Жаңалықтар

TOP-5: Қазақстандағы ең үлкен су қоймалары

TOP-5: Қазақстандағы ең үлкен су қоймалары
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі 15.01.2024 23:11 1294

Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздегі ең үлкен су қоймаларының тізімін жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

5-орын. Сергеев су қоймасы

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасы еліміздегі ең үлкен су қоймаларының «бестігіне» кіреді. Оның ауданы - 117 шаршы шақырым, көлемі - 693 млн. текше метр. Орташа тереңдігі – 5,9 м. 1969 жылы қолданысқа берілген су қоймасы ұзақ жылдар бойы су ағынын реттеп келеді. Мұнда Сергеев ГЭС орналасқан. Су қоймасы өңірдің энергетикалық және коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерін, сонымен қатар ирригация жүйелерін сумен қамтамасыз етіп отыр. Сол себепті солтүстік өңір экономикасы үшін аса маңызды нысан саналады.

4-орын. Шүлбі су қоймасы

Шығыс Қазақстан облысындағы Шүлбі ГЭС бөгеті қалыптастырған Шүлбі су қоймасы бүгінгі рейтингте төртінші орынға орналасты. Бұқтырма және Шүлбі ГЭС арасында орналасқан нысан жанама ағынды маусымдық реттеуді қамтамасыз етеді. Су қоймасының жалпы ауданы - 255 шаршы шақырым, көлемі - 2,39 текше шақырым.

3-орын. Шардара су қоймасы

Сырдария өзенінде орналасқан Шардара су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілді. Ауданы - 783 шаршы шақырым, орташа тереңдігі - 6,3 метр болатын су қоймасы Түркістан облысының су шаруашылығы жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Ол ағынды реттеп қана қоймай, аймақтың энергетикалық және ирригациялық қажеттіліктерін өтейді. Сондай-ақ Шардара қаласын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр.

2-орын. Қапшағай су қоймасы

Алматы облысындағы Іле өзенінде орналасқан Қапшағай су қоймасы ауданы бойынша екінші орында. Іле өзенінің ағынын реттеу үшін салынған су қоймасы негізгі қызметімен қатар ирригациялық, балық өсіру және рекреациялық мақсаттарға да пайдаланылады. Қоймаға су жіберу 1970 жылы басталды. Бүгінде оның ауданы - 1847 шаршы шақырым, көлемі - 18,14 текше шақырым. Су қоймасына Түрген, Шілік, Есік, Талғар, Қаскелең өзендері де құяды. Қапшағай су қоймасы аймақтың көрікті әрі туристік орындарының бірі саналады. Сондай-ақ экономиканың түрлі салалары үшін су ресурсының маңызды көзі.

1-орын. Бұқтырма су қоймасы

Қазақстандағы ауданы бойынша ең үлкен су қоймасы - Бұқтырма. Оның ауданы - 5490 шаршы шақырым, орташа тереңдігі - 9,6 м. Ертіс өзеніндегі Бұқтырма ГЭС бөгеті құрған су қоймасы 1967 жылы қолданысқа берілді. Нысан энергетика, су көлігі, өнеркәсіп, балық және ауыл шаруашылығы, ауыз су қажеттіліктерін реттейтін көп функциялы резервуар болып табылады. Бұдан бөлек, Бұқтырма су қоймасы ұзақ жылдар бойы Ертіс ағынын тұрақтандыруда маңызды рөл атқарады. Осы арқылы су көлігінің қозғалысына қолайлы жағдай жасайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға