Жаңалықтар

Топ-10: әлемнің бай елдерінің негізгі ерекшелігі

Топ-10: әлемнің бай елдерінің негізгі ерекшелігі
Фото: El.kz 10.11.2022 10:30 9770

Әлемде 195 тәуелсіз мемлекет бар. Бұл елдердің халқы асып-тасып өмір сүреді деп айта алмаймыз. Алайда заманауи технология арқылы өнімділікті арттырып, соның салдарынан эспорт көлемі артып, жалпы ішкі өнімі жоғары 10 мемлекет бар. Олардың дамудағы негізгі ерекшелігін саралаймыз.    

Фото: tutu.ru

Люксембург – әлемнің қаржылық орталығы

Люксембург Ұлы Герцогтігі деп аталатын ел Еуропаның батысында орналасқан. Бұл оффшорлық аймақ болғандықтан, Люксембург экономикасына үлкен инвестиция салумен сипатталады.

Люксембург – халықаралық трансұлттық ұйымдар мен компаниялардың тіркелуін құптайтын Еуропадағы ең ірі қаржы және туристік орталық. Мұнда екі жүзден астам банк мекемесі мен мыңнан астам инвестициялық қор тіркелді.

ЖІӨ-нің негізгі бөлігі қызмет көрсетуден, қаржыдан және саудадан түскен кірістен тұрады. Сондай-ақ металлургия, болат балқыту, химия өндіріс, ағаш өңдеу және тағы басқасы қарқынды дамығанын айту керек. Люксембург шойын экспорттаушы негізгі елдің бірі. Экспорттық түсімнің басым бөлігі ЖІӨ құрайды, ол – 140 694 АҚШ долларына тең.

Фото: planetofhotels.com

Сингапур – нарық жүйесімен танымал

Ел экономикасы тұрмыстық техника, электроника, фармацевтикалық өнімдер мен қаржылық қызметтер экспортына құрылған.

Сингапурдың Singapore Airlines деп аталатын жеке авиакомпаниясы бар, ол жыл сайын мемлекеттік бюджетке айтарлықтай кіріс әкеледі.

1965 жылы Сингапур Малайзиядан бөлініп шығып, алғашқы жылдары ауыз судың тапшылығын бастан кешірді. Сол жылдары ЖІӨ 320 АҚШ долларынан аз дамыған ел болды. 

Жаһандануды, еркін нарықтық капитализмді, білім беруді және қатаң прагматикалық саясаттарды қолдана отырып, ел өзінің географиялық кемшіліктерін жеңе алды және жаһандық саудада көшбасшы болды.

Сингапур үкіметі биотехнологияға, энергетикаға саласына инвестиция тартып, елде жемқорлықты құрықтап, табысқа жетті. Бүгінде Азиядағы ең бай ел саналады. ЖІӨ – 131 580 АҚШ долларын құрайды.

Фото: planetofhotels.com

Ирландия берекелі ел

1,5 миллионға жуық халқы бар Ирландия өнеркәсіптік және аграрлық ел саналады.

Соңғы жылдары электроника, мультимедиялық және ақпараттық технологиялар, фармацевтика және медицинаға арналған құрал-жабдықтарды өндіруде ілгерілеушілік байқалады.

Машина жасау және электр энергетикасы, сондай-ақ шыны, тоқыма, тамақ, химия, тігін өнеркәсібі қалыпты дамыған.

2015 жылы бұл ел ЖІӨ бұрын-соңды болмаған өсімімен әлем сарапшыларын таң қалдырып, 10 бай елдің қатарына енді.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ – 124 596 АҚШ долларды құрайды.

Фото: vlast.kz

Катар – мұнайлы елден, туристік орталыққа

Катар – Араб түбегінде орналасқан шағын мемлекет. Астанасы – Доха. Бір ғасыр бұрын Катар кедей елдің бірі болды.

1940 жылы мемлекет аумағында мұнай өндіру басталды. Мұнай экспорттаушы Катар бірнеше онжылдықта жалпы ішкі өнім бойынша әлемдегі ең бай ел болды.

Мемлекет газ қоры бойынша әлемдік рейтингте 3-ші орында, сонымен қатар осы пайдалы қазбаның 6-шы ірі экспорттаушысы болып табылады. Газ қоры бойынша Катар Ресей Федерациясы мен Ираннан кейінгі орында.

Статистикаға сәйкес, Катар қара алтынды экспорттаушылар рейтингінде 21-орында.

Бұл елдің экономикасы мұнай мен газ өндіруге негізделген. Пайдалы қазбаларды өндіру жалпы ішкі өнімнің 55 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ тау-кен өндіруден түсетін пайда мемлекеттік бюджетінің 70 пайызын құрайды.

Мұнайға тәуелділікті жою мақсатында инфрақұрылымын дамыту арқылы туристік орталыққа айналды, болат өнеркәсібі, тыңайтқыш және цемент өндірісін дамытуда.

2022 жылы футболдан өтетін Әлем чемпионатын қабылдайтын ел. Демек Катар билігінің туристік орталық болуға ұмтылуы іске асып келе жатқан өміршең жоба деуге болады.

Катардың ЖІӨ деңгейі 112 789 АҚШ долларына тең.

Фото: goodtimetravel.ru

Макао – казино табыстың ошағына айналды

Португалияның бұрынғы колониясы соңғы 20 жылда таңғаларлық деңгейде дамыды. Қытай Халық Республикасының Арнайы әкімшілік аймағында 600 мыңнан асатын халқы және шамамен 30 шаршы шақырым құрайтын 40-тан астам казино бар. Осы казино бизнесі ақша табудың ошағына айналды.

