Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) халықаралық бақылаушылар миссиясы Қазақстандағы Құрылтай депутаттарының сайлауына жоғары баға берді. Миссияның қорытындысына сәйкес, дауыс беру ел заңнамасы мен халықаралық талаптарға сай өткен. Бұл туралы Халықаралық бақылаушыларға қолдау көрсету орталығындағы брифингте ТМҰ делегациясының басшысы, ұйым Бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев мәлімдеді.
Миссия Қазақстанда жаңа бір палаталы заң шығарушы орган – Құрылтайдың жасақталуы мен оның алғашқы сайлауын оң бағалады. ТМҰ бақылаушыларының айтуынша, бұл – Қазақстандағы саяси институттарды жетілдіру жолындағы елеулі қадам болып отыр.
Бақылаушылардың пікірінше, Құрылтайдың алғашқы сайлауы азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді түрде араласуына мүмкіндік беріп, жаңа өкілді органға деген сенімді арттырады.
Дауыс беру күні миссия мүшелері екі топқа бөлініп, Астанадағы №194 және №228 сайлау учаскесінің ашылуын қадағалаған. Олардың мәліметінше, қос учаске де өз жұмысын Қазақстанның сайлау заңнамасында белгіленген тәртіпке сай жүргізген.
Жалпы миссия мүшелері сайлау күні 33 учаскені аралаған. Бақылауында болған учаскелерінде олар мемлекеттік және құқық қорғау органдарының сайлау барысына араласқанын мүлде байқамаған.
Сондай-ақ, ТМҰ өкілдері азаматтардың еркін дауыс беруіне барлық жағдай жасалғанын мәлімдеді.
Миссия мүшелері Астанадағы №129 сайлау учаскесінің жабылуын және дауыс санау барысын да бақылады. Олардың мәліметінше, бюллетеньдер заңда белгіленген тәртіппен саналып, дауыс беру қорытындысы жарияланған.
Миссия сайлау қорытындысына ықпал ететін заң бұзушылықтарды анықтаған жоқ. Біз барған учаскелерде қоғамдық тәртіп толық сақталды, – деді Нуру Гулиев.
ТМҰ байқаушыларының айтуынша, сайлау комиссиялары халықаралық және жергілікті бақылаушыларға учаскелерді еркін аралап, дауыс беру барысын кедергісіз қадағалауға мүмкіндік берген. Соның арқасында сайлау барысы шетеледен келген бақылаушылар үшін ашық болды.
Сондай-ақ, олар сайлау учаскелерінен заңға қайшы үгіт-насихат материалдарын байқамаған. Сайлаушылардың таңдауына ықпал ету, белгілі бір кандидатқа дауыс беруге шақыру әрекеттері де тіркелмеген.
Сөз соңында ТМҰ-ның халықаралық бақылаушылар миссиясы Қазақстандағы Құрылтай депутаттарының сайлауы ел заңнамасы мен халықаралық талаптарға толық сәйкес өтті деген жоғары баға берді.
Миссия Қазақстан халқын сайлаудың сәтті өтуімен құттықтады. ТМҰ өкілдері сайлау қорытындысы елдегі тұрақтылық пен өркендеуге, сондай-ақ түркі әлеміндегі бауырластық байланысты одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.