ТМД ақпарат агенттіктері туризмді насихаттауды күшейтпек

ТМД ақпарат агенттіктері туризмді насихаттауды күшейтпек
Фото: El.kz архиві

ТМД елдерінің ақпарат агенттіктері туристік бағыттағы контент алмасуды жүйелі түрде жолға қоюды жоспарлап отыр. Бұл мәселе Ыстықкөлде өткен ТМД Мемлекеттік ақпарат агенттіктері басшылары кеңесінің XXXV отырысында талқыланды.

Жиын барысында Kazinform агенттігінің басқарушы директоры Нағашыбек Алдан ТМД елдерінің туристік әлеуетін өзара насихаттауды күшейтуді ұсынды.

Оның пікірінше, ақпарат агенттіктері арасында туристік материалдар алмасуды тұрақты негізге көшіру үшін осы бағытқа жауапты арнайы үйлестірушілерді бекіткен жөн. Ол Қазақстанда туризм тақырыбын ақпараттық тұрғыда ілгерілету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. 

Ақпарат агенттіктерінің ресурстары мол және олардың әрқайсысы өз еліндегі жетекші медиаресурстардың бірі саналады. Біз Қазақстандағы туристік бағыттар туралы әзірленген контентті ТМД елдеріндегі әріптестерімізбен бөлісуге дайынбыз. Бұл жұмысқа жауапты үйлестірушілерді белгілеу ақпарат алмасуды жүйелі әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді, – деді Нағашыбек Алдан.

ТМД елдерінің туристік мүмкіндіктері толық таныстырылмай отыр

ТАСС бас директоры Андрей Кондрашов бұл ұсынысты қолдады. Оның айтуынша, ТМД мемлекеттерінің туристік әлеуеті жоғары болғанымен, көршілес елдердің тұрғындары көптеген туристік бағыттар туралы әлі де жеткілікті ақпарат біле бермейді.

Оның пікірінше, ақпарат агенттіктері арасындағы тұрақты ынтымақтастық тарихи орындардан бастап заманауи туристік кластерлерге дейінгі нысандарды кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.

Біз бір-біріміз үшін бұрын өзіміз де біле бермеген туристік мүмкіндіктерді ашып жатырмыз. Көршілес елдердің тұрғындары ТМД мемлекеттеріндегі туристік орындарға қызығушылық танытуда. Сондықтан бұл бағыттағы ақпараттық жұмысты одан әрі күшейту қажет, – деді Андрей Кондрашов.

Қырғызстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын насихаттауға шақырды

Жиында Қырғызстанның «Кабар» ақпарат агенттігінің директоры Медербек Шерметалиев те туристік және мәдени іс-шараларды ақпараттық қолдау мәселесіне тоқталды.

Оның айтуынша, Қырғызстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр. Осыған байланысты ол ТМД елдерінің ақпарат агенттіктерін халықаралық жарысты кеңінен насихаттауға шақырды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – халықаралық маңызы бар ірі шара. Оның Қырғызстаннан тыс жерлерде де кеңінен таныстырылуы біз үшін маңызды. ТМД елдерінің ақпарат агенттіктері жарыс туралы жаңалықтар мен репортаждарды тұрақты жариялап отырса, бұл үлкен қолдау болар еді, – деді Медербек Шерметалиев.

Кездесуге қатысушылар туристік контентті тұрақты түрде өзара алмасудың тиімділігін атап өтті. Мұндай ынтымақтастық ТМД мемлекеттерінің тұрғындарына көршілес елдердегі жаңа туристік бағыттар мен нысандар туралы көбірек ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде ақпараттық қолдаудың артуы туристік бағыттардың танымалдығын көтеріп, елдер арасындағы туристік ағынның өсуіне ықпал етуі мүмкін.

Оқи отырыңыз