Ковид-19 басталған кезде әлем бойынша саяхат тоқтап, біраз уақытқа дейін Макао тіпті ең бай 10 елдің рейтингінен де түсіп қалды. Бүгінгі күні Макао тізімдегі жан басына шаққандағы сатып алу қабілеті пандемия басталғанға дейінгіден төмен, 2019 жылы шамамен 125,000 долларға, бүгінде 40,000 долларға төмендеген жалғыз ел.

Макао осы уақытқа дейін материктік Қытайдан, Гонконгтан және Тайваньдан келетін туристерге сенді.

2022 жылы Макаоның ЖІӨ – 85 611 АҚШ долларын құрайды.

Фото: planetofhotels.com

Швейцария – туризмі тұрақты дамыған ел

Швейцария Конфедерациясы – экономикасы мықты, тұрақты мемлекеттердің бірі. Ел бұл жағдайға ұзақ мерзімді ақша-несиелік қауіпсіздік саясатының арқасында қол жеткізді. Конфедерация шетелден инвесторларды тартатын банк жүйесімен де танымал.

Бұл елде банктік құпия ұғымы әлемнің басқа елдеріне қарағанда әлдеқайда жақсы дамыған. Өз жинағын Швейцария банктеріне сеніп тапсыру арқылы салымшылар өз капиталына алаңдамайды. Банктер ақша қаражаты мен ақша құралының толық сақталуына кепілдік береді, сондай-ақ осы капиталды қалыптастырудың нақты көзін құпия сақтайды.

Швейцария Конфедерациясы шағын мемлекет, сондықтан оның негізгі өнеркәсібі алтын өндіру, тазарту және өңдеу, машина жасау, тоқыма, жоғары технологиялық және фармацевтика саласында шоғырланған.

Конфедерация жоғары дамыған туризмнің арқасында әлемнің ең бай елдерінің тізіміне енді. Шаңғы курорттары мен тарихи көрнекті орындардың көптігі жыл сайын туристерді тартады, олардан түсетін кіріс Швейцария мемлекеттік бюджетінің 70 пайызын құрайды. ЖІӨ – 84 658 АҚШ долларын құрайды.

Фото: sunna.kz

БАӘ – әрбір оныншы тұрғыны миллионер

1950 жылдарға дейін БАӘ елеусіз елдің бірі болды. Бұл балық аулаумен, інжу-маржан аулаумен айналысатын кедей мемлекет еді. 1962 жылы мұнай экспорттай бастады. 1973 жылы мұнай құнының қымбаттауымен «байы» бастады. Мұнай өнімдерінің басым бөлігі Жапонияға, Батыс Еуропаға және Америкаға жөнелтіледі.

Біріккен Араб Әмірліктері 25 жылдың ішінде мұнай мен туризм саласын дамыта алды. Бүгінде жоғары сапалы қызметпен, сондай-ақ сауда жасауға арналған көптеген әлемдік брендтік дүкендерімен, сұранысқа ие курорттық аймақтарымен танымал.

Статистикаға сәйкес, бұл елдің әрбір оныншы тұрғыны миллионер. ЖІӨ туризм мен мұнай өнеркәсібінен түскен кірістің арқасында қалыптасып, 78 225 АҚШ долларына тең.

Фото: atorus.ru

Норвегия – Скандинавия түбегіндегі қуатты ел

Норвегия Корольдігі табиғи газ өндіруге маманданған. 1971 жылы газ өнеркәсібі басталды. Газдан басқа елде мұнай да өндіріледі, оның кірісі Норвегияның мемлекеттік бюджетінің 30 пайызын құрайды.

Норвегия ең бай елдердің тізіміне қара алтын өндірудің арқасында ғана кірді. Елде ағаш өңдеу саласы белсенді дамып келеді. Темір, магний, титан, алюминий экспорттаушы ел болып табылады.

Норвегияның қомақты табысы балық өндіру мен өңдеуден келеді. Бұл елдің ЖІӨ – 77 808 АҚШ долларын құрайды.

Фото: bigasia.ru

Бруней сұлтандығындағы серпілістің сыры

Ресми түрде бұл мемлекет Бруней-Даруссалам деп аталады. Бұл ел сұлтандық, яғни қорғаныс министрі, дін басшысы және үкімет басшысы бір адам – сұлтан. Дәстүр бойынша үкіметтегі барлық қызметті Сұлтанның туыстары атқарады.

Бруней Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы және Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Брунейдің барлық дерлік экономикасы мұнай мен сұйытылған газды өндіру мен экспорттауға негізделген.

2008 жылы ел экономикалық дағдарысқа ұшырады. Өндіріс көлемі күрт төмендеді, бірақ 2010 жылы Бруней үкіметі жағдайды тұрақтандыра алды. Сұлтандық метанол өндіретін зауыт ашу туралы шешім қабылдады.

Брунейдегі ЖІӨ деңгейі жылына 74 953 АҚШ долларын құрайды.

Фото: uatraveller.com

Сан-Марино – мемлекет ішіндегі мемлекет

Сан-Марино Республикасы туралы осылай деуге болады. Өйткені бұл ел Италиямен қоршалған және түбектің Апеннин тауларының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Ел аумағы небәрі 61 шаршы шақырымды құрайды, ал халық саны – 30 000 адам. Бұл әлемдегі ең кішкентай және ең бай елдердің бірі. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің үлесі 70 139 долларды құрайды.

Елдің байлығы негізінен экономикалық тұрақтылықпен, әлемдегі жұмыссыздық деңгейінің ең төмендігімен, мемлекеттік қарыздың жоқтығымен және мемлекеттік бюджеттің оң сальдосымен байланысты.

Жыл сайын елге екі миллионнан астам турист келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға