Зарина патшайымның есімі көне эпос сияқты естіледі. Алайда оның өмір жолы бізге сақтардың өз жазбалары арқылы емес, грек авторларының еңбектері, аңызға айналған әңгімелер арқылы жеткен. Сондықтан Зарина тарих пен аңыздың тоғысқан тұсында тұрған ерекше кейіпкер саналады.
Кейбір зерттеушілер оны мифтік тұлғаға баласа, енді біреулері Еуразия көшпелілері арасындағы әйел жауынгерлер дәстүрінің нақты көрінісі деп есептейді. El.kz интернет порталы Зарина патшайым туралы белгілі деректерге шолу жасайды.
Зарина кім болған?
Зарина немесе грек деректеріндегі Заринея (Zarinaia) көбіне сақтардың патшайымы ретінде сипатталады. Сақтар – Орталық Азия мен Еуразия даласының ұлан-ғайыр аумағын мекендеген ирантілдес көшпелі тайпалар бірлестігі.
Ираника энциклопедиясында Зарина мидиялық патша Астибар дәуірінде өмір сүрген аңызға айналған сақ патшайымы ретінде аталады. Ғалымдардың пікірінше, ол туралы мәліметтердің барлығы дерлік грек тарихшысы Ктесийдің еңбектерінен тараған. Ктесий бұл аңызды парсы сарайында естіген ирандық дәстүр негізінде жазып қалдырған болуы мүмкін.
Антикалық деректерде Зарина әрі билеуші, әрі жауынгер ретінде суреттеледі. Оның сұлулығы, әскери ерлігі және ел басқарудағы қабілеті ерекше аталады. Аңыз бойынша, ол жауларын жеңіп, қалалар тұрғызып, халқының әл-ауқатын жақсартуға күш салған.
Дегенмен тарихшылардың қолында Заринаның өмірбаянын толық дәлелдейтін деректер жоқ. Оның аты жазылған жазбалар, теңгелер, сарай құжаттары немесе нақты археологиялық олжалар әзірге табылған емес. Сондықтан бүгінге жеткен мәліметтердің барлығы кейінгі кезеңдегі тарихи баяндаулар мен аңыздарға сүйенеді.
Сақтар және көне дала мәдениеті
Зарина туралы түсінік қалыптастыру үшін ол өмір сүрген ортаға назар аудару қажет. Сақтар Еуразиядағы ұлы көшпелі өркениеттің бір бөлігі болды. Олар қазіргі Қазақстан, Орталық Азия, Шығыс Түркістан және көршілес өңірлерді мекендеген.
Тарихта «сақтар» атауы б.з.д. VIII ғасырдан бастап біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларына дейін қазіргі Қазақстан мен Орталық Азия аумағында өмір сүрген көптеген тайпаларға қатысты қолданылған. Бұл халықтар атқа міну мәдениетін жетілдіріп, әскери шеберлігімен, алтын өңдеу өнерімен және кең даланы игеруімен ерекшеленді.
Көшпелі қоғамда әйелдердің орны отырықшы өркениеттермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болғаны жөнінде көптеген дерек бар. Сондықтан әйел билеуші немесе жауынгер туралы әңгімелер сақтар үшін тосын құбылыс саналмайды. Осы тұрғыдан алғанда, Зарина бейнесі Еуразия даласындағы әйелдердің қоғамдық және әскери рөлін көрсететін тарихи дәстүрдің бір көрінісі болуы мүмкін.
Қазақстанның тарихи жадында сақтар ерекше орын алады. Олар қорғандармен, «аң стиліндегі» өнермен, даладағы алғашқы мемлекеттік құрылымдармен, әскери мәдениетпен, жылқы өсіру дәстүрімен және еркін көшпенді бейнесімен байланыстырылады.
Сақ тайпалары туралы тарихи әңгімелерде белгілі билеушілердің қатарында парсы патшасы Кирді жеңген Томирис патшайым да аталады. Бұл сақ әлемі туралы деректердегі әйелдердің әскери көшбасшылығы кездейсоқ құбылыс емес екенін көрсетеді.
Зарина мен Томирис тарихы бірдей болғандықтан қатар аталмайды. Екі тұлға да көне дала дәстүрінде әйел адамның тек әулет ұйытқысы ғана емес, мемлекет билеушісі, әскер басшысы әрі саяси ерік-жігердің символы бола алатынын айғақтайды.
