Түркістан қаласында 4-7 маусым аралығында байдарка мен каноэде ескек есуден U18 бен U23 жас санатында және параканоэден VI Азия чемпионаты өтеді. Бәсекеге әзірге 17 мемлекеттен 350-ден астам ескек есу шебері тіркелген.
Ескек есу спорты түрлерінен Ұлттық федерацияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан спорттың осы түрінен құрлық жарысын алғаш рет қабылдайды.
Ескекшілер сайысы жаңадан ашылған «Ескек есу» арнасында өтеді. Орта Азияда теңдесі жоқ бұл спорт кешені ICF (Халықаралық байдарка және каноэ федерациясы) және FISA (Халықаралық академиялық есу федерациясы) стандарттарына толық сай келеді. Бірнеше бағытта қызмет атқарады. Арнаның ұзындығы – 2222 метр.
Жарыс барысында байдарка мен каноэден U18 жас санатында 22 дисциплинада, U23-те 25 дисциплинада, ал параканоэден 20 бағдарламада жүлде сарапқа салынады.
Азия чемпионатын ұйымдастыру біз үшін зор жауапкершілік әрі бір қадам нық серпіліс. Қазір негізгі дайындық жұмысы аяқталды. Бізде барлық халықаралық талапқа сай келетін ескек есу арнасы бар. Мұндай кешен бізге кез келген деңгейдегі жарысты өткізуге мүмкіндік береді. Соны барынша тиімді пайдалануымыз керек. Тағы бір маңызды жайт, Азия чемпионаты елімізде байдарка мен каноэде ескек есу спортын ілгерілетуге тағы жол ашады. Бізге жарысты ұйымдастыруға көмектесіп жатқан барлық тарапқа алғысымды білдіремін,-деді Ескек есуден Қазақстан Ұлттық федерациясының Бас хатшысы Әділет Құсманов.
Жарыс Туризм және спорт министрлігі, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып жатыр. Азия чемпионатын өткізу – алдағы уақытта байдарка мен каноэде ескек есу спортының бұқаралық сипат алуына, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі имиджін нығайтуға септігін тигізеді. Ел намысын қорғайтын спортшылар туралы мәлімет тіркеу аяқталған кезде белгілі болады.
Еске сала кетейік, былтыр U18 және U23 Азия чемпионаты жазда Таиландтың Паттайя қаласында 16 елдің қатысуымен өткен. Қазақстан командасы барлығы 12 алтын, 12 күміс пен 7 қола медаль жеңіп алған. Атап айтқанда, 23 жасқа дейінгі санатта Стелла Суханова байдаркада есуден 4 дүркін чемпион атанса, Сұлтан Шарапиев (U18) 3 мәрте алтыннан алқа тақты.