Жаңалықтар

Топ-10. Қысқы Олимпиададағы қызықты оқиғалар

"О, спорт – сен, әлемсің!"  (Пьер де Кубертон)
Топ-10. Қысқы Олимпиададағы қызықты оқиғалар
24.01.2018 22:01 9706

Олимпиада ойындары әлемдегі ең танымал спорттық турнир болып есептеледі. Бұл додада жеңуді емес, қатысуды арман тұтатын спортшылар жетерлік. Біз бүгін осы ойындар тарихында болған қызықты деректерді тізіп шықтық.

Жалпы қысқы және жазғы ойындар 1994 жылға дейін бір жылда өткізілетін. Халықаралық Олимпиада комитеті бұл спорттық жарыстардың арасын екі жылға созу керек деп шешті. Содан бері олимпиадалық ойындар екі жыл сайын, алмасып өтіп тұратын болды. Ал ең алғаш рет қысқы Олимпиада Францияның Шаманиінде өткізілді. Кеңес Одағы 1956 жылы ғана атлетшілерін айтулы турнирге алып келді. Бұған дейін қысқы ойындар 11 елде, 19 қалада өткізілген. Ең көп қабылдаған мемлекет АҚШ (4 рет өткен) боп саналады. Ең көп медаль алған Норвегия елінің спортшылары. Биылғы жылы да осы елдің спортшылары фавориттер қатарында.

Олимпиада туындағы 5 шеңбер

Олимпиада жалауындағы 5 шеңбердің түстері былай орналасқан: көк – Еуропа, сары – Азия, қара – Африка, жасыл – Австралия, қызыл – Америка. Бұл мәлімет Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми анықтамалығында 1951 жылға дейін тұрды. Олимпиаданың басталуына себепкер болған Пьер де Кубертен бұл шеңберлерді құрлықтарға байланысты орналастырғаны жөнінде ешқандай дерек табылмағандықтан, оны алып тастады. Кубертеннің идеясы басқаша болған, яғни бес шеңбердің түстері арнайы таңдалған, бірақ, бұл түстер Олимпиадаға қатысатын елдің туында міндетті түрде болуы керек.

Алтынға жетелеген құмырсқаның ұясындағы жаттығу

Норвегиялық биатлоншы Магнар Сольберг жазды күндері винтовкамен ату жаттығуын құмырсқаның ұясында жүргізіпті. Бұл жаттығу спортшының концентрациясын сақтап, сыртқы факторлар мен шаршағанына назар аудармауы үшін бапкерінің ойлап тапқаны. Бірде бір рет Олимпиаданы айтпағанда, әлем чемпионаттарында жүлдеге ілініп көрмеген Сольберг 1968 жылы Гренолдегі Олимпиадада топ жарды. Одан кейін Саппорода өткен қысқы ойындарда алтыннан алқа тақты. Жаттықтырушысының ақылдылығы болмағанда биатлоншы тарихта қалмас еді.

Ресейдегі олимпиадалық сәйкестік

2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада санақ бойынша ХХІІ ші болып есептеледі. Бір қызығы көрші елдің астанасында өткен 1980 жылғы жазғы Олимпиада да ХХІІ болған еді. Сол сияқты Сочиде өткен 2014 жылғы Олимпиада тарихқа ең қымбат ойындар ретінде енетін болды. Оған 50 млрд доллар қаржы жұмсалды. Бұл Ванкувердегі ақ ойындарға кеткен қаржыдан 4-5 есе көп. Ақпанда жалауы желбірейтін Пченчхендегі ойындарға 12 млрд доллар жұмсалады деп жоспарланған, бірақ әлі нақты дерек шыққан жоқ.

Австралияның алғашқы алтыны

Австралия елінің алғашқы Ақ Олимпиадалық ойындардағы алтынын 2002 жылы шорт-трекші Стивен Брэдбери алып берген еді. Ол бұған дейінгі төртжылдық додаларда бастапқы кезеңдерден әрі асып көрмеген. Солт-Лейк-Ситиде ол ширек финалда төртінші боп мәре сызығын қиған, десек те, бірінші келген спортшының жарыстан шығуына байланысты жартылай финалға өтіп кетті. Ал жартылай финалда соңғы боп келе жатқан австралиялық алдындағы шорт-трекшілердің бір-біріне соқтығысуына байланысты мәреге екінші боп жетті. Дәл осы жағдай финалда да қайталанды. Жарыс барысында барлық қарсыластарының құлауы, Брэдберидің алтыннан алқа тағуына керемет мүмкіндік ашты. Ешқандай күш салусыз-ақ алтын алуға болатынын көрсеткен спортшыға байланысты өз жерінде «doing a Bradbury» деген тіркес қалыптасты. Австралия оны кәдімгі «батыр» ретінде қарсы алды.

