Самарқандта өткен Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) Бас ассамблеясында ұйымның жаңа президенті сайланды. Екінші тур қорытындысы бойынша Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов 110 дауыс жинап, Вадим Розенштейннен басым түсті. Бұл туралы El.kz интернет порталы жазды.
Осылайша, тарихта алғаш рет FIDE ұйымын Қазақстан өкілі басқаратын болды. Тимур Турлов сайлауға бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Анандпен бірге қатысты. Ананд FIDE президентінің орынбасары қызметіне сайланды.
Сайлаудың бірінші турында Тимур Турлов 96 дауыс жинап, жеңіске бір дауыс жетпей қалды. Екінші турға ең көп дауыс алған екі кандидат - Тимур Турлов пен Вадим Розенштейн өтті. Қорытынды кезеңде қазақстандық кандидат 110 дауысқа ие болса, қарсыласына 85 делегат дауыс берді.
Сайлау алдындағы сөзінде Тимур Турлов FIDE-нің ұлттық федерациялар мен шахмат ойнайтын адамдар үшін жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, шахмат тек чемпиондар мен ірі турнирлерден тұрмайды, бұл ең төменгі деңгейден басталатын ауқымды қозғалыс.
Турлов Қазақстандағы шахматты дамыту тәжірибесіне де тоқталды. Оның айтуынша, 2023 жылдан бері «Шахмат білім беруде» жобасы 42 мектептен 2,5 мыңнан астам мектепке дейін кеңейген. Сонымен қатар қазақстандық шахматшылар жүздеген медаль жеңіп, әйелдер құрамасы Будапешттегі Олимпиадада күміс жүлдеге ие болған. Қазақстанда әлем чемпионатының матчы, рапид және блицтен әлем чемпионаты және басқа да халықаралық жарыстар ұйымдастырылды.
Жаңа FIDE президентінің бағдарламасында шахматты дамытуға арналған төрт жылдық 28 млн долларлық қор құру, ұлттық федерацияларға қолдау көрсету және жылына 1,5 млн доллар көлемінде медиа қорын қалыптастыру ұсынылған. Сонымен қатар ол FIDE-ні заманауи цифрлық ұйымға айналдыруды көздейтінін айтты.
Тимур Турловтың айтуынша, оның басты мақсаттарының бірі – әлемнің түкпір-түкпіріндегі шахмат қауымдастығын біріктіру және федерациялар арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейту.
Мен FIDE-ге қазақстандық тәсілді алып келгім келеді: барлығымен өзара құрмет негізінде сөйлесіп, ең күрделі мәселелердің өзіне ортақ шешім табу, - деді ол.
Өз кезегінде Вишванатан Ананд шахмат әлемінде талант барлық жерде бар болғанымен, мүмкіндік бірдей емес екенін атап өтіп, осы мәселені шешуде шахматтың рөлі зор екенін айтты.
Енді Тимур Турлов пен Вишванатан Ананд FIDE аясында төрт жыл бойы жаңа бағдарламаларын жүзеге асырады.