Алтынмен байланыстырылатын есім
Зарина есімінің өзі де терең мағынаға ие. Ираника энциклопедиясында грекше Zarinaia атауы ежелгі иран тіліндегі «алтын» ұғымымен байланысты түбірден шыққан.
Бұл сақ мәдениеті үшін ерекше мәнге ие. Өйткені алтын тек әшекей бұйым емес еді. Ол биліктің, киелі мәртебенің, элитаға жатудың және аспан әлемімен байланыстың белгісі саналған.
Антикалық деректерде Заринаның өмірі сақтар, парфиялықтар және мидиялықтар арасындағы соғыс оқиғаларымен сабақтастырылады.
Ираника энциклопедиясында дерегіне сәйкес, Зарина сақ патшасы Кидрейдің әрі қарындасы, әрі жұбайы болған. Кидрей қайтыс болғаннан кейін ол парфия патшасы Мармарға тұрмысқа шығады.
Мидиялықтармен болған соғыс кезінде Зарина жараланып, оны мидиялық қолбасшы Стриангей қуады. Алайда патшайымның өтініші бойынша ол Заринаның өмірін сақтап қалады.
Кейін Стриангейдің өзі Мармардың қолына тұтқынға түскенде, Зарина оны құтқарып қалады. Аңыз бойынша, осы оқиғадан кейін ол күйеуі Мармарды өлтіріп, өз иеліктерін мидиялықтарға береді.
Бұл сюжетте соғыс, адалдық, махаббат және билік үшін күрес қатар өріліп, көне дәуірдің қаһармандық эпостарына тән оқиға желісін қалыптастырады.
Бұл оқиғада антикалық әдебиет сүйіп суреттейтін барлық дерлік элементтер бар: әскери ерлік, саяси таңдау, жеке сезім, адалдық пен сатқындық.
Ежелгі тарихшы Николай Дамасский Стриангейдің Заринаға деген махаббаты туралы егжей-тегжейлі баяндаған. Оның жазуынша, Стриангей патшайымға көңіл білдіргенімен, Зарина оның ұсынысын қабылдамай, ерлі-зайыптылық адалдықты еске салады. Осыдан кейін Стриангей оған қоштасу хатын жазған.
Әйел жауынгер бейнесі
Зарина бейнесі көбіне сақтар мен скифтер арасындағы әйел жауынгерлер тақырыбымен байланыстырылады. Дала өңірлеріндегі археологиялық зерттеулер қару-жарақпен бірге жерленген әйелдердің қабірлері шынымен болғанын көрсетеді.
Сондықтан Зарина тек жеке тұлға ретінде ғана маңызды емес. Ол әйел адамның халықтың әскери және саяси жадында патшаның жанындағы сәндік тұлға ретінде емес, дербес күш иесі ретінде көріне алған кең мәдени дәстүрдің көрінісі болып саналады.
Заринаның кесенесі: дала аңызындағы пирамида
Зарина туралы әңгіменің ең әсерлі тұстарының бірі – оның қайтыс болғаннан кейінгі құрметке ие болуы.
Ежелгі автор Диодордың жазуынша, халық патшайымның құрметіне алып пирамида тәрізді кесене тұрғызған. Бұл мәлімет көшпелі дала мәдениеті тұрғысынан ерекше қызығушылық тудырады.
Еуразия көшпелілерінде марқұмды еске алудың басты ескерткіші көбіне қорған болған. Яғни жерден немесе тас пен топырақтан үйілген үлкен оба түріндегі жерлеу құрылыстары кең тараған.
Антикалық автор үшін мұндай алып құрылыс «пирамидаға» ұқсап көрінуі немесе өзіне таныс сәулеттік ұғымдар арқылы сипатталуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде Мысырдағыдай пирамида даланың ортасында тұрды деп елестетудің қажеті жоқ. Зерттеушілердің пайымдауынша, сөз биік қорған немесе көлемі жағынан ерекше әсер қалдырған монументалды жерлеу кешені туралы болуы ықтимал.
Тарих па, әлде аңыз ба?
Зарина шын мәнінде өмір сүрген бе? Бұл сұраққа нақты жауап беру әзірге мүмкін емес.
Ираника энциклопедиясында оны аңызға айналған патшайым деп сипаттайды және ол туралы мәліметтердің грек дәстүрі арқылы, негізінен Ктесий еңбектерінен жеткенін атап көрсетеді.