Бірде-бір рет өз елінде чемпион болмаған

Аты мәшһүр жұртқа танымал Ресей елінің мәнерлеп сырғанаушысы Алексей Ягудин әлем чемпионатын төрт рет, Еуропа чемпионатын үш рет жеңіп алған. Оған 2002 жылғы Олимпиада алтынын қосып қойыңыз. Бірақ, Ягудин ешқашан өз елінің ішкі біріншілігін ұтып көрмепті.

Алғашқы жасанды қар

1980 жылы АҚШ-тың Лейк-Плесид қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарында алғаш рет тау шаңғышылардың трассасына жасанды қар төселді. Бұл Олимпиада ойындары тағы екі қызықты оқиғаларымен есте қалды: біріншісі – АҚШ-тың студенттерден құралған хоккей құрамасы, соңғы олимпиадаларда ешкімге дес бермеген, әлем чемпиондары КСРО-ны финалда жеңуі, ал екіншісі атақты спортшылар тұрған олимпиадалық ауылдағы қонақ үйлердің астын жергілікті түрме етіп жібергені.

Олимпиадалық алаудың ең ұзақ марафоны

2010 жылы Ванкуверде өткен Олимпиада ойындарының алауы тарихтағы ең ұзақ марафон болып қалды. Оның ұзақтығы 106 күнге жетті, 200-ден аса елді-мекендерді қиып өтіп, су, жер бетімен барлығын есептегенде 45 мың шақырымды артқа тастады. Алау 12 мың адамның қолынан өтті. Сол сияқты Олимпиада ойындарының ашылуы да мерекелік шарадан гөрі, қаралы жиынға көбірек ұқсады. Себебі, ашылу салтанатынан бір күн бұрын жаттығу үстінде шанашы Нодар Кумариташвили қаза тапқан еді. Ашылу салтанатында Грузия құрамасы арнайы қара байлауышпен шықты. Ал Олимпиада ойындарының әнұранынан соң, бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Бір сайыстағы қос жеңімпаз

2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде өткен қысқы Олимпиадалық ойындарда көп шулы жағдайлар орын алды. «Ең жанжалды», «ең саяси» өткен ойындар ретінде бүгінге дейін айтып жүргендер жетерлік. Ең шулы оқиға мәнерлеп сырғанау спортында болды. Жұпты сайыстағы алтын жүлдені екі жұптан құралған спортшылар бөліп алды. Бұған дейін мұндай оқиғаны естіп пе едіңіз? Төрешілер алқасы алтын жүлдеге ресейлік жұп Антон Сихарулидзе мен Елена Бережнаны лайық деп таныған. Сәл кейінірек Олимпиадалық комитеттің шешімен алтын медаль тағы бір канадалық жұпқа берілді. Кейнірек белгілі болғандай бұған солтүстікамерикандық қоғамдастық түрткі болған. «Бізде достық қарым-қатынас сақталды, канадалық спортшылар Солт-Лейк-Ситиде спорттағы емес, мемлекетаралық күрес жүргенін жақсы түсінеді» – деді Сихарулидзе журналистерге берген сұхбатында.

Қаржы тапшылығынан американдықтар бас тартқан Олимпиада

1976 жылғы Олимпиада мүлде басқа қалада, басқа елде өтуі керек еді. Өтетін орын ретінде АҚШ-тың Денвері таңдалған. Бірақ, американдықтар қаржылық кедергілерге ұшырап, өткізуден бас тартты. Осылайша, тарихта бірінші, әзірге соңғы рет Олимпиада ойындары жедел басқа қалаға ауыстырылды.

Мәрені жаяу кесіп өткен бобслейшілер

1988 жылы Калгариде өткен ақ ойындарда Ямайкадан келген бобслей командасы қызық жайтқа тап болды. Олар шаналарын игере алмай қалып, спорттық снаряд трассадан шығып кетті. Бірақ спортшылар еш жасыған жоқ, жанкүйерлердің қызу қолдауымен мәрені жаяу кесіп өтті.
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға