Қазақстанда стоматологиялық қызмет соңғы жылдары қалтаға ауыр соғатын шығынға айналды.
Сарапшылардың айтуынша, мәселе бағаның қымбаттауында ғана емес. Әдетте тіс ауырған адамдардың көпшілігі соңына дейін созып, дер кезінде емделмейді, өз құқықтарын білмейді және клиникадағы сметаны түсінбей қалады. Салдарынан қарапайым емнің өзі кейін бірнеше есе қымбатқа түсуі мүмкін.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың үшінші тоқсанында бір үй шаруашылығының стоматологиялық емге жұмсаған шығыны өткен жылмен салыстырғанда 30,9 пайыз өскен. Ал ақылы стоматологиялық қызмет көлемі 224,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Қазір стоматология қазақстандықтардың денсаулыққа жұмсайтын жалпы шығынының шамамен 28 пайызын құрайды. Мамандар мұны адамдардың тісті жиі емдетуімен емес, ауруды асқындырып барып қаралуымен байланыстырады.
Кейінге қалдырылған ем – қымбат ем
Стоматологиядағы ең үлкен қателіктің бірі – емді кейінге қалдыру. Мәселен, тіс жегі енді басталғанда оны 20-30 мың теңгеге емдеуге болады. Бірақ уақыт өткізіп алсаңыз, ол пульпитке айналады. Ал пульпитті емдеу құны 40-90 мың теңгеге дейін жетеді.
Егер ол да еленбесе, мәселе тіпті күрделене түседі: тіс жұлынып, кейін имплант қажет болуы мүмкін. Ал бір имплант бағасы 80 мыңнан 240 мың теңгеге дейін барады. Бұған қоса, коронка үшін тағы 60-120 мың теңге төлеуге тура келеді.
Тіс емін отбасылық бюджетке қосып қойыңыз
Мамандар стоматологияны алдын ала жоспарланатын тұрақты шығын ретінде қарастыру керек дейді.
Төрт адамнан тұратын отбасы үшін шамамен мынадай жылдық бюджет қажет:
ересектерге жылына екі рет профилактикалық тазалау – 60-80 мың теңге;
балалардың тексеруі мен емі – 30-50 мың теңге;
күтпеген емге арналған қор – 100-150 мың теңге.
Осылайша, отбасының жылдық стоматологиялық бюджеті орта есеппен 200-280 мың теңгені құрайды. Бұл айына шамамен 17-23 мың теңге жинау деген сөз.
Ақша жетпесе, алдымен нені емдеу керек?
Егер қаржы шектеулі болса, емді дұрыс басымдықпен жоспарлау маңызды.
Бірінші кезекте ауырсыну мен қабынуды емдеу қажет. Жедел ауырсыну, іріңдеу немесе сынған тіс күттірмейді.
Екінші кезекте – тіс жегі. Себебі уақыт өте келе ол пульпитке айналып, шығынды арттырады.
Ал үшінші маңызды мәселе – профилактикалық тазалау. Оның бағасы 15-25 мың теңге аралығында болғанымен, дәл осы процедура ірі шығындардың алдын алады.
Қандай стоматологиялық қызметтер тегін?
Көпшілік біле бермейтін маңызды жайт – стоматологиялық көмектің бір бөлігі МӘМС арқылы тегін көрсетіледі.
- Жоспарлы стоматологиялық көмек:
- 18 жасқа дейінгі балаларға;
- жүкті әйелдерге тегін.
Оларға қаралу, тіс жегін емдеу, пломба қою, пульпитті емдеу, тіс жұлу және анестезия қызметтері кіреді.
Ал шұғыл көмек зейнеткерлерге, мүгедектігі бар азаматтарға, көпбалалы аналарға және бірқатар әлеуметтік санаттарға көрсетіледі.
Бұл үшін емханаға жолдама қажет емес. Тек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасаған клиникаға жүгіну жеткілікті.
Клиника сметасын қалай оқу керек?
Стоматологияда ем басталмас бұрын клиника толық ем жоспары мен жазбаша смета ұсынуға міндетті. Егер баға тек ауызша айтылса, міндетті түрде жазбаша нұсқасын сұраған жөн.
Сметада мыналар нақты көрсетілуі керек:
- қандай тіс емделеді;
- қандай материал қолданылады;
- анестезия бағасы;
- рентген мен диагностика құны;
- кепілдік мерзімі.
Егер смета тым қымбат көрінсе, бірден келісе салмау керек. Мұндай жағдайда екінші маманның пікірін алу артық болмайды.
Қай жерде үнемдеуге болмайды?
Мамандар бірнеше нәрседен үнемдеудің қауіпті екенін ескертеді:
- рентген мен диагностика;
- сапалы пломба материалдары;
- анестезия;
- балалар стоматологиясы.
Әсіресе сүт тістерін емдемеу кейін ортодонтиялық мәселелерге әкелуі мүмкін.
Қай жерде үнемдеуге болады?
Үнемдеудің тиімді жолдары да бар:
балаларды МӘМС арқылы тегін емдету;
бірнеше клиниканың бағасын салыстыру;
оқу клиникаларына жүгіну;
емді кезең-кезеңімен жасау;
тұрақты профилактика жасату.
Мамандардың айтуынша, дәл профилактика – стоматологиядағы ең тиімді инвестиция.
Қазақстанда стоматологиялық қызмет бағасы арзандамайды. Керісінше, шығын көлемі жыл сайын өсіп келеді. Дегенмен тұрақты түрде тексеріліп, жағдайдың ушығып кетпеуін қадағаласаңыз, онда біраз қаржыны үнемдеуге болады.
Сондықтан мамандар қазақстандықтарға үш қарапайым қадам ұсынады:
Балаларға арналған МӘМС мүмкіндігін пайдалану;
Жылына екі рет профилактикалық тазалаудан өту;
Ай сайын стоматологиялық қорға ақша жинау.