституциялық міндетіне айналған.

Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа жасалып жатыр. Мен Мемлекет басшысы ретінде ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отырмын. Мәселен, соңғы бес жылда олардың жалақысы екі есе ұлғайды. Биылдан бастап өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия көлемі екі есе өседі, – деді ол.

Президенттің мәліметінше, былтыр елімізде 61 мәдениет нысаны салынған. Сонымен қатар 250-ден астам мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бірқатар мәдени ұйымдарға жаңа мәртебе беру туралы ұсынысын жариялады.

Меніңше, Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға «Ұлттық» мәртебе берілсе, орынды болар еді. Сондай-ақ Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрына «Академиялық» мәртебе беру керек деп есептеймін, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі өнерді қолдау мақсатында жаңа ұлттық сыйлық тағайындалатынын мәлімдеді.

Мен «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдайтын болдым. Бұл марапат дәстүрлі өнер өкілдерін қолдауға, олардың шығармашылығын насихаттауға, ұлттық өнердің беделін арттыруға ықпал етеді, – деді мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан мәдениетінің халықаралық деңгейде танылып келе жатқанын да атап өтті.

Еліміздің төл мәдениеті дүние жүзіне лайықты деңгейде танылып келеді. Халқымыз жақсы көретін әйгілі музыканттар, әншілер, актерлер, суретшілер, бишілер, креативті индустрия өкілдері және басқа да өнер шеберлері қазіргі қазақ руханиятының жарқын бет-бейнесіне айналды, – деді ол.

Мемлекет басшысы ЮНЕСКО бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанның 20-ға жуық материалдық және материалдық емес мұрасы ЮНЕСКО тізіміне енген.

Сонымен қатар Президент жастар тәрбиесі мен қоғамдық мәдениет мәселесіне ерекше назар аударды.

Біз ойы озық, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен қоғамдағы кез келген мәдениетсіз әрекетке, жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни, вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, заңды құрметтеу, табиғатты аялау, жауапкершілік пен жасампаз патриотизм қоғамның басты құндылықтарына айналуға тиіс.

Оқи отырыңыз