Ктесий Парсы сарайында қызмет еткен грек дәрігері әрі Шығыс халықтары туралы шығармалар жазған автор болған. Алайда оның еңбектері толық сақталмаған, бізге тек кейінгі авторлардың үзінділері мен қайта баяндаулары арқылы жеткен.
Сол себепті бұл деректерге сақтықпен қарау қажет. Өйткені онда сақ билеушілері туралы тарихи естеліктер, ирандық аңыздар, сарайлық хикаялар және әдеби өңдеулер араласып кеткен болуы мүмкін.
Алайда аңыздық сипат Заринаны мәдени тұрғыдан «болмаған тұлғаға» айналдырмайды. Көне тарих үшін бұл қалыпты құбылыс саналады: ерте дәуірдегі көптеген кейіпкерлер құжат пен мифтің арасында өмір сүреді. Кейде аңыздың түбінде нақты өмір сүрген билеуші тұрса, кейде бірнеше әйел тұлғаның жинақталған бейнесі, ал кейде биліктің мінсіз үлгісі жатады.
Дала пантеонындағы екі патшайым
Көпшілік санасында Зарина көбіне Томириспен қатар аталады. Екеуі де сақтармен байланысты, екеуі де билеуші әрі жауынгер ретінде сипатталады, сондай-ақ көне даладағы әйел күшінің символы ретінде қабылданады.
Дегенмен олардың арасында айырмашылық бар.
Томирис ең алдымен ежелгі тарихшы Геродоттың еңбектері арқылы танылып, парсы патшасы Ұлы Кирді жеңуімен белгілі. Ал Зарина туралы мәліметтер Ктесий, Диодор және Николай Дамасскийдің еңбектері арқылы жеткен. Оның тарихы парсылардың жаулап алуымен емес, мидиялықтармен болған соғыстар және парфиялық ортадағы оқиғалармен байланысты.
Егер Томирис халықты басқыншыдан қорғаған, әділдік пен кек символы болса, Зарина күрделі саясаттың, дипломатияның, жеке таңдаудың және елді өркендеткен билеуші туралы жадтың көрінісі ретінде қабылданады.
Қазақ қоғамы Заринаны біле ме?
Қазақстан үшін Зарина –Ұлы даланың терең тарихы туралы әңгіменің бір бөлігі.
Оның бейнесі өңір тарихының тек кейінгі ортағасырлық жазба мемлекеттерден басталмайтынын және алып империялардың шеткері аймағымен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Керісінше, дала өз алдына дербес тарихи кеңістік болған. Мұнда өзіндік элиталар, әскери одақтар, ерекше мәдени стильдер мен саяси аңыздар қалыптасты.
Сондықтан Зарина туралы әңгіме – тек бір патшайымның тағдыры емес, көшпелі өркениеттің тарихи жадын танудың бір жолы.
Зарина бізге нақты портрет ретінде емес, тарихтың көмескі сәулесі ретінде жетті.
Біз оның жүзін білмейміз. Астанасының нақты қай жерде болғанын білмейміз. Қандай қалаларды шынымен салдырғанын және кесенесінің қай жерде орналасқанын да дәл айта алмаймыз.
Алайда антикалық авторлардың жадында ол әскери даңққа ие, елді өркендеткен және халқы құрметтеген билеуші ретінде сақталып қалды.
Бұл белгісіздік оның маңызын кемітпейді. Керісінше, Зарина бейнесін одан әрі әсерлі етеді. Өйткені ол тарихи факт пен мифтің шекарасында өмір сүретін тұлғалардың қатарына жатады.
Мұндай кейіпкерлер дайын жауап бермейді. Бірақ олар адамзатты өткеннің терең қатпарларына жетелеп, көне тарихтың есігін айқара ашады.
Зарина – ежелгі аңыздардағы сақ патшайымы ғана емес. Ол – дала тарихының күрделі, сан қырлы болғанының және онда әйелдердің де айрықша орны болғанының белгісі.
Оның есімінен алтынның жарқылы сезілсе, өмір жолынан соғыс пен биліктің ізі байқалады, ал аңызынан әйел адамның билеушінің көлеңкесі емес, тұтас бір халықтың тағдырын айқындай алатын тұлға болғанын көруге болады.