Тоқаев: Елена Рыбакина – спорттағы жетістігімен ғана емес, жоғары мәдениетімен де жастарға үлгі

Тоқаев: Елена Рыбакина – спорттағы жетістігімен ғана емес, жоғары мәдениетімен де жастарға үлгі
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы теннисші Елена Рыбакинаны «Әлемнің бірінші ракеткасы» атағына ие болуымен құттықтады.

Сіз айрықша талант пен тынымсыз еңбектің және өзіңізге деген нық сенімнің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, биік шыңды бағындырдыңыз. Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды. Есіміңіз әлемдік теннис жылнамасынан ойып тұрып орын алды. Сіздің жетістікке толы жолыңыз – еліміздің жас спортшылары мен дүниенің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге. Сонымен қатар кортта да, қоғамдық орындарда да, жұртшылықпен қарым-қатынас барысында да байқалатын жоғары мәдениетіңізді айрықша атап өткім келеді. Бұл – сөзсіз Сіздің парасатыңыз бен адами қалпыңыздың айқын көрінісі, – деп жазылған құттықтауда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаның чемпиондарға тән жалынды рухтан қуат алып, жаңа белестерге батыл қадам баса беруіне тілектестік білдірді.

Айта кетейік, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінің жартылай финалына жолдама алды. Бұл жетістік оған әлемдік рейтингте көш бастауға мүмкіндік берді. Ол ширек финалда Қытай теннисшісі Чжэн Циньвэньмен кездесіп, үш сет қорытындысы бойынша 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, Рыбакина WTA рейтингінде бірінші орынға шығатынын мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Жаңартылған рейтингте қазақстандық спортшы бірінші сатыға көтеріледі және бұл нәтиже Беларусь өкілі, қазіргі рейтинг көшбасшысы Арина Соболенконың US Open-дегі нәтижесіне байланысты болмайды.

Қазақстандық теннисші турнир барысында америкалық Тея Фродинді, испаниялық Джессика Бусас Манейроны, украиналық Юлия Стародубцеваны және әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Наоми Осаканы жеңді.

Оқи отырыңыз