Топ-5: 10-15 миллион теңгеге қандай көлік алуға болады?

 коллаж El.kz
Фото: коллаж El.kz

Қазақстанда 10-15 миллион теңге аралығындағы жаңа көліктерге сұраныс жыл сайын артып келеді. Бұрын бұл бағада Hyundai Tucson мен Kia Sportage көлігі ең танымал модельдердің қатарында болса, қазір нарықтағы жағдай біртіндеп өзгеріп жатыр. Әсіресе, Қытайдан жеке импорт арқылы әкелінетін жаңа модельдерге қызығушылық артқан.

Kolesa.kz сарапшылары 2025 жылдың басынан бері қазақстандықтардың қандай жаңа көліктерге көбірек назар аударғанын зерттеп, ең сұранысқа ие модельдердің тізімін жариялады. Ендеше, қазақстандықтар қай көліктерге жиі қызығушылық танытатынына тоқталайық.  

Deepal S07 – ең көп қызығушылық тудырған көлік

2025 жылы қазақстандықтардың ең көп назарын аудартқан модель – Deepal S07 болды. Бұл модель толық электрлі және жанармай мен электр қуатын бірге пайдаланатын гибрид нұсқада сатылады. Қазақстандықтар көбіне гибрид түріне қызығушылық танытады.

Фото: autogarage.by

Көлік 1,5 литрлік бензин қозғалтқышы мен электрмотор арқылы жұмыс істейді. Өндіруші көлік бір қуатта 1200 шақырымнан аса жол жүреді деп көрсеткенімен, нақты көрсеткіш бұдан төмен. Соған қарамастан, технологиялық мүмкіндіктері мен заманауи дизайны оны нарықтағы ең танымал модельдердің біріне айналдырған.

Changan CS55 Plus қазақстандықтарға ұнап жатыр

Екінші орынға Changan CS55 Plus жайғасты. Бұл кроссовер ресми автосалондарда да, жеке импорттаушылар арқылы да сатылады. Бағасы шамамен 10-11 миллион теңге аралығында.

Фото: kz.bex-auto.com

Көлік 181 ат күшіне ие 1,5 литрлік турбомотормен жабдықталған. Сонымен қатар Қытайдан әкелінетін жаңартылған нұсқалары да қазақстандықтардың қызығушылығын тудырып отыр.

Kia Sportage әлі де лидерлер қатарында

Kia Sportage үздік үштіктің қатарында. Бұл модель бұрыннан қазақстандықтар арасында ең танымал кроссоверлердің бірі саналады. Нарықта көбіне Қостанайда құрастырылған нұсқалар сатылса, Қытайдан әкелінетін Sportage Ace модельдері де кездеседі.

Фото: kia.com.kz

Бұл нұсқалар сыртқы дизайнымен ғана емес, көлемімен де ерекшеленеді. Көліктің бағасы шамамен 11,7 миллион теңгеден басталады.

Changan CS75 Plus сұранысқа ие болды

Тағы бір Changan моделі – CS75 Plus төртінші орынға жайғасты. Бұл кроссовердің ресми дилерлердегі бағасы шамамен 11,6-14 миллион теңге аралығында.

Фото: autostat.ru

Қарапайым нұсқалары алдыңғы дөңгелек арқылы жүрсе, қымбатырақ түрлері төрт дөңгелегі де тартатын жүйемен және қуатты 2 литрлік қозғалтқышпен жабдықталған. Ал импорт арқылы келген көліктер кейде бұдан да арзанға сатылып жатыр.

Kia Seltos үздік бестікке енді

Ал алғашқы бестікті Kia Seltos қорытындылады. Бұл модель ресми сатылымда да, шетелден жеке жеткізілетін көліктер арасында да жиі кездеседі.

Фото: kz.bex-auto.com

Қазақстанда құрастырылатын нұсқалары 2 литрлік қозғалтқышпен ұсынылады және толық жетекпен де сатылады. Бағасы шамамен 11-13,5 миллион теңге аралығында. Қытайдан келетін түрлері арзандау болғанымен, олардың қозғалтқышы мен жабдықталуы өзгеше.

Қытай көліктеріне қызығушылық неге артты?

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда қазір ресми дилерлік көліктермен қатар Қытайдан жеткізілетін жаңа модельдерге де қызығушылық айтарлықтай өскен.

Әсіресе Changan, Deepal секілді брендтер бұрын тек арзан балама ретінде қарастырылса, бүгінде Hyundai мен Kia-ға тікелей бәсекелес бола бастаған.

Оқи отырыңыз